Қоғам • 19 Наурыз, 2020

Қазақстандықтар Жеңіске 75 жыл фото галереясын құруға үлес қоса алады

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы күштері Әскери-тарихи музейі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың фотосуреттері мен майдан хаттарын жинау іс-шарасы басталды. Жиналған материалдар музейдің атриумында орналастырылатын «Ер есімі – Ел есінде» бірегей фотогалереясына кіреді.

Қазақстандықтар Жеңіске 75 жыл фото галереясын құруға үлес қоса алады

Жобаға қатысу үшін әрбір қазақстандық үй мұрағаттарынан Ұлы Отан соғысының фотосуреттері мен оқиғаларымен бөлісе алады. Іс жүзінде әрбір қазақстандық отбасының Жеңіске қатысты өз тарихы бар. Алайда олардың жауынгерлік ерліктері, жараланған, тұтқындалған не болмаса хабар-ошарсыз кеткендер туралы мәліметтері, тағдырлары соғыспен қатар келген адамдар туралы мәліметтер әлі де көптеген қазақстандықтар үшін белгісіз.

Аталған жоба соғысқа қатысушылардың ерен ерліктерін мәңгі есте сақтау және тарихи маңыздылығын ұштастыру, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай отандастарды біріктіруге арналып отыр.

Материалдарда келесі мәліметтер болуы керек (егер белгілі болса): әскери атағы, аты-жөні, туған күні мен туған жері, қашан және қандай әскери комиссариаттан шақырылған, қолда бар наградалары, фотосуреттері.

Материалдарды мына электронды поштаға жіберуге: [email protected] немесе 010000, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі мекен-жайына жіберу қажет. Қосымша сұрақтарды мына байланыс телефонынан білуге болады : + 7 (7172)44-26-13.

Әскери-тарихи музейдің іздестіру-экспедициялық бөлімшесі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу және есепке алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізетінін атап өткен жөн. Бұдан басқа, қазақстандық жауынгерлердің ақпараттық деректері бірыңғай базаға жинақталып, жүйеленеді.