Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Петропавлдық азамат өрттен төрт адамды құтқарды

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оқиға таңғы сағат алты кезінде болған. Халтурин көшесіндегі жекеменшік үйінен далаға шыққан Амангелді Сұлтанов көрші әйелдің үйінен жалын лаулап жатқанын көреді. Көп ойланбаған жігіт үйіне жүгіріп кіріп, әйеліне өрт қызметін шақыруды тапсырып, өзі көршілерін құтқаруға кіріседі. 

Петропавлдық азамат өрттен төрт адамды құтқарды

Бұл уақытта Амангелдінің көршісі Зинаида Уфимцева үйінде кәмелетке толмаған үш баласымен бірге қаннен-қаперсіз ұйықтап жатады. Сыртқы есікті бұзып кірген жігіт алдымен бір бөлмеде жатқан көршісі мен оның екі жас баласын табады. Ұйқылы-ояу балалар не болғанын түсінбей жатқанына қарамай, оларды құшақтаған бойы кезекпен далаға шығарады. Сөйтсе, балалар түтінге тұншығып, естерінен айрылып қалған екен. Көрші әйелдің өзі де есін шала біледі. Жігіт оны да оттан жедел шығарады. Басын қатерге тіге жүріп Амангелді үшінші баланы да құтқарады. Бәрін де өзінің үйіне кіргізіп, таңғы ызғардан бүрсеңдеген жұқа киімді жандарды жылытады. Сөйтіп, бір үйлі жанды түгел құтқарғаннан кейін ғана дабылын безілдетіп, өртсөндірушілер жетеді. Егер Амангелді басын қатерге тігіп, көршілерін алып шықпағанда олардың тірі қалуы неғайбіл екен. «Не қылған ерлік», дейді Әбекең мырс етіп, «менің орнымда кез келген адам осыны істер еді ғой». Алайда, біреу үшін бастарын мұндай қатерге тігетіндер табыла қоюы оңай емес.

ПЕТРОПАВЛ

Соңғы жаңалықтар