Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Алматы қаласының әкімі қандай шешім қабылдады?

1681 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің әлеуметтік парақшасында төмендегідей шешім қабылдағаны туралы жазды. 

Алматы қаласының әкімі қандай шешім қабылдады?

«Алматыда коронавирустың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін қатаң шектеу шараларының қажеттігі туындады. Сауда орталықтарының, киім-кешек базарлардың, мектептер мен балабақшалардың, кафелердің, түрлі салондардың және басқа да қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Біраз жұрт ақысыз еңбек демалысына кетуге, енді бірі қысқартуға ілікті. Бұл жағдай аз қамтылған және жұмыссыз жүрген жандарға ауыр тиді.

Қиын жағдайға тап болған алматылықтарды қолдау үшін монополистермен лифт пен қоқысты шығаруды қоса алғанда, барлық коммуналдық қызметтер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы келісімге келдік. Наурыз және сәуір айларына келген түбіртектерді жыл соңына дейін төлеуге болады. Бұл ретте кешіктіргені үшін өсімақы мен айыппұл есептелмейді. Сондай-ақ, карантин кезінде қызмет көрсетушілер электр, су, жылу, газ және телефон байланысында қарызы бар тұтынушыларды ажыратпайды», дейді мегаполис басшысы.

Демек, жыл соңына дейін коммуналдық қызметтерге қарызы бар тұрғындардың электр жарығы, суы, жылуы мен газы, лифтісі ажыратылмайды. Сонымен бірге ақысы төленбеген телефон байланысы да өшпейді.

Дәл осы сәттерде Алматы әкімінің карантин кезеңіндегі коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді кейінге қалдыру жөніндегі бастамасына байланысты «Алматыэнергосбыт» ЖШС директоры орынбасары Ольга Антонова, «Алматытелеком» ӨТД В2С коммерциялық директоры Найла Абдилдаева брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

 

АЛМАТЫ