- Қарасай ауданының тұрғынан вирус белгісі табылды. Ол азамат Стамбул қаласынан келгені анықталды. Облыстағы Қаскелең қаласына келгеннен кейін өзін жайсыз сезінгендіктен дәрігер шақырған. Мамандар науқасты бірден оқшаулап, бақылауға алған. Науқас 11 адаммен қарым-қатынаста болған екен, қазір олар да анықталып, мұқият тексерілуде, - деді бас дәрігер Бауыржан Ысқақ.
Айтпақшы, бүгін түске дейін Талдықорған қаласында коронавирус белгісі тіркелді деген ақпарат тараған болатын. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы бұл ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын айтты.
- Облыс аумағында індет белгісі табылғандықтан, бақылау шарасы күшейтіледі. Қазір Алматы қаласынан облысқа шығатын жолдарға қосымша санитарлық бақылау бекеттері қойылуда. Қаладан шыққан барлық көлік пен жолаушылар тексеріліп, залалсыздандырудан өтеді. Дәл осындай бақылау Талдықорған қаласына кіріп, шығатын жолдарда да қолға алынуда. Облыс орталығына кіреберіске де 4 жерден санитарлық бекет қойылады. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, мұның барлығы алдын алу шарасы. Ал Талдықорған қаласы бойынша індет жұқтыру дерегі тіркелген жоқ, - деді Ғалымұрат Жүкел.
Сондай-ақ, кешеден бастап Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы қаласында жұмыс істейтін аймақ тұрғындары мен қала аумағынан шыққан барлық азаматтарға 14 күндік үй карантинінде болу міндеттелді.
- Кешеден бастап Алматы қаласынан облыс аумағына кірген азаматтарды үй карантиніне ұстау басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдік қызметкерлері телефон байланысы арқылы хабарласу жолымен оларға бақылау жасайды. Сонымен қатар осы қаулыда жүк тасымалдаудың талаптары туралы айтылған. Ол бойынша тауарлар мен басқа да заттар герметикалық қаптамада тасымалданады және өңдеу мен фумигациядан өткізіледі. Герметикалық қаптамасы жоқ жүктерді тасымалдауға тыйым салынған, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Алматы облысы