Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Ақтөбе: Жедел штабтың отырысы күніне екі рет өткізіледі

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында жедел әрекет ету штабы өз қызметін бүгінгі күннің өткіз талаптары мен сұраныстарына сай жүргізіп келеді. Оның отырыстарына өңір басшысы Оңдасын Оразалинның өзі төрағалық етіп жүр. Мұнда елімізде орын алып отырған күрделі жағдайлар мен ахуалға байланысты туындаған мәселелер іскерлік және жедел әрекет ете білу тұрғысынан талқылануда.

Ақтөбе: Жедел штабтың отырысы күніне екі рет өткізіледі

Індет қаупі сейілудің орнына күннен күнге күшейіп келеді. Мұндай сыни сәтте жан-жақты қамданып, тез қимылдап бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуге тиіспіз. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуінде айтылған мәселелер мен тапсырмалар өз деңгейінге орындалуға тиіс. Өйткені уақыт ырғалып-жырғалыду көтермейді деді облыс әкімі штаб отырысында.

Бұдан әрі бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланып жауапты лауазымды тұлғалардың есептері тыңдалды. Атап айтқанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың мәлімдеуінше өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты. Тұрғындар үшін барлық қауіпсіздік шаралары белгіленген. Әрі оның сақталуы қатаң және жіті бақылауға алынған. Азық-түлік бағасының негізсіз өспеуі және оның тұрақты болуы үшін тиісті тексерулер жүргізіліп келеді. Осы орайда кейбір штаб мүшелері отырыс үстінде сауда орындарында бірқатар кемшіліктер орын алғанын атап көрсетті.

Өз кезегінде мұндай көрініс тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген жергілікті өкілетті органдар өз қызметін ширата түсуі қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ бұл ретте өңірдегі құқық қорғау органдарының өкілдері де қырағылық танытып қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейте түсуге тиіс. Жедел әрекет ету штабының отырысында айтылған басты бір түйіннің бірі осындай.

Облыста жедел штаб мүшелерінің бас қосуын күніне екі рет өткізу тәртібі белгіленген. Яғни әр күн сайын таңертеңгі сағат сегізде кешегі күні берілген тапсырмалардың орындалу барысы тексеріледі. Сонымен бірге тәуілік ішінде атқарылған іс-әрекеттер шоғырына арналған тағы бір қорытынды жиын кешкі 20-00де өткізіледі. Өңірде құрылған штаб елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап осындай режимде жұмыс жасап келеді.

Ақтөбе облысы