Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

Жылу тапшылығы неден?..

98 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 24 ақпан күнгі санында «Жылу қуатының тапшылығы өңір дамуына кедергі» деген мақала жарияланған еді. Көтерілген мәселе назарға алынды ма, жоқ па, бірақ дәл осы жылу тапшылығы мәселесі облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Жылу тапшылығы неден?..

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановтың мәлімдеуінше, биылғы жылыту маусымында тұрғындардан жылудың жеткіліксіздігіне байланысты 814 шағым түскен. Жылыту маусымында жылумен қамтитын кәсіпорындарда көмір қорының нақты мөлшері белгіленбеуіне байланысты жы­лу тапшылығы орын алған. Екіншіден, облыс орталығына жылу беретін кәсіпорындарда қазандықтардағы жөндеу жұмыс­тарының сапасыз жүргізілуіне орай, технологиялық шағын апаттар жиілеп кеткен.

Жиында алдағы уақытта тех­нологиялық шағын апаттарға тал­дау жасалатыны айтылды. Ин­фрақұрылымның техникалық жағдайына аудит жүргізілмек. Өңірде «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша жылу желілері жөнделеді. Шығынның 70 пайы­зы республикалық, 15 пайызы жергілікті бюджеттерден, қалған 15 пайызы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен өтелмек.

Мысалы, екібастұздық МАЭС-2 стансасында күрделі жөн­деуден өткен энергия блогы тоқ­татылған. Өйткені қатты жел тұрып, боран соқса, электр же­лілері үзіледі. Стансадағы жылу желілерінде де ақаулар аз емес.

Жиында облыс әкімі Ә.Сқа­қов желілердің зақымдалу көр­сеткі­шінің көбейіп кету себе­бін сұрады. «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшысы Марат Иманаевтың айтуынша, жылу құбырлары әбден ескіріп, пайдалану уақыты өткен. Яғни кәсіп­орын жыл сайын 18 шақы­рым құбыр ауыстыруы тиіс.

Сондай-ақ облыс орталы­ғындағы екінші Павлодар аума­ғында жерасты құбырла­рының жағдайы ойлантуда. Енді бұл құбырларды жердің бетіне шы­ғару жоспарлануда. Өйткені бұл аумақта жерасты суларының мөл­­шері көп. Жеке үйлер су ас­тында қалуы мүмкін.

 – Кәсіпорындардың инвес­тициялық жобалары жергілікті әкімдіктермен үйлестірілмегені байқалды. Жылу тапшылығын болдырмау үшін осы салаға жа­уапты басқарманың өзіндік мін­деттері бар, – деді облыс әкімі.

Жиында облыс орталығында, өңірде жылу мәселесі тапшы­лығын саралауда нақты ақпарат­тың болмағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық нысандар мен жер­гілікті әкімдіктің арасында үйле­сімді жұмыс пен басқарушылық ше­шім шығара алмаған облыстық энер­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бас­қар­масының басшысы Мұрат Әбіл­қалықовқа сөгіс жарияланды.

 

Павлодар облысы