Қоғам • 19 Наурыз, 2020

Қарулы Күштер төтенше жағдай режимін қамтамасыз етеді

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс ведомствосында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 16 наурыздан бастап жариялаған төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге байланысты аппарат кеңесі өткізілді.

Қарулы Күштер төтенше жағдай режимін қамтамасыз етеді

Аталған кеңеске Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб басшылығы, сондай-ақ Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшылары селекторлық режимде қатысты.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев басшылық құрамның назарын қорғаныс ведомствосына қатысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге аударды.

Ең алдымен, жоғары жауынгерлік әзірлікті ұстап тұру, қырағылықты күшейту, диверсияға қарсы қорғаныс пен аса маңызды әскери объектілерді күзетуге нұсқау берілді.

Бұдан бөлек, медициналық мекемелерге азаматтардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс–шараларға, оның ішінде гарнизондардан тыс жерлерге шығу арқылы, сондай-ақ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелеріне аумақтар мен объектілерге арнайы өңдеу жүргізуге дайын болуы қажет.

Сонымен қатар көлік және арнайы техника қажетті көмек көрсетуге бірінші белгі бойынша қатысуға дайын болу керектігі айтылды. Казармалық-тұрғын үй және коммуналдық-пайдалану қорын азаматтардың мүддесінде пайдалану мүмкіндігі көзделген.

Қарулы Күштерде коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл бойынша санитарлық және медициналық сипаттағы күшейтілген іс-шаралары қабылданды, бұл ретте жауынгерлік әзірлікті қолдауға нұқсан келтірмейді.

Жаппай іс-шаралар тоқтатылды, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен курсанттарды босатуға тыйым салып, туыстарымен және достарымен байланыстары шектелді. Бұл ретте оларға жақындарымен заманауи гаджеттерді қолдану арқылы дауыстық және бейне байланыс орнату аясы кеңейді.

Қарулы Күштердің осы бағыттағы барлық күшін төтенше жағдай еліндегі барлық әрекет ету кезеңі жұмыс істейтін жедел штаб үйлестіреді.