Білім • 25 Наурыз, 2020

Оқушылар IV тоқсанды қашықтан оқиды

1401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады. Министрдің орынбасары коронавирустың таралуына қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында 6 сәуірден бастап мектептер төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайтынын жеткізді. 

Оқушылар IV тоқсанды қашықтан оқиды

Оқушылар көктемгі демалыста жүргенде, мұғалімдердің жұмыстың жаңа форматына дайындықты бастап кеткенін жазған Ш.Каринова:

– Қашықтық тәртіпте жұмыс істеуде мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл - оңай шаруа емес және мұндай жұмыс бұрын талап етілмеген. Десек те, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс істейтін. Бұның өзі цифлық жүйеде жұмыс істеудің қандай да бір тәжірибесі екені анық, – деді.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар қашықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Ең маңыздысы – осы мәселені дұрыс түсіну. Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтан берілетін сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да басқа.
Осындай сын сәтте ұстаздарды күштеп жұмысқа тартып, онлайн-сабақтар жазуға мәжбүрлеп отыр деген орынсыз сұрақтар да туындамауы тиіс. Қазіргі жағдайда бұл мұғалімнің өзіне керек нәрсе, бұл мұғалім жұмысының жаңа шарты. Ең бастысы, оқушылар мұғалімнен қызықты, тартымды сабақ күтеді.

– Құрметті ата-аналар, біріншіден, бұл мәселеге сіздер түсінікпен қарауларыңызды, балаға жаңа форматта оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың орнауына ықпал етіп, қажетті нәтижеге жету үшін өз көмегіңізді беруді сұраймыз. Тек осылай, бірлесе жұмыс істеу арқылы біз оқу үрдісін дұрыс ұйымдастырып, балаларға қажетті білім мен құзіретін бере аламыз.
Кейбір мектептерде сапалы интернет мәселесі, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің болмауы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді пайдалану сұрақтары, дайын интернет-платформалардың жоқтығы түсінікті. Бұл сұрақтар, әрине, бар, олар жеке тұрғыда қарастырылады, оларды шешу жолдары анықталып қалды, – деді. 

Вице-министр өзінің фейсбуктегі ресми парақшасында Білім және ғылым министрлігінде, аймақтық білім беру басқармаларында қашықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша Жобалау офисі құрылып отырғанын; пандемия кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенгенін; мектептер мен ұстаздар үшін тиісті ұсынымдар дайындалғанын; ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленгенін атап өтті.

Сөзінің соңында: 

– Сонымен қоса, ұстаздар мен балаларға "Балапан" және "Ел-Арна" телеарналарында төртінші тоқсан басталсымен күнде 1-11-сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіледі. Қазір осы теле-сабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам теле сабақ дайындалады. Бұған үлкен күш жұмсалуда. Нұр-Сұлтан қаласының, Назарбаев Зияткелік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ береді. Ұстаздарға тек қолдау қажет, – деді Ш.Каринова