Қоғам • 19 Наурыз, 2020

«Nur Otan» партиясы індетті ауыздықтауға үлес қосуда

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров COVID-19 індетінің таралуына қарсы іс-қимылда Nur Otan партиясының қосқан үлесі туралы баяндады.

«Nur Otan» партиясы індетті ауыздықтауға үлес қосуда

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың ғаламдық пандемия ретінде тіркелуіне байланысты елде төтенше жағдай жариялағаны белгілі. Алматы қаласы әкімінің қаулысы бойынша қалада да карантин енгізілді. Қала әкімдігі халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында барлық ресурстарды жұмылдырғанын білеміз, – деген С.Канкуров, «Nur Otan» партиясының барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге жеңетінін мәлімдеді.

«Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жалғыз басты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн. теңге бағытталды, – деп жалғастырды сөзін С.Канкуров.

«Сонымен қатар партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы қажеттіліктерге өздерінің бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады, – деп  жалғастырды сөзін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

С.Канкуров қала әкімдігінің қолдауымен «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы «Жаңа Алатау» қорымен бірлесіп, арнайы шот ашылғанын хабарлады. Бұл шотқа туындаған жағдайға бей-жай қарай алмайтын барлық қарапайым азаматтар да қаражат аудара алады.

Бұл қаражатқа медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, оларды партиялықтар мен «Jas Otan»-ның еріктілері халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына, атап айтқанда,  ардагерлер, мүгедектер және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үлестіріліп берілмек.

 

 

АЛМАТЫ