Аймақтар • 21 Наурыз, 2020

Талғардың тәтті құлпынайы алматылықтарды тамсандырады

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы сияқты үлкен мегаполистің азық-түлікке сұранысы әжептәуір. Әсіресе, қала тұрғындарының көкөніс пен жеміс-жидекке жұмсайтын күнделікті қаржысы тіптен орасан екен. Демек, дайын нарықты балғын өніммен қамту жергілікті билік пен шаруа тізгінін қолына ұстаған іскерлердің міндеті болса керек.

Талғардың тәтті құлпынайы алматылықтарды тамсандырады

Осы тұрғыдан келгенде Алматы облысының мегаполиспен іргелес жатқан аудандарының мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде істің көзін тапқандар қаладағы нарықты игеріп жатыр. Соның бірі Талғар ауданындағы «Еңбек» шаруа қожалығы. Еңбекші ауылында орын тепкен қожалық жылыжай өндірісін дамытып отыр екен. Бүгінде шаруашылықтың құлпынай өсіретін жылыжайында жыл он екі ай бойы жеміс пісіп, қала тұрғындарының қажетін өтейтін өнім көлемі артып келеді.

Былтыр «еңбектіктердің» ісіне түрік инвесторлары қызығып, қаржы салуға ынта білдіріпті. Осылайша ауылдағы өндіріс халықаралық деңгейде келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде құлпынай егілген алқап көлемі 1 гектарға дейін өсті. Яғни, жабық жылыжай көлемі осынша аумаққа ұлғайды. Бұл дегеніңіз тәтті жидек түрін жыл бойы өсіріп, өнімін алуға таптырмас мүмкіндік болды деген сөз.

- Бұл жылыжайдың құрылысын бізге түркиялық әріптестер ұсынды. Жоба 2016 жылы Анталияда өткен Expo көрмесінде үздік деп танылған екен. Инвесторлар біздің ауылды таңдап, жобаны жүзеге асырғысы келетінін айтты, қазір нәтиже бар. Ал жобаға 400 миллион теңге инвестиция салды, - дейді «Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Бейбіт Ғабдуллин.

Жылыжай жұмысы толықтай жаңа технологиямен істейді. Голландиялық әдіс бойынша отырғызылған құлпынай түптерін қопсыту мен арамшөптен тазарту және піскен өнімді жиып, теруден басқа басқа әрекеттің барлығы цифрлы жүйеде атқарылады. Тамшылата суару әдісімен қоректенген жидек өнімді біркелкі әрі молынан береді екен. Ал жиналған дайын өнімнің мегаполис нарығына жөнелтілетінін жоғарыда айттық.

Айтпақшы, биыл Алматы облысы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің табысын 1 триллион теңгеге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Ал қайта өңделген өнім экспорты да 23 пайызға артып, оның ақшаға шаққанда құны 112 миллион АҚШ долларына дейін жетеді деген болжам бар. Бұға нтолық негіз бар. Өйткені, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 852 миллиард теңгеге жетіп, табыс мөлшері 3,4 пайызға өскен болатын.

 

Алматы облысы