Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

Биыл Жайықта су көбейеді

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясы отырысында өңір басшысы Ғали Есқалиев хабарлады. Әкімнің айтуынша, наурыз айының басында Орынбор қаласында өткен кездесуде ресейліктер Иреклі су қоймасынан жіберілетін су мөлшерін былтырғымен салыстырғанда екі есе көбейтуге келіскен.

Биыл Жайықта су көбейеді

Мамандардың айтуынша Жайық өзеніндегі су деңгейі наурыз айының соңына таман көтеріле бастамақ. Облыс әкімі мол суды пайдаланып, өңірдегі су қоймалары мен арналарды барынша толтырып алуды тапсырып отыр.

Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов биыл Ресей аумағында жауын-шашын көп болғанын, бұл су қорының 80 пайызы Ресей жетінде қалыптасатын Жайық өзені үшін жақсы жаңалық екенін айтады.

- Келісілген кестеге сәйкес, наурыздың 20-сынан бастап Жайыққа берілетін судың мөлшері секундына 60 текшеметр болса, 25 наурызда – 90, ал наурыздың соңында секундына 180 текшеметр су беріле бастайды. Жайық арнасының 55 пайыз су қорын құрайтын Сақмар өзенінің де деңгейі биыл жоғары. Сондықтан біз биыл көктемде жоғарыдан Жайыққа келетін су былтырғыдан анағұрлым көп болады деп күтіп отырмыз, - дейді Ринат Сатымұлы.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында су тапшылығынан Жайық өзенінің деңгейі соңғы 50 жылдағы ең төмен көрсеткішті көрсетіп, экологиялық апат дәрежесіне таяп қалған болатын. Яғни Жайықтың орташа деңгейі әдетте 594 см шамасында болса, былтыр оның көлемі 240 см-ден аспады. Оның үстіне биылғы қыс қарсыз, жауын-шашынсыз болды. Экологтардың «Егер су деңгейі осылай құлдырай берсе, Жайық маусымдық өзен болып қалуы әбден мүмкін» деген тұжырымы жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатқан.

«Биыл Жайыққа келетін су көлемі былтырғыдан 2-2,5 есе көп болады» дейді Ғали Есқалиев. Ал облыстың оңтүстігіндегі Жәнібек, Қазталов және Жаңақала аудандарының қажеті үшін Еділ суын Жәнібек су арнасына және Қараөзен мен Сарыөзенге құю үшін 2 млрд теңге қаржы республика бюджетінен қарастырылған. Бұл 72-75 млн текшеметр су деген сөз.

- Біз Ресейден келетін су шығындары үшін қосымша тағы 1 млрд теңгенің жобалық құжатын жасап, қаржы сұрап отырмыз. Егер бұл ұсынысты Үкімет қолдаса, облыстың суға қажеттілігі толық өтеледі, - дейді Ринат Шәуенов.

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар