Экономика • 19 Наурыз, 2020

Мұнай-газ секторы мемлекеттің қолдауына зәру

548 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің мұнай-газ саласының өкілдері халықаралық және отандық көмірсутегі нарығындағы ахуал туралы баяндады.

Мұнай-газ секторы мемлекеттің қолдауына зәру

Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауовтың айтуынша, мұнай нарығындағы жағдай тұрақсыз болса да, елімізде өндіруші компанияларды қолдау тетіктері жеткілікті. Премьер-Министрдің  орынбасары Ералы Тоғжанов соңғы бірнеше күннің бедерінде мұнайлы өңірлерді аралап, компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Сөйтіп бірлесіп атқарылатын жұмыстар белгіленді. Тиісті заңнамада мұнай бағасы құлдырап кеткен жағдайда оның кері әсерін төмендетудің жолдары қарастырылған. Атап айтар болсақ, ренталық салық бағаға «байланған». 1 баррель 60 доллар болған кезде рента мөлшерлемесі экспорттың 11 пайызын құраса, 40 доллардан төмендеп кетсе мөлшерлеме 0 пайыз болады, яғни ренталық алым тоқтайды.

Оған қоса, экспорттық баж да бағамен байланысты белгіленеді. Баррельдің бағасы 60 доллар болса, әр тонна үшін баж – 60 долларды, 35 долларға төмендесе – әрбір экспортталған тонна үшін 35 долларды құрайды.

Ә.Мағауов атап өткендей, қазіргі баға дәлізі ел аумағындағы мұнай-газ жобаларының өнім өндіру көлеміне айтарлықтай салмақ салмайды деуге болады.

– Біз баға қатысты түрлі сценарилердің Қазақстандағы өндіріс көлеміне қалай әсер ететініне алдын ала талдау жасадық. Кен орнын игерудің кезеңіне байланысты компаниялардың шығындары әртүрлі. Ірі жобаларда 1 баррельге шаққанда шығын көлемі 10 АҚШ долларын, тасымалды қоса есептегенде 25 долларды құрайды. Ал біраз уақыттан бері игеріліп келе жатқан ескі кеніштерден шикізат өндіру, тасымалдау, салық құнын қоса есептесек, 1 баррельге 30-35 доллар кетеді, – деді ол.

Қатерлі вирустың таралғанына қарамастан министрлік компаниялардың жұмысы тоқтап қалмауына, жұмыс орындарының қысқармауына барынша қолдау көрсетеді. Айталық, коронавирусқа байланысты ел аумағына кіре алмай қалған шетелдік жұмысшылардың орнын жергілікті азаматтар алмастырады.

– Қазір «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС-да 397 ҚХР азаматы жұмыс істейді. Шектеу қойылуына байланысты олардың 161-і Қазақстанға келе алмады. Энергетика министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі, KPI компаниясы оларды жергілікті мамандармен алмастыруды қолға алды. Арнайы әңгімелесу және практикалық емтихан қорытындысы бойынша 45 адам жұмысқа орналасты. Дәнекерлеу жұмыстарына маман іріктеу барысында келген адамдардың біліктілігі талаптарға сәйкес келмегендіктен проблема туындады, – деді министрдің орынбасары. Айта кетейік, мүнай-газ компаниясында жұмыс істейтін азаматтар арасында COVID-19 вирусын жұқтырғандар жоқ.

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов айтқандай, коронавирус эпидемиясының кесірінен әлемдегі ең ірі көмірсутегі тұтынушы елдердің бірі Қытайда мұнайға деген сұраныс төмендеді. Оған мемлекетаралық, қалааралық әуе тасымалдарының тоқырауы қосылды. Мұнай өндіруші елдердің арасындағы қайшылық нарықтағы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.

– Әлем мен Қазақстан экономикасы қазір үлкен сынақ пен қауіптің алдында тұр. Қазақстан бюджетіне негізгі табысты мұнай мен ілеспе газ өндіретін кәсіпорындар түсіреді. Соңғы 2 жылда мұнай бюджетке 1 трлн-нан астам түсім әкелді. Осыған қарап оның ел экономикасында қаншалықты маңызды орны бар екенін көруге болады. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – жұмыс орындарын сақтау, – деді ол.

Оның айтуынша, шмикізат бағасының құлдырауына байланысты мұнай-газ саласындағы жұмыс орындарының азаюы қаупі төніп тұр. Қазіргі таңда саладағы 2 мыңнан астам компанияда 200 мыңға тарта адам еңбек етеді.

– Біз жаһандық мұнай нарығындағы ахуал бірнеше айда жақсарады деп күтпейміз. Тіпті, 1-2 жылға дейін жақсармауы мүмкін. Объективті түрде айтар болсақ, қысқарту мұнай-газ кәсіпорындарын және олардың тікелей мердігерлерін емес, бірінші кезекте Қазақстандағы мұнай сервис компанияларын шарпуы мүмкін. Бұл жобалардағы жұмыстың аяқталуы мен компаниялардың бюджетінің қысқаруына байланысты. Мәселен, биыл жазда ТШО-ның болашақ кеңейту жобаларынан 5 мыңға тарта адам босайды, – деді ол.

Р.Жақсылықовтың пайымдауынша, жұмыс орындарын барынша сақтау және өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті азайту үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдау қажет. Олар: мұнай сервистік қызметтер бойынша қолданыстағы және жаңа мердігерлік шарттардың құнын қайта қарауға жол бермеу; негізгі мұнай өндіруші компаниялардың қаржылық жағдайына талдау жүргізу; жаңа инвестициялық жобаларды, атап айтқанда инвестициялар көлемі шамамен 4 млрд долларды құрайтын Қарашығанақты кеңейту жобасын, газ-химия жобаларын іске асыруды жеделдету; Қазақстандық мұнай сервистік компанияларға өз қызметтерін экспорттауда көмек көрсету. Осы тектес шаралар көмірсутек бағасының күрт төмендеуінің және коронавирустың өршуінің экономикаға кері әсерін азайтады.

Centrasia Group мұнай-сервис компаниясының басқарма төрағасы Алмас Құдайберген алдағы 3-4 айда әлемдік нарықта мұнай тым көп болатынын, сұраныстан әлдеқайда асып кететінін айтты.

– Мұнайға жаһандық сұраныс пен ұсыныс көлемі – тәулігіне 100 миллион баррель. Күн сайын осынша шикізат өндіріледі және кәдеге жаратылады. Алайда, халықаралық сарапшылар биыл алғашқы жартыжылдықта нарыққа 1,3 млрд баррель артық мұнай шығарылады деп болжам жасап отыр. Шикізат танкерде, резервуарларда сақталады. 2015-2016 жылдары баға төмендеген кезде нарықтағы артық мұнайдың көлемі бар болғаны 350 млн баррельді құраған-ды. Бұл жолы 1,3 млрд баррель өнім бағаны төменге тартатыны сөзсіз, – деді ол.

ОПЕК+ елдері келісімді тоқтатқаннан кейін Сауд Арабиясы, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі және Иран сынды экспорттаушы елдер өндірісті күрт күшейтуге кіріскені белгілі. Олар өндірген көмірсутегінің тәулігіне шамамен 15 млн баррелі артылып қалып отырады. Артылған мұнай кәдеге жаратылмай, жинала береді. Күндердің күнінде Қытай тұтыну қарқынын қалпына келтіріп, дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жеткізгеннің өзінде артық мұнайды толық кәдеге жаратып біткенше 2 жылға жуық уақыт керек. Қысқасы, пандемияның салдарынан сұраныс төмендеп, ол тізбекті реакцияға ұласты. Енді жағдайды реттеу оңайға түспейді.

Энергетика вице-министрі Ә.Мағауов ведомствоның мұнай компанияларымен бірлесіп мұнай бағасы 20-25 долларға дейін құлдыраған жағдайда қандай әсері болатынын зерттеп жатқанын айтқан еді. Арада жарты тәулік өтпей жатып баға 21 долларға бір-ақ түсті.

Бүгінгі таңда еліміздегі 200 мың еңбеккердің әлеуметтік жағдайы мұнай бағасына тәуелді деуге болады. Тікелей мұнай өндірісімен айналысатын әр азаматқа 3-4 сервистік маманнан келеді. Баға болса болжанған межеден де төмендеп барады. Сол себепті отандық мұнай-газ секторындағы сервистік компаниялар мемлекеттен қолдау күтуге мәжбүр.