Әлем • 25 Наурыз, 2020

ЕО бюджеттік үнемдеу шараларын жояды

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ал ЕАЭО кейбір медициналық препараттарға баж салығын алып тастады. 

Кейбір сарапшылар ЕАЭО-тың төтенше жағдайдарда барлық мүше елдердің мүддесін қалтарыста қалдырмайтын ниетіне күмән келтірген болатын. «Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) коронавирус салдарынан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сыртына іссапарларды тоқтатты» деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметінен.

ЕО бюджеттік үнемдеу шараларын жояды

ЕЭК коллегиясының мүшелері 17 наурыздағы отырыста 2020 жылдың І жартыжылдығында ЕАЭО сыртына іссапарларға баруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бұл ақпарат та  ЕЭК баспасөз қызметі таратқан құжатта айтылды. 
ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович атап өткендей, алдағы уақытта тараптардың мамандары вирустық инфекцияның алдын алу және болдырмауға қажетті тауарлардың нақты тізімін келіседі.  Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ЕЭК алқасына коронавирустың таралуы жағдайында ЕАЭО-да макроэкономикалық тұрақтылықты, тауарлардың өзара саудасын және жұмыс күшінің еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылдау және ақпарат алмасу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Көріп отырғанымыздай, тапсырыстың жоқтығынан, жұмыстарын тоқтату қаупі төніп тұрған өндіріс ошақтарын анықтап, бір-бірін қаржылық қолдау немесе демеу шаралы әлі ЕАЭО деңгейінде талқыланған  жоқ, айтылып жатқан ұсыныстардың бәрі ақпараттық деңгейде. Жабылу қаупі төніп тұрған компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алып, қосымша дем беру мәселелері әлі ЕЭК деңгейінде сөз болған жоқ.  

Керісінше   2020 жылдың І жартыжылдығында ЕАЭО сыртына іссапарларға баруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдап, бір-бірінің есіктерін жауып алды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның 2019 жылдың 9 айына жасаған талдауы одақ аясында қалыптасқан қазіргі ахуал бәрінен де Ресей мен Беларусь экономикасына жұмыс істегенін дәлелдеп тұр. 2019 жылдың  9 айында Қазақстан ЕАЭО-дан тыс елдерге 38,3 млрд доллардың  өнімін сатып, 17,3 млрд доллардың өнімін алған. Яғни, одақтан тыс әлеммен сауда айналымында оң көрсеткіш бар. Экспорт импорттан 2,2 есе көп. Ал ЕАЭО-ға мүше елдерге 4,4 млрд доллардың өнімін сатып, 10,3 млрд доллардың өнімін импорттаған. Яғни импорт экспорттан 2,3 есе көп. Одақ ішіндегі импорт пен экспорттың балансы бойынша Қазақстан тек Қырғызстанның алдында тұр. Бұл елде импорт экспорттан 3,7 есе көп. Ал Ресейдің 4 елге жасаған экспорты импорттан 1,8 есе артық. 28 млрд доллардың өнімін сатып, 14,9 млрд доллардың өнімін тұтынған. Беларусь 10,6 млрд доллардың өнімін экспорттап, 16,3 млрд доллардың өнімін импорттады.

Сарапшы Ерлан Ибрагим 2015 жылдан бері Қазақстан ЕАЭО-ның бюджетін қалыптастыруға 14 млрд теңгеге жуық көлемінде жарна төлегенін айтады. 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанның ЕАЭО алдындағы қаржылық міндеттемесі туралы нақты ақпарат ашық дереккөздерде жоқ. Бірақ  ЕАЭО бюджеті туралы ережеде жарна ай сайын бір тоқсаннан кешіктірілмей төленуі керектігі айтылған. Сондықтан міндеттеме болған жағдайда, 1 қазаннан бері жиналған берешек көлемі 600 млн теңгеден аспауға тиіс. «Еуразиялық экономикалық одақтың 2020 жылғы бюджеті туралы» шешім 2019 жылы қабылданды. Бірақ  ол құжат та жария етілмеді. ЕАЭО бюджетінің жылдық өсу қарқыны мен ондағы үлесімізді ескерсек, 2020 жылы Қазақстан үшін  жарна көлемі 4 млрд теңгеге жуық болуы тиіс» дейді Ерлан Ибрагим.

Сондай-ақ сарапшылар ЕАЭО бюджетінен төтенше жағдайдарда көбірек зардап шеккен елдерге көрсетілгені туралы мәліметтер де құпия екенін айтады. Қазақстаның шығысы мен батысы , оңтүстігі мен солтүстігі еріген қар суы астында қалғанда немесе Арыстағы жарылыс кезінде ЕАЭО бюджеті тарапынан қаржылай көмек көрсетілді деген ақпаратты көзіміз шалған жоқ.

Сарапшы Ерлан Ибрагим ЕАЭО күні бүгінге дейін мұнай бағасы, арзан мұнай немесе әлемдік экпидемияның әсерін әлсірету туралы ортақ шешім қабылдауға мұршасы келмей жатқанын, өз проблемаларынан шыға алмай қалғанын   айтады, «ЕО мен ЕАЭО-ның бюджетін бір-бірімен салыстыруға болмайды. Бірақ  салыстырмалы түрде алып қарағанда ең көп зардап шеккен елдерге қажет тауарларды жеткізуді мүше елдердің жарнасы есебінен шешуге болады. Бірақ ондай шешімдер қабылданған жоқ. Тек қана аса қат тауарларынан баж салығын алып тастау туралы шешім қабылданды. ЕАЭО-ның ендігі беталысын алдағы шешімдерге қарап бағалауға боламыз. Қазіргі жағдай ЕАЭО-ға сынақ болғалы тұр» дейді.

ЕАЭО елдерінің бір-біріне деген гуманитарлы немесе қаржылай көмегі  баж салығын жеңілдетуден аса алмай тұрғанда ЕО   бюджеттік үнемдеу шараларын жою туралы шешім қабылдады.    Бұл ақпаратты euronews.com таратты.

ЕО барлық қаржылық үнемдеу шараларын, сондай-ақ коронавирустық пандемияның экономикалық салдарын жеңілдету үшін кәсіпорындарға мемлекеттік көмек көрсетудің қатаң ережелерін уақытша жойды. Бұл дегеніміз, ұлттық үкіметтер экономикаға қанша қажет болса, сонша ақша сала алады. ЕО үшін ең қиыны - Италия. Бірақ соған қарамастан ЕО елдері оны қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалдырмайтынын байқатты.

Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лейен апта басында өткен баспасөз жиынында инвестициялық бастамаға жол бергенін, бұл Италия үшін жақсы жаңалық екенін айтып, оның себебін былай деп түсіндіріп кетіпті.  «Италияға 11 млрд еуро қалады. Мұны экономиканың қай сегментіне бөлетінін Римнің өзі шешеді. 11 млр еуро –бұл жақсы көмек. Бұл қаржы  экономикалық дағдарысты еңсеруге көмектеседі деп ойлаймын» дейді Еуро комиссия басшысы  Урсула фон дер Ляйен.

Бұдан былай ЕО елдерінің үкімет басылары банкроттыққа ұшыраған көптеген мүше елдің компанияларына қаржы бөле алатынын осы жиында мәлімдеді.

«Бүгін біз бюджет нормаларын тоқтата тұру туралы шешім қабылдадық, сол арқылы мемлекеттер экономикаға қажет мөлшерде ақша сала алады.  ЕО-дағы мемлекеттік көмек ережелерін сіздің компанияларыңыз бен жұмыс орындарыңызға қолдау көрсету үшін әрдайым икемді ету туралы шешім қабылдадық»  деген Урсула фон дер Ляйен  Еуропалық Орталық банктің қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін еуропалық компаниялардың 750 миллиард еуро көлеміндегі құнды қағаздарын сатып алу туралы шешімін құптады.