Тарих • 27 Наурыз, 2020

Бес баласын соғысқа аттандырған әулет

6243 реткөрсетілді

Біз Ұлы Жеңіс деп атайтын қасиетті күннің тасасында талайлардың кермек тағдыры жатыр. Қазақ жерінде боздағын майданға аттандырмаған әулет жоқ. Тұтқиылдан тұтанған соғыс өрті Шоқан молданың шаттығы мол шаңырағының да шырқын бұзды. Сайдың тасындай бес ұлын майдан даласына аттандырған қария хабарсыз кеткен қос перзентін өмірінің соңғы сәтіне дейін зарыға күткен.

Соғыс... «Осы бір қасіретті сөз айтылғанда қайғыдан қан жұтқан қайран әжем, майданнан оралмаған оғландарын зарлана еске алып, бір Құдайға аманаттап отыратын», деп әңгі­месін бастаған зейнеткер Қасен Шалабаев «Егеменнің» редакциясын арнайы іздеп келіпті. Оқырманымыздың көңілін тын­шытпаған тынымсыз ойлар бізге де әсер етпей қоймады. Қария тамам елге тұман орнатқан зұлмат күннің зобалаңын басынан өт­кер­ген өз әулетінің тарихын баян­дап берді.

Балқаш ауданының аумағын­дағы қазір ел тұрды десе ешкім сенбейтін Көккөл дейтін жерде Шоқан Тортайұлы мен Айкүн әжеміз соғыс басталғанға дейін мамыражай тіршілік кешіпті. 1941 жылы «ел басына екіталай күн туғанда» қолындағы күре­гін қаруға айырбастап майдан шебіне үйдің тұңғышы Қалибек ат­танады. Нақ сол жылы қыр­күйек айында інісі Шалабай да соғысқа алынған. Кейіннен жас­тары жиырмадан енді асқан тетелес бауырлар Мейірбек пен Еркебекке де ағаларының ізі­мен қан майданның қырғынын кешу жазылыпты. Үйдің кенже ұлы Кәрібек те 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ал­маты маңындағы атты әскер даяр­лайтын арнайы полкте 6 ай­­лық сынақтан өтіп жатқанда со­ғыс өрті тыйылып, жеңіс туы желбіреген.

Бірі Сталинград үшін болған шайқаста, енді бірі Ленинградты жау тылынан азат етуде айбын­ды ерлік көрсетіп, ауыр жара­қат арқалап елге есен оралған Қалибек пен Шалабай Шо­қанов­тар еңбекке етене араласты. Ұрпақ өрбітіп, әке мен ана­ның арманын жалғаған ағалы-інілі майдангерлердің бірі 64, екін­шісі 41 жасында өмірден өткен. Өкініштісі сол, Мейірбек пен Еркебектің маңдайына туған жерге қайта оралу бақыты бұйыр­мапты. Түтінін түтетіп, артына із тастап та үлгермеген екеудің бей­мәлім тағдыры осыдан 35 жыл бұрын дүниеден озған аналары үшін жұмбақ күйде қалған. Оқыр­манымыз тілге тиек еткендей, кейуана көзі тірісінде кірпігі жас­қа шыланып, кеудесі үмітке толып «құлындарымнан бір хабар келсе» деп тілеумен өтіпті.

Әдетте, біз соғыс туралы сөз қозғағанда  ардагер аталарымыздың ерен ерлігін, бейнетпен белдесіп, тылда тынымсыз тер төккен әжелеріміздің табандылығын, «бәрі де майдан үшін» деген ұранды алға ұстап еңбекпен ерте есейген соғыс балаларын айтамыз. Бірақ, соның бәрінен де көңіл құлазытатыны үлкен өмірге енді қадам басқанда майданға алынып, артында із қалмаған, жар құшып, бала сүймеген беймәлім солдаттардың белгісіз тағдыры. Өлім мен өмірдің ортасында от кешсе де қырғыннан  аман құтылып елге келген майдангерлер қан жұтқызған қасіретті шақты өз отауының, өз ошағының басында отырып еске алды. Еңбекке араласып, азды-көпті құрметке бөленді. Әрине бұл жауынгерлердің жанына майдан салған жараны жаза алмасы анық. Ал, артында іздеушісі де қалмаған, тіпті қайда жерленгені де белгісіз боздақтардың тағдыры немен тынды? «Сұрапыл  соғыс аяқталып елге ораламын», «іңкәріме жүрек сөзімді айтамын», «ұрпақ өрбітіп көшімді жалғаймын» деген арман олардың көкірегін толтырмады деп кім айта алады?  Осындай сәтте жанға бататын сан сұрақтың жалғыз жауабы ретінде «Ай мен Айша» қойылымындағы сұм соғысты тілдеген кейіпкер Нұрперзенттің  аузымен «Атаңа нәлет, соғыс, атаңа нәлет, Гитлер» деп айтқың келеді.

Ресми деректерге сүйенсек, Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде үш жүз мыңға тарта қазақ­стандық сарбаз хабарсыз кет­кен. Бұрынғы Кеңес Одағына мүше барлық мемлекеттердегі ерік­ті­лерден құралған арнаулы топтар қанды қырғында ұшты-күйлі жоғалған солдаттарды іздеумен бүгінге дейін айналысып келеді. Интернет игіліктерін тиімді пайдаланып, әлеуметтік желідегі осы мазмұндас топтармен тығыз байланыс орнату арқылы аталарын тапқандар да, іздей-іздей күдер үзгендер де бар. Мақаламызға мәйек болған сарбаздарды да туыстары ұзақ уақыт бойы іздеген.

Үміт пен күдікке қатар міңге­сіп майданға аттанған ағалы-інілі жауынгерлердің соғыстағы жолы туралы қандай да бір мәлімет бұған дейін табылмаған еді. Мейірбек Шоқановтың сүйегі қайда қалғаны, өмірде бар-жоғы әлі күнге жұмбақ күйде қалып отыр. Тым болмаса артынан бір тілім қара қағаз да келмеген. Заманында әке мен ананың, елге оралған бауырларының үмітін жалғаған да осы болатын. Бірақ соғыстың нағыз қызған шағында әскер шебіне алынған сарбаз туралы бірде-бір ақпарат жоқ. Шоқан молданың кенже ұлы Еркебек ерлікпен қаза тапты деген қаралы хабар келгенімен, қайда жерленгені бертінге де­йін белгісіз болып келді. Ресей жеріндегі бауырластар зиратының біразына сұрау салып, тізімнен Еркебектің есімін таба алмаған жақындары сан түр­­лі ойдың тереңіне бойлапты. Айкүн әженің, «балаларым тірі шы­ғар, бір хабар келер» деп зары­ға күт­кені де сондықтан болса керек.

Араға қаншама жылдар салып немере ағасы Еркебек Шо­қанов­тың Германиядағы бауыр­лас­тар зиратында жерленгені тур­алы хабар естіген Қасен Шалабаев, жауынгердің соғыс жыл­дарын­дағы айбынды ерлігінен сыр шертетін маңызды құжаттарға да қол жеткізіпті.

1945 жылы генерал-майор Аркадий Снегуров қол қойған жауынгердің жеке ерлігі туралы баяндау хатта «Польша жерінде, Висла өзенінің батыс жаға­лауындағы неміс басқын­шыларының қорғанысын бұзып өту кезінде (19 қаңтар 1945 жыл) пулемет оқтарының қардай бо­рап тұрғанына қарамастан, біз­дің әскерилерге бөгет жасап тұр­ған миномет батареясын, 3 пулеметті анықтап, оларды тас-талқан етті. Сержант Шоқанов Еркебек жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру кезінде жеке өзі немістің 8 солдаты мен бір офицерінің көзін жойды. Берлин маңында болған шайқаста сержант Шоқанов зенит бригадасын анықтап, нәтижесінде, дивизия ша­буылымен ол позициялар жойылып, жау орнын тастап кетуге мәжбүр болды. Осы айқаста сержант Шоқанов жеке өз басы не­міст­ің 6 автоматшысы мен 2 «фауст­никтің» көзін құртты» деп жазылған. 1945 жылдың 18 мамыр күні қазақ сарбазына көзсіз ерлігі үшін Қызыл Ту орде­ні беріліпті. Марапатқа әске­ри кеңестің мүшесі генерал-лей­тенант Телегин қол қойған. Одан бөлек Еркебек Шоқановты «Даңқ» орденіне ұсынған құжат­тар да табылып отыр.

– Біздің әулет – майдангер­лер­дің әулеті. Атам мен әжем, әкем және бауырларым хабарсыз кеткен Мейірбек пен Еркебек жайлы көп айтатын. Тым құрыса жерленген жерлері табылса, туған жерінен бір уыс топырағын апарып салсақ деп армандайтын еді. Осы сөз құлағымда қалып қойыпты. Ол шақтарда заман қиын еді. Технология дамыған қазіргі кезеңде барлық ақпарат қолжетімді. Былтыр немерем Айзат Болатқызы Ұлы Отан со­ғы­сындағы тың мәліметтер мен құжаттар салынатын арнау­лы сайтты ақтарып отырып, үлкен атасының бауыры Еркебек туралы мәліметтерді көргенде қуа­нышы қойнына сыймай үйге жүгіріп келіпті. Ол кісінің Гер­ма­нияда жерленгені, соғыста көр­сеткен ерлігі тұтас баяндалған құжат­тарды қолымызға ұстаған­да кіші әкеміз тіріліп келгендей қуандық. Ал отызға толар-толмас шағында соғысқа кеткен Мейірбектен сол күйі хабар болмады. Өкініштісі, артын­да ешқандай белгі қалмады. Ата­лары­мыздың алдындағы борыш ретінде әкеміздің бауырын біз ұмытпаймыз, бізден кейінгі ұр­пақ жадында сақтай ма, кім біл­сін? – дейді Қасен Шалабаев.

Жылдар өтер, ел жаңарар, ұрпақ алмасар. Соғыста шейіт болған талай майдангерді әулет көшін жалғаған ұрпағы іздеп тауып, аруағына салауат айтып, құран бағыштар. Ал өрімдей кезінде өмірден өтіп, артында із де қалмай, сүйегі қиырда жатқан Еркебек Шоқановты кім жоқтайды, одан қандай белгі қалмақ? Бізге бұл оқиғаны баяндай келген Қасен қарияны да алаңдатып отырғаны осы. Жалған дүниенің қызығын көре алмай, жиырма бесте сөн­ген жасын ғұмыр жауынгерге құрмет ретінде өзі туған Балқаш ауданының орталығынан тым құрығанда аядай көше берілсе деген тілек көңілімізді меңдеді. Ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болған жандарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды.

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Жол жауапсыздықты көтермейді

Аймақтар • Бүгін, 08:02

Қасиетті қала – балалар көзімен

Аймақтар • Бүгін, 07:55

Елдік таңба – ел мұраты

Руханият • Бүгін, 07:50

Есте қалған ерекше күн

Саясат • Бүгін, 07:47

Көк Туды көрсеткен сәт

Саясат • Бүгін, 07:42

«Әнұранды қосыла шырқаймыз»

Руханият • Бүгін, 07:42

Тағылымы мол мереке

Пікір • Бүгін, 07:35

Қазынасы ұрпаққа мұра

Таным • Бүгін, 07:30

...Бойыма қуат береді

Руханият • Бүгін, 07:09

Бояу қолданбайтын суретші

Қоғам • Бүгін, 07:06

Ауылдағы аяқ киім фабрикасы

Экономика • Бүгін, 07:00

Ел тарықпасын десек...

Экономика • Бүгін, 06:56

Отандық өнім 72 елге экспортталды

Экономика • Бүгін, 06:48

Мақтааралдағы ахуал бақылауда

Аймақтар • Бүгін, 06:42

Симптомсыз сыбайластық

Қоғам • Бүгін, 06:40

Айқын бағыт, тура жол

Пікір • Бүгін, 06:37

Алатау мен Алматы

Руханият • Бүгін, 06:35

Тарих таразысындағы төрт жайт

Руханият • Бүгін, 06:33

Азаттықтың айшықты нышандары

Қазақстан • Бүгін, 06:31

Ұқсас жаңалықтар