Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері «Туған жерге - тағзым» жобасы аясында Шығыс Қазақстандағы жер-су атауларының шығу тарихына қатысты біраз деректерді жинастырған екен. Бүгін біз «Егемен» оқырмандарының назарына соның бірін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
***
Катон өңірінде Майемер деген жер бар. Шежірешілер осы атауды Мая бимен байланыстырады. Олардың айтуынша, Мая би және Қаратай елінің тағы бір белді адамы, байы Есбол Құратайұлы мен батыры Жәнібек Шақабайұлы үшеуі 1750 жылдары бір шоғыр елді бастап әкеліп, оларды осы өңірге қоныстандырады. Көші-қонмен жүдеп-жадап келе жатқан елдің малын Нарынды бойлап, өрлей айдап, бір жасыл жазықтың шетіне іліне бергенде көшті тоқтатып, түнемелге кідіреді.
Ыңыршағы шыға бастаған малға ертеңгілік өң бітіп, құлпырып сала бергенін байқаған Мая би:
- Аш-арығың тойынатын жер екен, өңшең семіз сойылатын жер екен, бір-ақ күнде шыр қонатын жер екен, көздеріңе нұр қонатын жер екен, өріс күнде құлпыратын жер екен, жұмбағы мол сыр тұнатын жер екен, ат соңынан тай еретін жер екен, ал адамдар май еметін жер екен, осы ара Майемер болсын, - деген екен.
Мая бидің осы өңір туралы: «Қолшатыры басында, жанторсығы қасында, осыдан артық, жер ұйығы бар ма?» дегені де қазір ел арасында қанатты тіркеске айналып кеткен екен.
Деректерді жинастырған – кітапхана қызметкері Гүлбаршын Әбілғазинова.