Аталған мекеме құрылғаннан бері 44 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 69 жобаны жүзеге асырған. Бүгінде өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді десек, онда ұн, күріш, қарақұмық, қант, сәбіз, пияз, өсімдік майы, жұмыртқа және өзге де осы секілді өнімдер сақталуда. Қордағы бұл өнімдер ірі сауда нүктелерінен басқа коммуналдық базарлар мен әлеуметтік дүңгіршектерде де сатылуда екен.
Алайда, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше рет «Тараз» ӘКК басшылығына ескерту жасап, жұмысына көңілі толмайтынын айтқан. Әуелі елімізде төтенше жағдай енгізілген уақытта нан, картоп, күріш, қант секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттап кетуіне байланысты да Нүркен Шәрбиевке сын айтылған. Міне, мұндай сын әрбір жиын арқылы айтылып келеді. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан ол тиімді және нәтижелі ұйымдастырылуы тиіс. Өкінішке орай, ондай қарқын байқалмайды», деді тағы да әкім. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, корпорация орын алып жатқан экономикалық үдерістер мен сын-қатерлерге, нарықтық қатынастардың ағымына және тұтынушылық қажеттіліктерге нақты жауап беруде белсенділік таныта алмай отыр. Өңірге инвестиция тарту, бизнес-бастамаларды қолдау бойынша да тиісті жұмыстар әлсіз. Әкімнің корпорация басшылығына қаратып «Сіз ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың бірі болып табыласыз. Үкімет бұл мақсатқа тиісті қаражатты бөлді. Алайда, ауылдықтар осы ақшаны тез және тиімді игеру ісінде сіздердің тараптан тиісті көмек ойдағыдай көрсетілмеген. Жүктелген міндетті қызметкерлеріңіз соңғы уақытқа дейін іркіліспен әрең орындады», дегені тағы бар. Сонымен қатар, «Тараз» ӘКК басшылығы тарапынан тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуда тиісті бақылау жоқ және әлеуметтік павильондардың жұмысы да дұрыс жолға қойылмаған. Және олардың көпшілігі демалыс күндері жабық тұрады екен.
Жамбыл облысы