Аймақтар • 21 Наурыз, 2020

Алматы облысы: Белгісіз азаматтан 500 000 дана бетперде тәркіленді

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирусқа қарсы күрестің жалпыұлттық сипатқа ие болғанына қарамастан, бұл қасіретті жеке бас пайдасына жаратуды көздеген адамдар да арамыздан табылып отыр.

Алматы облысы: Белгісіз азаматтан 500 000 дана бетперде тәркіленді

Өкініштісі, жұрт індеттің алдын алуға бір кісідей жұмылып жатқанда қоғамдық ахуалға пысқырмайтындар күн сайын анықталып жатыр. Мысалға, қазір барлық аймақта медициналық бетперде тапшылығы байқалып отыр. Ал осы масканы жасырын жолмен саудаға шығармақ болғандар әлі де азаймай тұр. Бүгін талдықорғандық полицейлер сондай бір азаматты қылмыс үстінде ұстады. Яғни, Талдықорған қаласындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан 250 қорапқа салынған медициналық бетперде табылды. Жалпы санау барысында әр қорапта 1800-2000 дана бетперде бар екені белгілі болды. Болжам бойынша тауарды тиеп, одан әрі жөнелтуге дайындап қойған екен.

- «Бүркіт-162» патруль экипажы аулаларды аралап жүргенде қолдан жасалған қойманы байқаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Күдікті ретінде еш жерде жұмыс істемейтін 1960 жылы туған азамат ұсталды. Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексітің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, - дейді Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Тергеу барысында күдіктінің ірі көлемдегі медициналық бетперделерді қайдан алғандығы анықталып, тауарды қайда тасымалдауды жоспарлағаны зерделенбек.

 

Алматы облысы