Қазақстан • 21 Наурыз, 2020

Ұлттық ұлан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында кезекшілікті күшейтті

754 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен тыныштық күзетін күшейтті. Сонымен қатар, республика бойынша мемлекеттік маңызды мекемелер мен стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алды. Бұл туралы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық ұлан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында кезекшілікті күшейтті

Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы төтенше жағдай мен карантинге байланысты барлық шараларға жұмылдырылды. Ел астанасында күнделікті 600-ге тарта ұландық қызмет атқарады. Одан бөлек жекеленген бағыт бойынша тосқауыл бекеттері арасында екі ауысыммен тәулік бойы 72 әскери қызметші жұмылдырылған. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп 18 автопатрульдік көлікпен айналма жол арқылы транзиттік көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, ұландықтар құқық қорғау органдары мен санитарлық-эпидемиологиялық станция және Қорғаныс министрлігі қызметкерлерімен бірге 7 бірдей елордаға кіріп, шығу тосқауыл бекеттерінде күшейтілген күзету режиміне көшкен.

Кезекшілік 12 сағаттық ауысым бойынша жасалынған. Төтенше жағдайға жұмылдырылған қызметкерлердің барлығы қорғаныс құралдарымен жабдықталған.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласына кіріп-шығу барлық адамдарға рұқсат етілген, алайда 22 наурыз күні 00:00 сағаттан бастап тоқтатылады. Тек медициналық жабдықтар мен азық-түлік тиеген көліктерге рұқсат.

Ұлттық ұлан қызметшілері оңтүстік астанада да күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Алматыда қоғамдық тәртіпті сақтап, тыныштықты күзету бойынша 09:00-01:00 сағат аралығында 900-ден аса ұландық жұмылдырылған. Сонымен қоса, ұландықтар осы күнге дейін Алматыда вирус жұқтырылған ошақ – көпқабатты тұрғын үйлерді күзетуді де қамтамасыз етті.

Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге республика бойынша жалпы саны 4 мыңнан аса Ұлттық ұлан әскери қызмтшісі жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар