Абай • 20 Наурыз, 2020

Орал, 1972: Абай үшін айқас

2040 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Кеңес өкіметі жылдарында А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика инсти­туты болып аталды. Ол – Қа­зақстанның батыс өңірінде 1932 жылы құрылған ең үлкен оқу орны.

Орал, 1972: Абай үшін айқас

Өз заманының білімді, белсенді, озық ойлы жастары жиналған жерде ұлтжандылық, патриоттық сезім оянбай тұра ма? Бұл оқу орнында оқыған қазақ жастарының басына да талай бұлт үйірілген заман болған.

1930 жылдары Орал пединститутында «Сұрпақбайлар» атты жасырын топ болғандығы туралы мәлімет арагідік кездесіп қалады. Осы айып бойынша НКВД талай жасты тергеп, тексеріп, қудалаған екен.

1940-1941 жылдары кіл жастар­дан құралған «Қазақ халқын қорғау­шылар одағының» 6 мүшесі де дәл осы институттың студенттері еді. Ал ұйым­ның жетекшісі – физика-математика факультетінің 1-курс студенті Ғұбай­долла Әнесов 17 жасында қолға түсіп, 19 жасында атылып кете барыпты...

– Институттың тарих факультетіне 1972 жылы түстім. Оның алдында бір жыл дайындық курсында оқыдым. Екі жыл әскерде болған, сақа жігіт саналамыз, – деп бастады әңгімесін бүгінде 70 жасқа келген Бауыржан Райанов ағамыз.

...Оқиға былай болыпты. Сабақ жаңа басталған, қыркүйектің екінші апта­сы. «Бірінші курстың ұлдарын дека­натқа шақырып жатыр» деген хабар жетіпті. Тарих, қазақ филологиясы факуль­тетін­де оқитын жігіттер жинала қалды.

– Балалар, сендерге тапсырма былай: Бас корпустың алдында тұрған Ленин мен Абайдың мүсіндерін бұзып алып тастайсыңдар. Біздің институт Пушкин атында болғандықтан, Пушкин ғана қалсын. Бұл ректордың тапсырмасы! – деді деканның орынбасары, сол кезде Алматыға диссертация қорғауға кеткен декан Мәтжан Тілеужановтың орнында уақытша қалған ұлты орыс оқытушы. Ректордың аты-жөні – Сидоров Виктор Кузмич болатын.

Қолына сүймен-күрек ұстаған жас жігіттер институттың бас ғимаратының алдына шықты. Шынында да «П» тәрізді салынған ғимараттың бас қақпасы алдында үш мүсін тұрған еді: оң жағында – Пушкин, ортада – Ленин, ал сол жағында  Абайдың кеудемүсіндері орналасқан. Пушкиннің Оралға келгені рас, сол Пуш­кинді алғаш қазаққа танытқан – Абай екені де рас. Ленин болса – күн көсем.

...Сонымен әлекедей жаланған жас жігіттер әуелі Ленин мүсінін қиратуға к­ірісіп те кетті. Гипстен әлде цементтен құйылған ескерткіш тым берік екен. Шетінен мүжіп, қиқалап жонып, ескерт­кіштің орнын жермен жексен етті-ау. Енді Абайдың мүсінін қирату керек...

– «Жоқ, жігіттер, Абайдың ескерт­кішіне тимейміз!» – дейді Бауыржан. Жанында жүрген Шәки Қайырғалиев те қолдай кетті. Әскерге барып, «өмір көріп» келген ағаларының ұсынысына өзгелер де қарсы келмеді.

– Бізді жұмсаған деканның орынбаса­рына қайта бардым. «Солай да солай, Лениннің мүсінін алдық, ол дұрыс, көсемнің ескерткіші әр жерде толып тұр ғой. Бірақ Абайдың ескерткішіне тиіспейміз. Өйткені бұл Орал қаласында жалғыз. Орыс әдебиеті үшін Пушкиннің орны қандай болса, қазақ әдебиеті үшін Абайдың орны да сондай. Абай мүсіні тұра берсін!»

– Ты кто такой? Сен кімсің? – декан­ның орынбасары ежірейіп кетті. Мен де қайтпадым. Кәдімгідей ұрсысып қал­дық. Студенттер жиналып: «Абайды алғыз­бай­мыз!» – дедік. Мұндайды күт­пеген орын­басар: «бір апта уақыт бе­ремін», деп күйіп пісті», деп еске алады Бауыржан аға.

Бауыржан мен Шәки бастаған бас­тамашылар жатақханада бүкіл бөлмені аралап шығып, студенттерге жағдайды айтып шығыпты. Әсіресе ер балалармен «Ешкім де Абай мүсінін қиратпайды» деген құпия келісім жасалыпты. Кейін белгілі айтыс ақыны болған Шәки Қайыр­ғалиевтің сөздері сол кездің өзінде жалынды болатын. Бұл қозғалысты екінші курстағы Сайлау Сүлейменов те қолдаған. Осылайша аз күнде институт­тағы 400-дей қазақ студенті «Абайдың мүсінін алғызбаймыз!» деген шешімге тастүйін бекіген еді.

Декан орынбасарының Бауыржанды атарға оғы жоқ.

– Сен қай жердің баласысың? – деді бірде.

– Жымпитыданмын.

– Бәсе! Сен қалай оқуға түсіп жүрсің?!  «Жымпитылықтарды «алашорданың құйыршықтары» деп, саяси сенімсіз санап, лауазымды қызметке қоймау, институтқа түсірмеу» туралы құпия нұсқау бар деуші еді, сол рас сияқты.

«Біз де қарап жатпадық. Өзім бас болып, қаладағы газет дүңгіршектерін аралап, Абайдың бейнесі салынған төсбелгілерді түгел сатып алдық. Ол кездері сондай төсбелгілер көп болатын. Оны ең алдымен жатақханадағы бүкіл студент жігіттер төсімізге тағып алдық. Аз күнде институттың бүкіл студенті Абай бейнесін кеудесіне тағып жүрді. Спортфактың жігіттері де бізге қосылды. Әлі есімде, кейін белгілі жаттықтырушы болған Батыр Қуанышев те тақты. Физик-математиктер де қалмады. Жо­ғары курстың жігіттері де қолдады», дей­ді Бауыржан аға.

Осылай бір-екі ай өтті. Абайдың мүсіні орнында қалды. Бір күні Алма­тыдан Мәтжан ағай оралды. Ертеңіне «Райанов, сені декан шақырып жатыр» деген хабар жетті.

– Әй, бала, сен не бүлдіріп жүрсің?!

– Ағай, Абайды қалай қиратамыз? Оған қолымыз бармайды ғой. Егер бұл мүсінді ақыры алатын болса, мен ауылға алып кетейінші. Біздің Жымпитыда Абай деген ауыл бар. Сонда апарып қоямыз, – дейді.

– Әй, Бауыржан, сен тентек болма! Босқа оқудан шығарып жібереді. Сен бізге керексің. Жігіттер керек бізге. Өзің қанша жылдан бері оқуға түсе алмай жүр­дің ғой. Босқа тентек болмаңдар...

Деканмен арадағы әңгіме осылай болыпты.

Арада біраз уақыт өтті. Ол кезде 7 қараша – Ұлы Октябрь революциясының мерекесі ерекше тойланады. Үлкен-кіші қызыл жалау алып, шеруге шығады. Бірақ сол жылы институт ауылдан келген қазақ балаларына демалыс беріп, ауылдарына қайтарып жібереді.

Оншақты күн ауылда демалып, институтқа келсе, Абай орнында жоқ! Бауыржанның жүрегі тоқтап қала жаздады. Жүгіріп Мәтжан ағайға барды.

– Ағай, Абайдың мүсіні қайда?

– Әй, бала, білмеймін, бір кісілер келіп, қиратып алып тастады. Бізден сұраған да жоқ. Болды, сабақтарыңды оқыңдар!

Бауыржан айнала жүгіріп, әркімнен сұрастырады. Там-тұмдап дерегі де шыға бастады. Сөйтсе, студенттер кани­кулға кеткен соң қаладан бір бригаданы алып келіп, мүсінді алдырып тастаған. «Көлікке тиеген жоқ, институттың бас корпусының сырт жағына қарай алып кетті» деген соң жабылып іздеп, Некрасов бағы деп аталатын шағын тоғайдың ең түбінен тауыпты. Мүсіннің мұрны, құлағы, иығы сынып, әбден бүлініп қалған.

– Ішім қан жылады. «Ақыры алатын болғанда, өзіміз бүлдірмей түбінен қазып алатын едік-ау» деймін. Осылайша екі ай бойы қорғаған Абайдың мүсінінен ауылға кетеміз деп айрылып қалдық. Сол оқиғадан кейін мені «бунтарь» деп атап кетті, – дейді Бауыржан Райанов ағамыз.

Бір таңғаларлығы, «бұзық» студенттерге жаза қолданылмапты. Бұған сол кездегі қазақ жастарының білімділігі, оқуда да, қоғамдық жұмыста да алда жүргені әсер етсе керек.

– Бірнеше жылдан кейін ректор Виктор Сидоров кетіп, орнына Хайролла Кенжеғұлов деген қазақ келгенде арнайы кіріп, институт ауласына, Пушкиннің жанына Абай бюстін қайта орнату туралы ұсы­нысымды айтып кеттім. Бірақ орын­­далмады, – деп еске алады Бауыр­жан ағай.

P.S.: Абай мүсінін қызғыштай қорғап, оқудан шығып кете жаздаған қазақ студенттерінің арманы Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана жүзеге асты. 1995 жылы оқу орнының сол кездегі басшысы Тұяқбай Рысбековтің тапсырмасымен көркемсурет кафедрасының жас оқытушылары Қуандық Мәдір мен Максим Жұмағалиев Абайдың 150 жылдығы қарсаңында бюстті жасап шықты. 2002 жылы Орал қаласының бас алаңына Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші орнатылды.

  1

Суретте: А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының 1-2-курс студенттері (солдан оңға қарай) Шәки Қайырғалиев, Сайлау Сүлейменов, Бауыржан Райанов

 

 Батыс Қазақстан облысы