Әдебиет • 22 Наурыз, 2021

Наурыз мейрамында оқуға болатын кітаптар

1007 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Наурыз қызықтары енді басталғандай. Бүгінгі топтамадан триллер, өмірбаян, магиялық реализм жанрындағы туындыларға таңдау жасап, сондай-ақ заманауи қазақ прозасының даму бағдарын саралай аласыз.

Наурыз мейрамында оқуға болатын кітаптар

Институт (The Institute)

Стивен Кинг

Кішкентай ұлды түсінде ұрлап кетіп, дарынды балаларға тәжірибе жүргізілетін көзден таса жердегі «Институтқа» орналастырады. Басты кейіпкер тылсым қасиетке ие, нысаналы бала еді. «Институтқа» керегі де сол – ауыр тәжірибелер арқылы өз мақсаттарына қол жеткізу. Ал бұл қапастан қашып құтылған ешкім жоқ. Ебін тапқан екі асайды деген, ұрымтал сәтті күткен бала дұшпанымен аңдыса бастайды. Бастысы бостандыққа қол жеткізетініне деген сенімінен айнымаған. Кей сыншылар, айдай әлемді бағындырған қаһармандық сюжеттің әлдеқашан таптаурын болғандығын, туындының жазушының өзге шығармаларымен желілес екендігін айтып жатыр.

 

Әке-шешемнің бұны білмегені өкінішті (ал балаларымның жолы болды) (The Book You Wish Your Parents Had Read (And Your Children Will Be Glad That You Did)

Филиппа Перри

Филиппа Перри – британдық психотерапевт, бірнеше кітаптардың, оның ішінде «Couch Fiction» графикалық романының авторы. Психотерапиямен байланысты стереотиптерді жоюға тырысады. Перри өзінің жаңа кітабында өсіп келе жатқан балаға жылы, сенімді қарым-қатынас көрсетудің жолын түсіндіреді. Сонымен қатар, терапевт сіздің әке-шешеңіздің қандай типке жататынын талдап, өз сезімдеріңізді дұрыс жеткізуге және баланы түсінуге көмектеседі.

 

Айн Рэнд. Нарық Құдайы (Goddess of the Market: Ayn Rand and the American Right)

Дженнифер Бернс

Соңғы онжылдықта әлемдік бестселлерлер тізімінен түспеген «Қайнар» романының авторы жазушы Айн Рэндтің өмірбаянын арқау еткен еңбек тың деректермен қуантады. Өйткені Дженнифер Бернс – жазушының жеке құжаттарына алғаш рет рұқсатпен қол жеткізген тәуелсіз тарихшы. Оның оншақты жылын сарп еткен өмірбаяндық романы Айн Рэнд тұлғасының қалыптасуы мен дамуы жайында, артында қалған мұралары турасында сыр шертеді.

 

Бақалар (FROG)

Мо Ян

«Бақалар» кітабының сюжеті ХХ ғасырдың екінші жартысында Қытайда өрбиді. Кітап авторы Мо Ян Қытайдағы заманауи Қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының лауреаты. Ол елдегі «бір отбасы, бір бала» саясатының шындығын ашып көрсете отырып, «Бақаларды» сиқырлы реализм элементтерін қолдана отырып жазды. Басты кейіпкер акушер Ван Синь жүздеген баланың жарық дүниеге келуіне көмектесті, бірақ жаңа саясатқа орай адамдық ұстанымына қарсы шығуы тиіс. Билікпен ымыраға келуінен басқа жол да жоқ, ал өзіңе, өз сеніміңе қарсы шығу оңай ма?

Болмаған балалық шақ

Ақберен Елгезек

Ақынның фейсбук әлеуметтік желісінде балалық шақтан қалған естеліктері «Қайдағы-жайдағы еске түскенде» циклімен жарияланып, өз оқырманын тапқан болатын. Көпшілік арасында кең таралған повесть жуырда толықтырылып, басылып шықты.

«Сіз оқығалы отырған мына шағын хиқаят менің қызықты да мұңды балалық шағымнан сыр шертеді. Шығарма шырайы шындығында демекші, осы хиқаятта баяндалған оқиғалар ойдан шығарылған дүниелер емес, менің басымнан өткен тағдыр. Хиқаятта аты аталған кейіпкерлер де кездейсоқ, қиялымда туған жандар емес, бірі бақиға аттанған, бірі фəниде сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан адамдар», дейді жазушы. Автордың айтуынша, кітап сатылымынан түскен қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалмақ. Ендеше сауапты іске асығайық, оқырман!

Мөп-мөлдір көздің қарасы

Бейбіт Сарыбай

Көркем туындыға көне Тараз шаһарының мыңжылдық тарихымен астасқан аңыз-әңгімелер мен жазушының өзіндік пайымы арқау болған. Автордың сиясы кепеген жаңа туындысын оқи отырып, махаббат символына айналған Айша бибі кесенесі мен Ақыртас сарайы сынды ғашықтық хикаялары мен аңыз-дастан тудырған көрікті қаланың талайлы сырына қанық боласыз.

«Әуелдегі мақсат жазушыға белгілі бір өңір туралы өз қалауынша, өз стилінде көркем туынды жазып шығу болатын. Мен Тараз қаласына осы жердің тумасы, ақын Ерлан Жүніспен бірге келдім. Ол осы топырақтың тамырымен біте қайнасқан терең әрі талантты ақын. Екеуміз кітапты жазу барысында Тараз туралы тың дүниелер іздеп бірге жүрдік. Әңгімені жазып шығатын уақыт өте тығыз болды. Көлемі 100 беттен кем болмау керек деген талап болды. Шығарманың атауы пойызда, тамбурда тұрғанда қойылды. Ерлан бауырыма «Шығармаға Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген өлең жолын эпиграф етіп аламын», дедім. Мұнымды құп көрген Ерлан кітап атауын да тауып тұрғанымды айтып, бойыма сенім ұялатты», дейді жазушы жаңа туындысы хақында.

Заманауи қазақ прозасы қатарын жуырда жарық көрген шығармалар Нұрлан Қавдайдың «Сұр әңгіме», Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн», Берікбол Батанның «Өліктердің уысында ериді» кітаптары толықтырды. Әдебиет пен әдебиетшіге, жазушы мен кейіпкерге көңіл бөлуге айрықша мүмкіндік беріп отырған уақытты тиімді өткізіп, қазақ прозасының қатарына қосылып келе жатқан жаңа топпен таныса отырыңыз!