Бүгінде карантинде 113 адам тәулік бойы бақылауға алынған. Бұл 1А санатындағы елдерден (Иран, Италия) оралған немесе шартты түрде жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар. Үй карантинінде 39 адам, медициналық бақылаумен өзін-өзі оқшаулауда 284 адам, қашықтықтан мониторингте 273 адам. Олардың барлығы өздерін жақсы сезінеді, ауру белгілері жоқ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен өңірдегі ең ірі дәріханалар желісі бар «Биосфера» компаниясы арасында келісім жасалып, соның нәтижесінде кәсіпорын облыс тұрғындары үшін 300 мың медициналық маска сатып алыпты. Компания елімізде жасалған бұл өнімдерді үстіне бір тиын да қоспай, әрқайсын 130-140 теңге аралығындағы бағаға сататын болды. Сондай-ақ жергілікті «Мерей» компаниясы да маска жасап, әлеуметтік дәріханаларды бетпердемен қамтамасыз етіп жатыр.
Айта кету керек, Қарағандыда вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Егер де біз сөз қылып отырған індетке тән қандай да бір белгі анықталатын болса, онда ондай науқас коронавирустық тест жүйесінен өткізіледі. Яғни күдік тудырған адамның жұтқыншағы мен мұрын қуысынан жұғынды алынып, ол зертханада тексеріледі. Ал тексеру қорытындысы күмән тудырарлық болса, онда анализ бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы сараптамалық зертханаға жіберіледі.
Басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, әзірге өңірдегі емханалар қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Егер өтініштер көбейетін жағдай туындай қалса, дәрігерлер адамдарды демалыссыз қабылдауға сақадай сай екен. Стационарларда науқастармен кездесуге уақытша шектеулер қойылған. Мысалы, егде адамдарға емханаларға барудың қажеті жоқ, оларға тиісті дәрі-дәрмектерді дәрігерлердің өздері тұрғылықты жерлеріне жеткізіп береді.
Өңірде дәрі-дәрмек жағынан да тапшылық жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы екі айға жететін дәрі-дәрмек сатып алған.
Ірі кәсіпорындар қажет болған жағдайда қала сыртында орналасқан өздеріне тиесілі шипажайлар мен сауықтыру орындарын карантин ұйымдастыруға беретін болған.
Қарағанды облысы