Әлем • 24 Наурыз, 2020

Лукашенкоға коронавирус көмектесті

1595 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемде коронавирус індеті басталмай тұрып Белорусь президенті Александр Лукашенко жыл сайын жаңа жыл кезінде Ресей билігінің өзін бір тізерлетіп алғысы келетіндігін мәлімдеген болатын. Әңгіме Ресейдің Белоруссияға сататын мұнайының бағасы туралы еді.

Лукашенкоға коронавирус көмектесті

Белорусь басшысы Ресеймен бір экономикалық одақта екендігін пайдаланып, осы елден мұнайды басқалардан арзанырақ алғысы келеді. Ал Ресей билігі саудада туыстық жоқ екендігін алға тартады. Сөйтіп Ресейдің Белоруссияға сататын мұнайының бағасы үлкен ұрыс-керіспен барып белгіленеді. Осы жағдай жылма-жыл қайталанып келеді.

2017 – 2024 жылдарғаарналып жасалған үкіметаралық келісім бойынша Ресей Белоруссияға жылына 24 млн тонна мұнай сатуға тиіс. Ал оның бағасы халықаралық рыноктағы жағдайға байланысты жыл сайын реттеледі. Осы бойынша жылма-жыл жасалынатын Ресей мен Белорусь арасындағы баға жөніндегі контрактының күші 1 қаңтар күні тоқтаған болатын. Ал жаңасы әлі күнге дейін жасалынбай келеді. Басты себеп – екі ел арасындағы әдетке айналған баға тартысы.

Осыған сәйкес екі ел басшылығы арасындағы ақпан айының басындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталған еді.

Дегенмен жағдайдың қалай өзгеретіндігін алдын ала білгендей бұл жолы Белорусь Президенті өз ұстанымынан шегінбеске бекем бел байлады. Ресейдің өзін бағаға қатысты тізерлете алмайтындығын, өйткені мұның ел тәуелсіздігіне қатысты мәселе екендігін мәлімдеді. «Егер Ресей бағаға қатысты қоқан-лоқы жасай беретін болса, біз онда мұнай сатып алудың басқа да баламалы жолдарын қарастыратын боламыз. Тәуелсіз елміз. Ал оны басқаның алдында тізерлеу үшін алғамыз жоқ» дегендей мәлімдеме жасады.

Осыдан кейін көп өтпей-ақ жағдай 180 градусқа өзгеріп сала берді деп айтуға болады. Әлемде коронавирус індеті басталды. Осы жағдайға байланысты көптеген елдер өз шекараларын жауып, елдер арасындағы барыс-келіс үзілді. Ұшақтар ұшуын тоқтатып, әуе компаниялары тоқырауға түсті. Осыдан мұнайдан жасалатын керосин пайдалану көрсеткіші әлде қайда азайып кетті. Әлемде осыған дейін әр күні 7 млн баррель авиакеросин тұтынылып келгендігін еске алсақ, мұның тигізер әсері мол екендігін шамалауға болады. Сарапшылардың мәлімдеуінше қазір әлемдегі авиокеросин қоймаларының 80 пайызы осы өнімге толып тұр.

Осы жағдайға орай JBC Energy агенттігінің бағалауы бойынша сәуір-мамыр айларында әлемде керосиннің күндік сұранысы 2,7 баррельге дейін шектелетін болса, ірі мұнай трейдерлерінің бірінің болжамына сүйенген Bloombergагенттігі керосинге деген сұраныстың 50 пайызға дейін құлдырайтындығын жазған.

Оның үстіне, кез келген елде автокөлік қозғалысы шектелді. Бұл әлемдегі мұнай пайдалану көлемін еселеп азайтты. Мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасы құлдырайтыны бірден белгілі болды.

Оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» дегендей әлемдегі мұнай өндірудің екі алыбы – Сауд Арабиясы мен Ресей арасында халықаралық мұнай рыногына әсері мол дау шықты. Мұнай тұтыну рыногіндегі тұтыну көлемінің шектелуіне байланысты мұнай бағасын сақтап қалу мақсатында мұнай өндіруді шектеу жөніндегі ОПЕК+келісіміне Ресей бас имейтіндігін білдіріп, бұл келісімнен шығатындығын мәлімдеді. Оңайлықпен бітіспес дау осы жағдайдан бастау алды. 

Ашуына мінген Саудия билігі күтілмеген төтенше шараларға барды. Ол енді өз еліндегі мұнай өндіру көлемін бұрынғы 9 млн баррельден 12 млн баррельге дейін көтеретіндігін мәлімдеп, мұнай бағасын екі есеге жуық түсіріп жіберді. Еуропалықтарды мұнайды өзінен сатып алуға шақырды. Ресейдің құрамында күкірті көп юрлас мұнайына қарағанда Сауд Арабясында өндірілетін мұнайдың сапалы екендігі, әрі салмағы да жеңіл келетіндігі белгілі. Яғни өңдеуге де, тасымалға да тиімді. Сондықтан Саудияның бұл ұсынысына еуропалықтар бірден құлақ түрді.

Осы уақытқа дейін Сауд Арабиясының мұнайы АҚШ-қа жөнелтіліп, ал еуропалық рынокқа көбінесе Ресей иелік ететін. Ресей Еуропаға негізгі мұнай жеткізушінің бірі болатын. Мұнайды сату рыногы екі елдің арасында осылай бөлінген еді.

Енді осы тәртіп бұзылайын деп тұр. Енді Еуропаны мұнаймен қамту міндетін Сауд Арабиясы мен оның одақтастары бірігіп өз мойнындарына алмақ ниетте. Қазіргі күні Ресей мұнайы Еуропа рыногына өте қиын жағдайда шамалап қана өтуде.

Осы жағдай Ресеймен мұнай бағасы жөнінде тартысып жатқан Лукашенконың оң жамбасына дөп келді. Енді Луашенконыресейліктердің өздері іздеп тапты.

21 наурыз күні Лукашенко ресейліктердің бұл жолы Белорусь тарабының ұсынысына толық құлақ түргендігін, осы елге сатылатын мұнайдың әр тоннасының бағасын 7 долларға дейін арзандатпақ болғандығын, бірақ Белорусь тарабын мұның өзі қанағаттандырмағандығын мәлімдеді.

Енді 23 наурыздағы Рейтер агенттігі таратқан хабарға қарағанда, Ресей тарабы Белоруссияға сататын мұнайының әр тоннасының бағасын 12 долларға дейін төмендетуге бел байлап отырған көрінеді. Бұл Ресей мұнайының әр тоннасы Белоруссияға 15,7 доллардан сатылады деген сөз.

Рейтер агенттігінің мәлімдеуінше, Ресей тарабы Ресейге жөнелтілетін мұнай көлемін жаңа баға келісімі бойынша толық көлемінде қамтамасыз етуге әзір екендігін білдірген. Алайда осының алдында өзіне қажетті мұнайдың бір бөлігін Ресейден басқа елдер арқылы қамтамасыз ететіндігін мәлімдеген Белорусь билігі енді Ресейден қанша тонна мұнай сатып алуға әзір екендігін нақты айтпай отырған көрінеді.

 Әрине, осыдан екі ай бұрын Ресей мен Белорусь арасында мұнай бағасына қатысты осындай келіссөздер болады десе ешкім сенбес еді. Тіпті Лукашенконың өзі де күтпеген болар. Енді мұнай бағасына қатысты төрелікті оның өзі айтуда. Әрине, бұл істе Лукашенкоға коронавирустың және Саудия мен Ресей арасында орын алып отырған мұнай шайқасының көмектесіп жібергені айқын.