Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

Жыл басынан бері із-түзсіз жоғалған маңғыстаулық 14 адам үйлеріне оралды

591 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы бойынша Криминалдық полиция басқармасының қылмыстық іздестіру қызметкерлері 2020 жылдың 18 және 19 наурыз аралығында «Іздеу» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізеді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері із-түзсіз жоғалған маңғыстаулық 14 адам үйлеріне оралды

Іс-шараның мақсаты – анықтау, тергеу, прокуратура және сот органдарынан жасырынған айыпталушыларды, сезіктілер мен сотталған азаматтарды іздестіру, сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды анықтау.

Тәртіп сақшылары еріктілермен бірге тұрақты түрде іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Әрбір өңірде полицияның ерікті іздеушілермен ерекше байланысы бар. Еріктілер іздеу үшін таптырмас күш болып табылады.

Жыл басынан бері Маңғыстау облысының аумағында азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалуының 15 фактісі тіркелді. Олардың ішінде хабар-ошарсыз кеткендердің 14-і анықталды.

Мысалы, 3 наурызда үйден шығып кеткен Басқұдық ауылының тұрғыны азамат М. криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында Ақтау қаласының көшесінде табылды.

14 наурызда Ақтау қаласында тұратын Р. есімді азаматша үйден кетіп, оралмаған. Криминалдық полиция қызметкерлері аталған азаматтың орналасқан жерін анықтады. Ол қаладағы қонақ үйлердің бірінен аман-есен табылды.

20 ақпанда Мұнайлы ауданы Атамекен ауылының А. есімді азаматшасы үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Кейіннен ол Маңғышлақ ауылынан табылды.

Барлық азаматтар полиция қызметкерлерінің табандылығы мен нақты іс-қимылдарының арқасында табылды.

 

Маңғыстау облысы