Руханият • 20 Наурыз, 2020

«Наурыз-думан» әні қалай туды?

1155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 «Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда».

Осы бір рухты да салтанатты әннің Наурыз мейрамының бойтұмарына айналып үлгергені қашан. Әнмен бірге қазақтың жүрегі қатар соғып тұрғандай. Әннің бағы – Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақынның кестелі сөзіне Талғат Сарыбаевтай кәсіби композитордың сырлы сазы үндесіп, оны Роза Рымбаевадай талантты әншінің орындауы. Міне, осы шығармашылық үштік одақ «Наурыз –думанға» ғаламат тағдыр сыйлады.

«Наурыз-думан» әні қалай туды?

– Наурыз мейрамының алғаш тойлана бастаған кезі болатын. 1988 жылы Мұқағали Мақатаевтың кітабын алып арнайы композитор Талғат Сарыбаевқа бардым. Ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтіндім. Өзімнің болашақ туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттеп бердім. Композитор ойымды бірден түсінді. Мен қалаған мінез бен стильде ән жазды. Көктемнің шуақты сәттері, наурыздың ерекшелігі мен қазақтың дарқан пейілін беретін ұлттық рухтағы жақсы бір ән осылай өмірге келді. Жолдасым Тасқын Оқапов – музыканың білікті маманы еді ғой. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі ән өңдеуші болатын. Жаңа туындыны бірден ұнатты. Содан «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан ой, пікірден пікір туа келе, Тасқынның ұсынысымен әннің ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Әннің ұлттық бояуы қалыңдап, тынысы кеңіп, қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дарқан пейілін көз алдыңызға келтіретін әнмен тыңдарман осылайша қауышты.

«Наурыз-думанды» ұлттық құндылық, дәстүр-дағдыға шөліркеп жүрген халық бірден жылы қабылдады. Ауыздан ауызға көшіп, ел арасына тез тарап кетті. Міне, содан бері де 30 жыл уақыт өтті, бірақ ән ескірген жоқ. Әз Наурызбен бірге жаңаша түлеп, әр көктем сайын халық сүйікті әнімен сағына қауышады. «Наурыз-думанды» талай шет елде де орындап жүрмін. Әлемнің қай бұрышында бармайын, шығарма өте жақсы қабылданды. Толассыз қошемет-құрметке ие болды. Үлкендер алғыс айтып, батасын берді. Бұл – әннің өміршеңдігі. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен дарынды композитор Талғат Сарыбаевтың кәсіби биік талғамының жемісі, – деп Қазақстанның халық әртісі, аталмыш әннің алғашқы орындаушысы Роза Рымбаева бір әннің тарихына, тағдырына қатысты өз естелігімен бөлісті.

«Наурыз-думан» әнінен кейін де композитор Талғат Сарыбаев пен әнші Роза Рымбаеваның арасындағы шығармашылық тандем үзілген жоқ. Бір-бірінің өнерін жүрекпен түсініп, жанымен сезінген қос талант талай сәтті туындыларды бірлесіп өмірге әкелді. Сазгердің әншіге арнап жазған «Гавань моей любви» әнінен бастап, «Өткен күндер», «Отандастар», «Пысық жеңгейлер-ай», «Мерекелі жыл» «Бәрі есімде» туындыларының қай-қайсысы да халықтың жүрегіне жол тапқан сезімге толы сәтті шығармалар. Десек те, соның ішінде әнші репертуарындағы «Наурыз-думанның» орны айрықша. Наурыз мейрамы бізге әрдайым осы бір ғажайып туындымен қатар қабылдаданады, егіз аталады. Өйткені тұтастай туындыға қазақтың жаны мен рухы, бүкіл болмысы шебер шоғырланған. Әнде Наурызға шаттанып жатқан қазақтың жаны мен көңіл-күйі, мінезі бар! Әнді тыңдап рухтанасың! Жаныңды шаттық кернейді! Көңіліңе қуаныш орнайды! Шығарма сонысымен құнды, сонысымен қымбат! Иә, сөз жоқ, «Наурыз-думан» – классика!