Руханият • 26 Наурыз, 2020

Академиялық кітапхана тынысы

914 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде елорданың Ұлттық академиялық кітапханасы шартарапты шарлаған коронавирусқа байланысты қашықтық режімде оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуде. Яғни, қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы күнделікті 24/7 режімінде жұмыс істеп тұр.

Академиялық кітапхана тынысы

Қазіргі таңда Ұлттық электронды кітапхана қызметін әлемнің 60-тан астам елінен оқырмандар қолдануда. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ елдері бар. Сондай-ақ, порталды ТМД, Финляндия, Германия, Болгария, Румыния, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. мемлекеттердің азаматтары пайдаланып отыр.

Осы орайда жуырда ғана қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана «Қазақстанның ұлттық және мәдени мұрасының ресурсы ретінде» атты вебинар өткізді. Одан бөлек online кітапхана жобасы іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанның барлық кітапханашылары мен ел азаматтарына арналады. Сондай-ақ қазіргі заманғы жаңа технологиялар бойынша әртүрлі тақырыптағы күнделікті дәрістер өткізіледі деп жоспарлануда.

Пайдаланушылар үшін білімнің барлық салалары бойынша қазақстандық басылымдарға қолжетімділік беріліпті: сирек кітаптар мен қолжазбаларға, мақалаларға, газеттер мен журналдарға, көркем әдебиетке, мемлекет және құқық, өнер және т.б. Сонымен қатар, пайдаланушылар авторефераттар мен диссертацияларға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми басылымдарға, сондай-ақ кітапхана жазылған IPR Books және Euromonitor Passport толық мәтінді деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

YouTube арнасында және әлеуметтік желілерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың лауреаты, журналист Көпен Әмірбектің «Абай ─ сатирик» тақырыбында дәрісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ибраев, прозашы, ақын Б.Әлімжановпен, қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі К.А.Ханмен сұхбаттар қойылған.

Кітапхананың онлайн қызметі бойынша болашақта көптеген жұмыстар атқарылмақ. Атап айтсақ, қазақстандық журналдардың сайттары, оның ішінде ғылыми басылымдарға шолу жасау, кітапхананың атаулы оқу залдарының ұлттық қоры туралы ақпараттық сағат, жаңа терминологиялық сөздіктер мен «XXI ғасырдағы Қазақстан және әлем» онлайн-шолулар, жаңа кітаптар, әдеби кештер, «Қазақстан жазуының және кітаптарының тарихы» видеолекциялар, балаларға арналған онлайн-поэзия және суреттер сайысы, балалар әдебиеті мен ертегі терапия онлайн дәрістер, «Абай – сатирик», ақын-жазушылармен, абайтанушылармен онлайн кездесулер, сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар онлайн лекциясы, ақпараттық технологиялар жөніндегі вебинар, Әбу Насыр әл Фарабидың 1150 жылдығына орай онлайн конференция мен онлайн лекциялар өткізілмек.