Әлем • 31 Наурыз, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

553 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ-ға шағымданды

Тәжікстан көрші Өзбекстан мемлекеті өздеріне арналған жүктерді өз аумағынан өткізбей отырғаны жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына шағым жасады. Бұл көршілес екі ел арасында ын­тымақ кеткенін аңғартады. Бұл екі жаққа да тиімсіз: тәжік­тер қажетті жүктерін ала алмаса, өзбектерге өз жерінде артық пойыз вагондарын қаңтарып қойған да қосалқы ауыртпалық. Әсіресе, тәжіктер мынадай ала-сапыран мезгілде екі айдан бері отын өнімдерін ала алмай отыр.

 

Араб одағы керек

Йемен президенті А.Салех араб елдері басшыларына өз аймағында Еуроодақ сияқты Араб одағын құру жөнінде ұсы­ныс жасады. Әрине, елдердің одақ­қа біріккені, экономика­сы­ның кіріккені жақсы. Бірақ, Еуроодақ сияқты ұйымның оған мүше болатын елдерге қоятын үлкен талабы, ұстанымы бар. Оған кез келген ел кіре алмайды. Әсіресе өз елінде тұрақтылық жоқ, халқы бір-бірімен атысып-тартысып жататын Йемен сияқ­ты елдер мүшелікке кіріп жатар болса, мұндай одақтың болашағы бұлыңғыр.

 

Қытай – Белоруссияға

Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Си Цзиньпиннің Белоруссияға сапары кезінде Аспанасты елі бе­ларусьтерге бір миллиард доллар көлемінде несие беретіні жария­ланды. Сондай-ақ, Қытай өкілі 8,8 миллион доллар ақшаны жай тегін беретінін мәлімдеді. Жал­пы, Қытай соңғы уақытта КСРО күйрегеннен кейін пайда болған тәуелсіз елдердің бәріне дерлік жеңіл несие беріп келеді. Бұл екі жаққа да тиімді.

 

Биліктегілер жеңілді

Францияда аймақтық сайлау­дың екінші турында биліктегі Халық қозғалысын қолдау одағы партиясы ойсырай жеңіліс тапты. Олар бар-жоғы 35,53 пайыз дауыс­қа ие болды. Социалис­терге, экологтарға, тағы басқа сондай солшыл партияларға сайлаушылардың 54,12 пайызы дауыс беріпті. Сөйтіп, солшыл­дар елдегі 22 аймақтың 21-інде басымдыққа ие болыпты. Бұл – президент Саркози мен премьер-министр Фийонның беделінің мықтап түскені.

 

Оппозицияның талаптары

Ауғанстанда қазіргі биліктегі Хамид Карзайдың үкіметіне тек талибтер ғана емес, басқа да көптеген партиялар оппозицияда. Соның бірі – сонау кеңес-ауған соғысынан бері келе жатқан Гүлбеддин Хекматиардың Ислам партиясы. Ауғанстан президенті жақында сол партияның өкілі Хелалмен кездесті. Олар кезде­су­ге 15 пункттен тұратын талап­тарын әкеліпті. Соның бірі – биылғы шілдеден бастап шетел әскерлері Ауғанстаннан шыға­рылуы керек.

 

Лаңкестер қорқытады

Ақпарат құралдары арқылы әлемдегі №1 лаңкес саналатын Усама бен Ладен АҚШ үкіметіне ескерту жасады: егер АҚШ  2001 жылы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекетке қатысты деген адамдар­ға қатаң жаза қолданатын болса, оған жауап ретінде АҚШ-қа жаңа соққы беріледі. Вашингтон одан сескене қоймас, дегенмен сонда лаңкестердің жауабы қандай болмақ?

 

Мектептер ашылмайды

Германия Федеративтік Рес­пуб­ликасында 3 миллиондай түрік тұрады. Жақында Түркия­ның премьер-министрі Тайып Ердоғанның Германия канцлері Ангела Меркельдің Түркияға сапары алдында неміс елінде түрік тіліндегі мектептер ашу жөніндегі ұсынысы неміс сая­сат­шылары арасында сын пікірлер тудырды. Олардың ойынша, бұл түрік иммигранттарының неміс қоғамына кірігуіне теріс әсерін тигізетін көрінеді.

 

Ішкіш таяқ жейді

Суданда президент Омар әл-Баширдің жарлығы бойынша, ішімдік жасаған, сатқан, сондай-ақ оны ішкен кез келген адам жаза­ланады. Жазаланғанда, кә­дімгі көк шыбықпен дүре соғы­лады. Әсіресе бұл әйел адамдарға қаттырақ тиеді. Бұл елде мұсыл­мандармен бірге, басқа да дін өкілдері де тұрады. Бірақ шари­ғат заңы бойынша бұл елде ішім­дік сатылмауға тиіс. Ал қолдан ішімдік жасау және оны пай­далану – елдің оңтүстігіндегі біраз халықтың ұлттық дәстүрі.

 

Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20