Коронавирус • 27 Наурыз, 2020

COVID-19: бір адам қайтыс болды

679 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, кеше коронавирус індетінен бір адам қайтыс болды. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте осы ауыр қаза туралы хабарлаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев бұл жағдай індеттің қауіптілігін және шектеу шара­ла­ры­ның қаншалықты маңыздылығын көрсететінін атап айтты.

COVID-19: бір адам қайтыс болды

«Өкінішке қарай, кеше коронавирустен бір әйел адам қайтыс болды. Бұл орны толмас ауыр қаза. Марқұмның жақындарына көңіл айтамыз. Вирустың ел ішінде тарауы өсіп келе жатыр. Бұл жағдай – коронавирус инфекциясының қаупін тағы бір еске салып отыр. Қазір болып жатқан жағдай – бәріміз үшін сынақ. Оқшаулану бо­йынша биліктің барлық талабын орындау керек. 28 наурыздан бастап республикалық маңызы бар үш қалада жаңа шектеу шаралары күшіне енеді. Бүгін Үкімет жариялаған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына қатысты шектеулер – коменданттық сағат емес. Бірақ ол талаптарды қатаң сақтау керек», деген ол халықты үйден шықпауға шақырды.

Еске салай кетейік, министр күндіз өткен брифингте төтенше жағдай кезіндегі заң бұзушылық, кірісінен айырылғандарға төлемақының берілу тәртібі, кәсіпкерлікті жалғастыру және білім беру, сондай-ақ электронды үкімет арқылы онлайн қызмет алудың мүмкіндіктері туралы баяндап, COVID-19 вирусын жұқтырған екі науқастың ауруханадан шыққанын айтты.

Министрдің хабарлауынша, оның бірі Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделген. Ал олардың жеке мә­ліметтері тек өздерінің рұқ­сатымен ғана жариялануы тиіс екенін ескерткен Д.Абаев: «Ке­ше осы хабар тараған соң бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдері пациент­тер туралы сұрап, көптеп ха­барласты. Сондықтан дәрігер­лік құпияны сақтау жөнінде тағы да еске саламыз. Ешкім коро­навирус­пен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайды. Бұл адамдардың барлығы өз азаматтарымыз. Олар өзіне қатысты жеке мәліметтерді жа­рияламауға құқығы бар. Біз сол құқығын сыйлауымыз керек. Сонымен бірге егер ол адамдар туралы қандай да бір ақпарат тапсаңыздар, ол кісілердің рұқсатынсыз ешкімге бермеуді сұраймыз. Оларды емдеу тәртібі туралы журналис­терге дәрігерлер айтып бе­реді. Мұндай сұхбатты біз ұйым­дас­тыра аламыз», деді.

Төтенше жағдай кезінде елдегі заңдылық пен тәртіп сақ­тауды қамтамасыз етуге қатысты баяндаған ведомство басшысы қазір барлық өңір­де прокуратура, полиция және мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінен құ­ралған мобильді топтар жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ми­нистрдің айтуынша, олар бар­лық жерде медициналық мас­калар мен антисептиктерді рұқ­сатсыз жоғары бағада сату деректерін анықтауда. Сондай-ақ төтенше жағдай басталғаннан бері Қылмыстық кодекстің 214 бабы бойынша 15 тергеу амалы басталған. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында мұндай деректер анықталып отыр. «Елордада және Ақтөбе облысында мас­ка және антисептикті заңсыз сатқан 40 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Осы әкім­шілік және қылмыстық істер бойынша 4 млн маска мен 13 мың литр антисептик тәркіленді. Олар денсаулық сақтау мекемелеріне беріліп жатыр», деді Д.Абаев.

Министр төтенше жағдай енгізу салдарынан кірістерін жоғалтқан азаматтарға төле­нетін қаражат мәселесіне тағы да тоқталды. «Бұл бойынша бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы шығады. Сол жерде Төтенше жағдайлар кезіндегі әлеуметтік төлемдердің берілу ережесі көрсетіледі», деді ол.

Аталған төлемдер Әлеу­меттік сақтандыру мемлекеттік қорынан төленетінін айтқан Дәурен Әскербекұлы оның түр­лерін де атап өтті. «Төлем 2 түр­лі болады. Бірінші, тө­тенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға. Оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ, шағын және орта бизнестің қызметкерлері болуы мүмкін. Олар соңғы жылы мемлекеттік қорға 3 рет аударым жасаған болуы керек. Қа­жетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық және қала­лық жұмыспен қам­ту штабтарына беру керек. Төлемдер төтенше жағдай аяқ­талғанша жүреді. Төлемнің екінші түрі – жұмыстан шығып қалғандарға қатысты. Олар төлемді 1 айдан 6 айға дейін алады. Төлем көлемі айлықтың 40%-ын құрайды», деген министр бұл төлемді алу үшін Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет екенін жеткізді. Арызды онлайн беруге болады. Осындай төлемдер 1,5 млн адамға берілмек.

Д.Абаев кәсіпкерлерді қол­дау мақсатында Энергетика ми­нистрлігі жер қойнауын пайда­ланушыларға отандық өндіру­шілерден тауарды конкурс өт­кізбей сатып алуға рұқ­сат бер­генін хабарлады. «Бұ­рын ол екі айға дейін созылуы мүмкін еді. Бұл түзетулер қазақстандық ком­паниялардың үздіксіз жұмысын және бюд­жетке салық түсімін қамта­масыз етеді. Бұдан басқа, бұл норма кәсіпорындарға қыз­меткерлерін қысқартпауға кө­мектеседі», деді ол.

Сондай-ақ еліміздегі эпи­де­мия­лық жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалаларындағы және Түр­кістан, Ақмола, Алматы об­лыс­тарындағы балабақшалар жұмы­сын тоқтатты. Ал қалған өңір­лерде балабақшалар штат­тық ре­жімде жұмыс істейді. Бірақ ба­лабақшаларға бала­лар­­ды ата-аналар өз еркімен апару­ға мүмкіндігі бар. Ал апар­­ма­ған жағдайда бала­лар­дың ба­ла­бақшадағы орны сақ­талады. Қа­зіргі уақытта штат­тық режім­де жұмыс іс­тейтін бала­бақ­ша­ларға тек 67 мың бала келу­де, бұл көрсеткіш 11%-ды құ­райды. «Бұл жерде бі­лім басқармаларының басшы­ларына айтарымыз, жалпы бала­бақшаларда мүмкіндігінше аз балалар жинақталған ке­зекші топтар жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет», деді министр.

Орта білім бойынша мектеп оқу­шы­ларын қашықтан оқыту жөніндегі жұ­мыс тобы құ­рыл­ғанын, негізгі кон­­тент ретінде телевизиялық са­­бақ­­тар мен дайын цифрлы ре­сурс­­­тар ұсы­нылатынын айтты. «Теле­­ви­­­дениеге 2 мыңнан ас­там сабақ тү­сіріледі. Қазіргі таң­да 200-ге жуығы дайын», деді министр.

Президенттің тапсырмасы­мен Қазақстанның барлық қалаларында халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды. «Алайда мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын egov.kz порталынан алуға болады. Сондай-ақ бір­қа­тар қызметтер мен сервис­тер мобильді қосымшада, те­леграмм мен әлеуметтік же­лілерде қолжетімді. Жақын арада онлайн-қызметтер саны артады. Сонымен қатар 1414 бай­ланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл арқылы бір уа­қытта мыңнан астам адам кеңес ала алады. Кеңес беру бейнебайланыс арқылы да қолжетімді. 21 наурызға дейін құжат тапсырған азаматтар құжаттарын сол тапсырған орталықтан 28 наурызға дейін ала алады», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Сонымен кешегі деректерге сәйкес елімізде 111 адам коронавирус жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында – 61, Алматы қала­сында – 40, Шым­кент қала­сында – 2 жағдай тір­келсе, Қара­ғанды қаласында – 4, Алма­ты облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында 1 науқас анықталып отыр.

Соңғы жаңалықтар