(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының бірқатар маңызды нысандарының құрылысын аралап көрді. Президенттің жанында Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды. Елбасы өзінің сапарын алдымен “Астананың жаңа университеті” АҚ тапсырыс беруімен салынып жатқан жаңа университет құрылысын көруден бастады. Құрылысты жүргізуші түркиялық “Сембол УЯТПИТ” АҚ екен. Бұл университет елдің болашақ элитасын қалыптастыру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып жатыр. Ол қазақстандық білім беру жүйесіне үздік әлемдік тәжірибелерді қолдану мақсатымен ашылып, осы саладағы еліміздің ұлттық брэндіне айналуы тиіс. Ол жоспар бойынша үстіміздегі жылдың шілде айында ашылатын болады. Онда түсу емтихандарын ойдағыдай тапсырған төрт мыңдай талапкердің негізгі бөлігі мемлекеттік білім гранттары бойынша тегін оқиды. Бір ерекшелігі, оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Университет мынадай кәсіптер бойынша мамандар дайындайды: инжиниринг, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық ғылым, медицина, бизнес және мемлекеттік саясат. Бұл университет әлемнің алдыңғы қатарлы 30-дан артық білім ошақтарымен тығыз ынтымақтастықта болады. Университет 2010 жылғы қыркүйек айында алғашқы оқу жылына қабылданған студенттерге ағылшын тілін үйретуден бастайды. Оларға шетелдік ұстаздар сабақ береді. Елбасы Н.Назарбаев жаңа университеттің құрылысы барысымен танысып, оның үлкен корпусын аралап көрді. 122 мың шаршы метрді құрайтын осы нысанда қазір 1 мыңнан артық адам құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Кампустың орталық алаңында кітапхана, лекция тыңдау залдары, зертханалар, тамақтану орталығы, дүкендер, спорт залдары, т.б. болады. “Астананың жаңа университеті” АҚ президенті Аслан Саринджиновтың айтуына қарағанда, құрылыстың қалыпты жүруіне кедергі келтіретін проблемалар жоқ. Сондықтан ол белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс. Мемлекет басшысы бұдан кейінгі кезекте елорданың сол жағалауынан орын тепкен “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығын аралап, оның құрылысы барысымен танысты. Жалпы ауданы 133 мың шаршы метрді алатын бұл нысанды “Сембол Улусларарасы Ятырым Тарым Пейзаш Иншаат Санайи ве Тижарет Аноним Ширкети” АҚ жүргізуде. Дәл қазіргі таңда аталған жаңа ғимарат күмбезінде 836 ETFE этилфлуорэтиленді пленканың 801-і орналастырылған. Ал жалпы “Хан Шатырдың” құрылысына келер болсақ, оның бірінші қабатында автокөлікке арналған паркинг және дүкен, екінші қабатта сауда дүкендері, үшіншіде дүкендер мен кинозал, төртіншіде фаст-фуд пен балаларға арналған ойын алаңы, бесінші қабатта түрік моншалары мен сұлулық салондары, ал алтыншы және жетінші қабаттарда фитнес орталығы мен аквапарк орналасатын болады. Бүгінде бұл айрықша құрылыс нысанына 1000-нан астам жұмысшы тартылған екен. “Хан Шатырдың” басы-қасында жүрген мамандардың сөзіне қарағанда, аталған ғимаратты биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға тапсыру межеленіп отыр. Астана қаласының мақтан тұтар жаңа мәдени орталықтарының бірі – Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының жаңа ғимараты болмақ. Оның үлкен залына барлығы 1250 көрермен сыяды, соның ішінде үш қабатты балкондарының әрқайсына 250-ден адам отыратын болады. Негізгі сахнаның кеңдігі ұзынынан – 32, көлденеңінен 24 метрді құрайды, ал биіктігі – 35 метр. Қабырғалары акустикалық панельдермен қапталып, операның табиғи дауысын бұзбайтындай етіп жасалмақ. Театр ғимаратының жалпы аумағы 37,7 мың шаршы метрді құрайды. Құрылысшылардың межесіне қарағанда, ол 2011 жылы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында өзінің есігін айқара ашпақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның іргетасына капсула көмді, сосын жиналғандардың алдында мәдениет ордаларына сәйкес Астана тұрғындарының да, соның ішінде шенеуніктердің де мәдениетті, биязы, сыпайы болуы керек екенін ескертті. “Біздер, астаналық тұрғындар, өзге жерлерге қарағанда, әлдеқайда мәдениетті болып, басқаларға үлгі көрсетуіміз керек. Сондықтан да осындай мәдениет ошақтарын көптеп салып жатырмыз. Бұл теңдесі жоқ тамаша театр болады”, деді Елбасы. Елбасының бұдан кейін аралаған төртінші нысаны – “Шабыт” шығармашылық сарайы болды. Бұл нысанның құрылысын 2008 жылдың наурыз айынан бастап “Базис-А” ЖШС корпорациясы жүзеге асыруда. Тапсырыс беруші – Астана қаласының құрылыс басқармасы. Ал жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді құрайтын “Шабыттың” жалпы құрылысына 8,5 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Дөңгелек пішіндес, айшықты ғимарат 8 қабаттан тұрады. Атап айтар болсақ, бірінші қабатта 500 орындық үлкен және 140 орындық кіші концерт залдары, балет залы, сондай-ақ асхана орналасқан. Ал жоғары қабаттарда 215 оқу сыныптары бар. “Бұл нысан Үкіметтің қаулысы бойынша, Қазақстанның Музыкалық академиясының ғимараты болып есептеледі. Нысан құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталмақ. Қазіргі таңда бұл ғимаратты пайдалануға беру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды”, – деді “Базис-А” ЖШС корпорациясының бас директоры Сейітжаппар Әлімжанов. Оның сөзіне қарағанда, нысан құрылысын алдын ала белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтау көзделіп отыр. “Ғимарат сызбасын архитекторлар мен Астана қаласының құрылыс саласы мамандары әзірлеген болатын. Жақын күндері нысанның сыртқы құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Ал негізгі жұмыстардың барлығы тегістей жүзеге асырылды. Ғимарат қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Мұндай пішіндегі әмбебап ғимарат Қазақстанның еш жерінде кездеспейді. Болашақта ол Астананың сән-салтанатын еселейтін айшықты ғимараттардың қатарын толықтырады деген ойдамыз”,–деді Сейітжаппар Мұхаметәлиұлы. Жақсыбай САМРАТ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше