Елорда • 19 Наурыз, 2020

Елордадағы студенттерге өтемақы төленді

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қабылданған шаралар бойынша өткен онлайн-брифингте баяндаған болатын. 

Елордадағы студенттерге өтемақы төленді

Елордадағы білім беру ұйымдарында сақтық шараларының күшейтілгені жөнінде жеткізген Ш.Қадырова білім берудің әр сатысы бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Бұған дейін хабарлағанмыздай, бас қала карантинге жабылғандықтан астаналық мектепке дейінгі ұйымдар жұмысын тоқтатты.

«Орта білім беру ұйымдарына келсек, елордадағы 117 мектептің оқушылары түгелімен көктемгі каникулға кетті. Ал мұғалімдердің барлығы қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Тек әкімшілік-техникалық қызметкерлер белгіленген кестеге сәйкес жұмыстарын жалғастырып жатыр», деді Ш.Қадырова. Оның мәлімдеуінше, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері де төтенше жағдай енгізілгеннен бастап қабылдауды тоқтатқан. Сондай-ақ осы уақытқа жоспарланған барлық (спорттық, мәдени шаралар, олимпиадалар мен байқаулар) іс-шаралар әзірше өткізілмейді. Көктемге бекітілген ҰБТ-ның уақыты да ауыстырылды, нақты күні белгілі болғанда хабарланады. «Жақында әлеуметтік желілерде мектептерді тексеріп, оқушылар білім ошақтарында болған жағдайда ата-аналарына айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады. Бұл – жалған. Негізсіз ақпаратқа сенбеуді сұраймыз», деді басқарма басшысы. 

Ведомство өкілінің сөзіне сенсек, бас қаладағы 35 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары 16 наурыздан студенттерін қашықтықтан оқыта бастады. Бұл туралы үш жақты (ата-ана, оқытушылар мен білім алушылар) хабарландыру жүргізілді. Интернетке қол жеткізе алмай отырған студенттерге оқулықтар, дәрістік материалдар мен тапсырмалар жеткізіледі. Колледждер санитайзерлермен қамтамасыз етілген, дезифекциялық шараларды жүргізуге құралдар қоры жеткілікті.

«9 мың 177 студент басқа қалалардан келген, олар тұрғылықты жерлеріне жіберілді. 157 студенттің тамақтануы үшін өтемақы ретінде қаражат қарастырылып, банк карталарына аударылды. Студенттердің стипендиясы сақталады», деді Ш.Қадырова. Оның айтуынша, кәсіптік тәжірибелерден өту де кейінге қалдырылды.

Елордадағы 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары 16 наурыздан бері тоқтатылды. Басқарма басшысы астаналық ата-аналарды балалаларын төтенше жағдай кезінде қосымша үйірмелер мен секцияларға жібермегені жөн екенін жеткізді.  

 

Соңғы жаңалықтар