Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Бүгін індеті расталған науқастың бірі Нью-Йорктан келген

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін 26  наурызда, сағат 18.40 кезінде  Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырып алған 40 жағдай тіркелді. Бұл жөнінде Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Бүгін індеті расталған науқастың бірі Нью-Йорктан келген

Дерті жаңадан анықталған пациенттерге келетін болсақ, 1995 жылы туған бірінші пациент 21 наурызда Нью-Йорк­–Мәскеу–Алматы рейсімен ұшып келген.

Коронавирусы жаңадан расталған келесі адамдар бұрын жұқтырған адамдармен байланыста болғандар. Барлық пациенттерде қазіргі уақытта жай-күйі – қанағаттанарлық.

Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханаларында қазіргі уақытта 40 пациент бар, оның ішінде екі бала бар. 38 пациенттің жай-күйі – қанағаттанарлық, 1 баланың жағдайы орташа дәрежеде, біреуінде – жағдайы ауыр, ентігуіне байланысты өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

1956 жылы туылған бұл пациенттің жай-күйі өкпенің созылмалы обструктивті ауруының болуымен байланысты екендігін естеріңізге сала кетейік. Бүгінгі күні провизорлық госпитальдарда карантинде 938 азамат, оның ішінде 56 бала бар. Карантиндегі барлық адамның дене қызуы қалыпты жағдайда.

Сондай-ақ, бүгін, 26 наурызда Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан COVID-19 расталған әйел емделіп шығарылды. Ол коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың Қазақстанда алғашқылардың бірі болды. Пациент шет елдерде – еуропалық елдердің бірінде коронавирусты жұқтырған.

Ол вирусқа қарсы ем мен симптоматикалық терапияның толық курсын алды. Дерті симптомдарсыз өтіп, вирусқа қарсы емді әйел жақсы, бірқалыпты қабылдаған. Емдеу барысында асқынулар болған жоқ. Алғаш жазылып шыққан алматылыққа екі рет қатарынан анализ жасалып, екі ретінде де бақылау талдауы коронавирусқа теріс нәтиже көрсетті.

 

АЛМАТЫ