Наурызнама • Бүгін, 08:55

Наурыздың рухын асқақтатқан ән

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда…»
Көктемнің лебін сезді­ріп, көңілге қуаныш ұялата­тын осы бір әуезді жолдарды естіген сәтте әр қазақтың жүрегінде ерек­ше бір сезім оянады. Өйткені бұл ән – тек әуен ғана емес, ол – халықтың жаны, дәстүрі, тарихы мен рухының үні.

Наурыздың рухын асқақтатқан ән

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, уақыт өткен сайын мәні арта түсіп, әр көктем сайын жаңғырып, халқымен бірге жасарып келе жатқан «Наурыз-думан» әні бүгінде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының рухани бойтұмарына айналып үлгерді. Айтулы туындының өмірге келуі – қазақ өнеріндегі сирек кездесетін шығармашылық үндестіктің жарқын үлгісі. Ақын Мұқағали Мақатаевтың терең ойға толы кестелі сөзі, композитор Талғат Сарыбаевтың ұлттық бояуы қанық әуені және оны халық жүрегіне жеткізген Роза Рымбаеваның шынайы орындауы – осының бәрі бірігіп, қазақ музыкасының алтын қорына енген ғажайып туындыны дүниеге әкелді. Шығармашылық үштіктің үйлесімі «Наурыз-думанға» айрықша тағдыр сыйлады.

Бұл әннің тарихы өткен ға­сырдың соңындағы ұлттық рухтың қайта жаңғыру кезеңі­мен тығыз байланысты. 1980 жылдардың соңында халқы­мыздың ежелгі дәстүрі – Наурыз мейрамы қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен тойлана бас­тады. Ұзақ уақыт бойы көмескі тартып қалған ұлттық мерекенің қайта оралуы халықтың жүрегіне ерекше қуаныш сыйлады. Дәл осындай тарихи сәтте Наурыздың рухын асқақтатып, мерекенің шынайы мәнін жеткізетін жаңа әннің дүниеге келуі заңдылықтай еді.

Әйгілі әннің туу тарихын тереңірек білгіміз келіп, туын­дының алғашқы орындаушысы һәм өмірге келуіне себепкер болған әнші, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Роза Рымбаеваға хабарластық. Өнер иесі іркілмеді, «Наурыз -думан» туралы әсерлене әңгімелеп берді:

«Наурыз мейрамының алғаш тойлана бастаған кезі болатын. 1988 жылы Мұқағали Мақа­таев­тың кітабын алып арнайы композитор Талғат Сарыбаевқа бардым. Ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтіндім. Өзімнің болашақ туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттеп бердім. Композитор ойымды бірден түсінді. Оның жүрегінде де халқымыздың көне дәстүрін, кең пейілін, көктемнің шаттыққа толы сәттерін бейнелейтін әуен тууға дайын тұрғандай еді», деп ағынан ақтарылды әнші.

Осылайша, ұлттық рухқа толы, көңілді де салтанатты әуен дү­ниеге келді. Бұл әнде көктемнің шуақты сәттері, табиғаттың жаңаруы, адамдардың бір-біріне деген ізгі тілегі мен кең пейілі айқын сезіледі. Жаңа әнді алғаш тыңдағандардың бірі – Роза Рымбаеваның жұбайы, белгілі музыкант Тасқын Оқапов болды. Музыканың сан қырын меңгерген өнер иесі туындының әлеуетін бірден байқайды.

«Жолдасым Тасқын Оқапов – музыканың білікті маманы еді ғой. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі ән өңдеуші болатын. Жаңа туындыны бірден ұнатты. Содан «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан ой, пікірден пікір туа келе, Тасқынның ұсынысымен әннің ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Әннің ұлттық бояуы қалыңдап, тынысы кеңіп, қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дарқан пейілін көз алдыңызға келтіретін әнмен тыңдарман осылайша қауышты», деді әнші.

Ән жарыққа шыққан сәттен бастап-ақ халық оны ерекше ықыласпен қабылдады. Ұлттық дәстүрге, төл мәдениетке шөлір­кеген жұртшылық бұл әннен өз жүрегінің үнін тапқан­дай болды. Көп ұзамай «Наурыз-думан» ел ішіне кең таралып, мерекелік думандардың сәніне айналды. Наурыз мейрамы аталса, халықтың есіне ең алдымен осы ән түсетін болды. Бұл – шынайы өнердің ешқашан ескірмейтінінің айқын мысалы. Міне, арада 40 жылға жуық уақыт өтсе де, «Нау­рыз-думан» әні халық жадынан өшкен жоқ. Керісінше, әр көктем сайын қайта жаңғырып, Наурыз мерекесінің шырайын кіргізіп келеді.

– «Наурыз-думанды» ұлттық құндылық, дәстүр-дағдыға шө­лір­кеп жүрген халық бірден жылы қабылдады. Ауыздан-ауызға көшіп, ел арасына тез тарап кетті. Міне, содан бері де 38 жыл уақыт өтті, бірақ ән ескірген жоқ. Әз Наурызбен бірге жаңаша түлеп, әр көктем сайын халық сүйікті әнімен сағына қауышады. «Наурыз-думанды» талай шетелде де орындап жүрмін. Әлемнің қай бұрышына бармайын, шығарма өте жақсы қабылданды. Толассыз қошемет-құрметке ие болды. Үлкендер алғыс айтып, батасын берді. Бұл – әннің өміршеңдігі. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен дарынды композитор Талғат Сарыбаевтың кәсіби биік талғамының жемісі, – деп Роза Рымбаева бір әннің тарихына, тағдырына қатысты өз естелігімен бөлісті.

«Наурыз-думан» әнінен кейін де Талғат Сарыбаев пен Роза Рымбаева арасындағы шығар­машылық байланыс жалғасын тапты. Бір-бірінің өнерін терең түсінген қос талант талай сәтті туындыларды дүниеге әкелді. Солардың қатарында «Гавань моей любви», «Өткен күндер», «Отандастар», «Пысық жеңгейлер-ай», «Мерекелі  жыл», «Бәрі есімде» сияқты әндер бар. Бұл шығармалардың әрқайсысы да тыңдарман көңілінен орын алып, халықтың сүйікті әндеріне айналды. Дегенмен, әншінің репертуарындағы «Наурыз-думанның» орны бөлек. Бұл туын­ды – Наурыз мейрамының көркем бейнесін айқындайтын, ұлттық рухты асқақтататын ерекше шығарма. Өйткені онда қазақ халқының шаттығы, үміті, дарқан мінезі мен кең дүниетанымы шебер тоғысқан. Әнді тыңда­ған сайын көңілге қуаныш ұя­лайды. Жүрекке жылулық тарайды. Көктемнің лебі сезіліп, табиғаттың жаңаруымен бірге адамның да жаны жаңарып кеткендей болады. Сондықтан да «Наурыз-думан» – жай ғана ән емес. Ол – халықтың жүрегінен туған, халықпен бірге жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани мұра.

Соңғы жаңалықтар