Коронавирус • 22 Наурыз, 2020

Коронавирус: Біз қауіпті белдеуде тұрмыз

2329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті белең алып келе жатқан қазіргі жағдайда біздің еліміз геосаяси орналасуы жағынан өте қауіпті белдеуде тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Коронавирус: Біз қауіпті белдеуде тұрмыз

Атап айтсақ, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы Қытаймен ­– 1460, Ресеймен – 6477, Орталық Азияда Өзбекстанмен – 2300,  Қырғызстанмен – 980, Түркменістанмен 380 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта осы мемлекеттердің барлығында (Түркіменстаннан басқа) коронавирус ошағы анықталып, оны жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Былайша айтқанда, біздер коронавирустың блокадасында қалдық десе де болады.

Шынында да солай. Одан біздің елімізді көп шығынсыз алып шығудың бір ғана жолы бар. Ол – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз бойынша жариялаған төтенше жағдай мен Нұрсұлтан және Алматы қалаларына енгізілген карантин шараларының талаптарын бұзбау болып табылатыны айтпаса да түсінікті. Осындай қысылтаяң кезеңде хас батырымыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Олай дейтініміз, коронавирус індетінің артында біздің еліміздің мүддесі, ұлттың денсаулығы, экономикалық қауіпсіздік және саяси тұрақтылық факторлары тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Осы орайда, Германияның Канцлері Ангела Меркельдің: «...Жағдай өте мүшкіл. Оған шындап мән беріңіздер. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біздің елде мұндай үлкен сынақ болған емес» деуі бекер емес.

Иә, бұл біздің елдігіміз бен бірлігімізді танытатын ұлы сынақ. «Біз «жаудың» қайда екенін, ол шабуыл үшін қандай «қаруды» пайдаланатынын және оның күшін тиімді төмендететін қандай әдістер барын білмейміз...» деп жазды Тунцзи медициналық университетінің сот медицинасы кафедрасының профессоры Лю Лян. Шынымен де солай. Бүгінгі күні бір Италияның өзінде  ғана күніне 800-ден астам адам аталмыш індеттің құрбаны болып отыр. Сонымен қатар,  о баста бұл індетке немқұрайды қарағандықтан залал шегіп отырғандықтарын ашық мойындаған италяндықтар әлем жұртшылығына үндеу тастап жатыр.

Италия газеттерінің күнделікті нөмірі қара жамылып шығатын көрінеді. Себебі, газет беттерінде жарияланатын мақаладан гөрі, қазанама мен көңіл айтулар басым түсіп жатқан сыңайлы.Бұған қоса пандемия етке жайып бара жатқан  жүз жетпістен астам мемлекеттің тағдыры қалай болатыны да бір Аллаға аян. Сондықтан да бұл індет жайбарақаттық пен жайбасарлықты, салақтық пен салғырттықты көтермейді.

Бекен Нұрахметов,

С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты.

АЛМАТЫ