Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

Ертеңнен бастап Алматы қаласына кіруге және шығуға тыйым салынады

12740 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифинг барысында Қазақстан Республикасының төтенше жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы шешімдері жайында айта келіп, қалаға келуге және шығуға тыйым салынатынын жеткізді.

Ертеңнен бастап Алматы қаласына кіруге және шығуға тыйым салынады

Фото авторы: Максим Золотухин

Алматы қаласында 19 наурыздан бастап карантин режимі жарияланады. Қаланың барлық шекарасы жабылады. Сонымен қатар, азық-түлікті қоспағанда, барлық сауда нысандары өз жұмыстарын уақытша тоқтатады. Бұрын хабарлағанымыздай, «Жасыл дәліз» жобасы барлық көлік пен осы көлік құралдарында жүретін персоналдың толық санитарлық-гигиеналық жағдайын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылады. Қала шекарасындағы тәртіпті қадағалауға полиция қызметкерлері, «Ұлттық ұлан» және Қарулы күштер, әскери қызметкерлерден құралған 27 пост белгіленді.

Олардың барлығы тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ертеңнен бастап қалаға кіруге және шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ бұл тәртіп Алматы қаласында жұмыс істейтін, бірақ қала маңындағы аумақтарда тұратын тұрғындарға да қатысты болмақ. Жұмыс берушілер қызметкерлерін қазірден бастап ақылы еңбек демалысына немесе қашықтан жұмыс істеу режиміне жібере бастайды. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер, оның ішінде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық көлік, коммуналдық қызмет жүргізушілері қала аумағына уақытша орналастырылатын болады. Осыған байланысты кәсіпорындарда қазірден бастап штаттық құрамды уақытша оңтайландыруды және барлық мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіруді ұсынды.