Коронавирус • 23 Наурыз, 2020

Түнде Мысырдан ұшып келген әйелден індет табылды

7128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы 23 наурыз, сағат 16.00 кезіндегі эпидемиологиялық жағдай төмендегідей болып тұр.

Түнде Мысырдан ұшып келген әйелден індет табылды

Бүгін Алматы қаласында коронавирус жұқтырған тағы бір адам анықталды. 1975 жылы туған әйел қалаға Египеттен осы жылдың 23 наурызында түнгі сағат 01.00-де ұшып келген.

Ұшып келген бойда карантинге жатқызылып, оған COVID-19 сынамасына талдау жасалған. Бүгін диагноз нақтыланды.

Сондай-ақ бірқатар БАҚ жариялаған  екі адам карантинде жатып жұқтырған деген ақпараттың жалған екені хабарланды.

Олардың біреуі Мәскеу–Алматы рейсімен келген бұрын вирус жұқтырған науқаспен тығыз байланыста болған. Осыған байланысты науқас 14 күндік карантинге оқшауланды. Кеше оның вирус жұқтырғаны өкінішке орай, оң нәтиже беріп, анықталды.

Екінші адам Минск–Алматы рейсі арқылы ұшып келген. Ол отырған әуелайнерінде бұрын індет жұқтырған, Парижден осы рейс арқылы ұшып келген жолаушы болған. Сол күні ұшақтың барлық жолаушысы карантинге оқшауланды. Кеше оның да бойынан ауру белгілері анықталды.

Осылайша, бұл науқастар дертіне әуе саяхаты кезінде бұрын осы инфекцияны жұқтырғандармен байланысу арқылы душар болып отыр.

Қазіргі уақытта 26 науқас қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханаларында ем алып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, екі науқастың жағдайы қазір орташа ауыр, ал қалғандарының жағдайы – қанағаттанарлық.

Бүгінде қаланың провизорлық госпитальдарында 660 азамат, карантизацияға арналған нысандарда қосымша 778 адам болса, үй карантинінде 1472 адам бар.

Карантинге оқшауланған барлық азаматтың дене қызуы бірқалыпты, катаральды құбылыстар жоқ.

Провизорлық госпитальдарда ауырған науқастармен байланыста болған және 1А санатындағы елдерден келген адамдар бар екенін ЕСКЕРТІЛЕДІ. Олар асхананы бірге пайдаланбайды және жеке күтімі оқшауланған.