Таным • 21 Наурыз, 2020

Азық-түлік сатып аларда да вирус жұқтырудан сақтану керек

792 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда орындарында азық-түлік сатып аларда өзіңді вирустан қалай қорғау керек? Заттардың сыртқы орамасынан ауру жұқтырып алу қаупі бар ма? Эпидемия кезінде балаларды далаға шығаруға бола ма? Елдің көкейінде жүрген бұл сауалдарға әйгілі Asklepios клиникалар желісі аурухана гигиенасы бөлімшесінің жетекшісі, Гамбургтың пульмонологы, медициналық кеңесшісі, доктор Сюзанна Хаггет жауап беріпті. Жұртшылыққа пайдалы кеңес болғандықтан біз де сұхбатты тәржімалап,  оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Азық-түлік сатып аларда да вирус жұқтырудан сақтану керек

Супермаркеттерде, дүкенде қажетті затты сатып аларда тұтынушылар қауіпсіздікті қалай сақтау керек? Азық-түліктің орамаларында, целлофан материалдарда вирус қанша уақыт өмір сүреді?

– Коронавирустық инфекцияның бұл түрі  металда, қағазда, пластикте бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін сақталып тұра береді. Сізге дейін оралған затты вирус жұқтырған адам ұстаса, оралған өнімдерде де ол болуы мүмкін. Сырқат адам түшкіргенде, жөтелгенде іштегі вирус сыртқа шығып, заттарға қонақтайды. Сондықтан сырты оралған азық-түлікті үйге келіп, сыртын суға шайып алған жөн. Қазір барлық елде азық-түлікті оралған түрде сату туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Беті ашық тұрған өнімдерді алмаған дұрыс. Азық-түлікті тасуға арналған арбалардың тұтқасы да қауіпті.  Қолдан қолға өтетін арбаларды ұстағаннан кейін қолды антисептикпен зарарсыздандырып, үйге келгеннен кейін мұқият сабындап жуу керек.

Баламен далаға шығуға бола ма? Балалар ойнайтын алаңда ойнау   қаншалықты қауіпсіз? Вирустар әткеншек, сырғанақтарда қанша уақыт сақталады?

– Коронавирус адам ағзасынан тыс ауада орта есеппен үш сағатқа дейін өмір сүре алатынын ғылыми зерттеулер анықтап отыр. Ал күн салқын болса, бірнеше күнге дейін өмір сүру қабілетін сақтайды. Әрине, далаға шыққан дұрыс. Бірақ тазалық тәртібін мұқият сақтаған жөн. Балалар арасында түшкірген, жөтелгендері болса, алыстау ойнау керек. Үйге келгенде балаңыздың қолын сабындап жуып, сыртқы киімін тазалап, қағып-сілку қажет.

Ал сырттан, басқа елдерден тапсырыс бойынша келіп жатқан қорабтарды, сәлемдемелерді ашу қаншалықты қауіпсіз?

 – Қытайдан, басқа да елдерден пошта арқылы келіп жатқан заттарды алу қауіпсіз. Вирус адам ағзасынан тыс  ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Сондықтан алаңдамауға болады. Бірақ сәлемдеме, басқа заттарды ұстағаннан кейін тағы да сол – тазалықты сақтап, қолды жуу керек.  Өзін, айналасын таза ұстаған адам вирустан да аман болады.

Әзірлеген Қымбат ТОҚТАМҰРАТ