Коронавирус • 25 Наурыз, 2020

Варшава - Қарағанды рейсіндегі жолаушылардан коронавирус анықталған жоқ

76 реткөрсетілді

23 наурызда Қарағанды әуежайына Варшава – Қарағанды рейсінің ұшағы келіп қонды. Арнайы рейстің бортында 207 адам болған. Олардың барлығы COVID-19 вирусына тест тапсырды. Жолаушылардың ешқайсысында ауру анықталған жоқ. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бортта шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттер және өзге де отандастарымыз болды. Еліміздің Үкіметі тұрақты әуе қатынасының тоқтауына қарамастан, қазақстандықтарға отанына оралуға көмектесу үшін арнайы рейстер жіберген болатын. Ұшақ Қарағанды әуежайының аумағына қонғаннан кейін бортқа дәрігерлер бригадасы көтерілді. Әрбір жолаушы қатаң эпидемиологиялық регламент бойынша мұқият медициналық бақылау рәсімінен өтті.

Барлық шаралар орындалған соң келушілер қаладан тыс арнайы госпитальға жеткізілді. - Барлық дәрігерлер Польшадан келген адамдарды бақылау үшін госпитальге өз еркімен келді. Бұл – біздің дәрігерлік парызымыз. Біз барлығының сау екенін білгенде қатты қуандық, - дейді жалпы тәжірибе дәрігері Хайролла Ерғашев.

Варшава-Қарағанды рейсінің жолаушылары карантинде екі күн болды. Осы уақыт аралығында ағзада коронавирус бар болуына талдау жасалды. Тестілер барлық келгендердің дені сау екенін көрсетті. Қазір олардың барлығы туған қалаларына жолға шыға бастады. Рейстің жолаушылары қарағандылық дәрігерлер мен полицейлерге қиын уақытта қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғыс білдіреді.

«Бұл қадам – Отанымыз бізді әрқашан қиын уақытта да күтіп, қорғайтынын тағы да түсінуге мүмкіндік берді», деді келгендердің бірі.

Соңғы жаңалықтар

? (Сұрақ белгісі) Поэма

Әдебиет • Кеше

Цензурасыз Абай

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар