Соғыс... «Осы бір қасіретті сөз айтылғанда қайғыдан қан жұтқан қайран әжем, майданнан оралмаған оғландарын зарлана еске алып, бір Құдайға аманаттап отыратын», деп әңгімесін бастаған зейнеткер Қасен Шалабаев «Егеменнің» редакциясын арнайы іздеп келіпті. Оқырманымыздың көңілін тыншытпаған тынымсыз ойлар бізге де әсер етпей қоймады. Қария тамам елге тұман орнатқан зұлмат күннің зобалаңын басынан өткерген өз әулетінің тарихын баяндап берді.
Балқаш ауданының аумағындағы қазір ел тұрды десе ешкім сенбейтін Көккөл дейтін жерде Шоқан Тортайұлы мен Айкүн әжеміз соғыс басталғанға дейін мамыражай тіршілік кешіпті. 1941 жылы «ел басына екіталай күн туғанда» қолындағы күрегін қаруға айырбастап майдан шебіне үйдің тұңғышы Қалибек аттанады. Нақ сол жылы қыркүйек айында інісі Шалабай да соғысқа алынған. Кейіннен жастары жиырмадан енді асқан тетелес бауырлар Мейірбек пен Еркебекке де ағаларының ізімен қан майданның қырғынын кешу жазылыпты. Үйдің кенже ұлы Кәрібек те 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы маңындағы атты әскер даярлайтын арнайы полкте 6 айлық сынақтан өтіп жатқанда соғыс өрті тыйылып, жеңіс туы желбіреген.
Бірі Сталинград үшін болған шайқаста, енді бірі Ленинградты жау тылынан азат етуде айбынды ерлік көрсетіп, ауыр жарақат арқалап елге есен оралған Қалибек пен Шалабай Шоқановтар еңбекке етене араласты. Ұрпақ өрбітіп, әке мен ананың арманын жалғаған ағалы-інілі майдангерлердің бірі 64, екіншісі 41 жасында өмірден өткен. Өкініштісі сол, Мейірбек пен Еркебектің маңдайына туған жерге қайта оралу бақыты бұйырмапты. Түтінін түтетіп, артына із тастап та үлгермеген екеудің беймәлім тағдыры осыдан 35 жыл бұрын дүниеден озған аналары үшін жұмбақ күйде қалған. Оқырманымыз тілге тиек еткендей, кейуана көзі тірісінде кірпігі жасқа шыланып, кеудесі үмітке толып «құлындарымнан бір хабар келсе» деп тілеумен өтіпті.
Әдетте, біз соғыс туралы сөз қозғағанда ардагер аталарымыздың ерен ерлігін, бейнетпен белдесіп, тылда тынымсыз тер төккен әжелеріміздің табандылығын, «бәрі де майдан үшін» деген ұранды алға ұстап еңбекпен ерте есейген соғыс балаларын айтамыз. Бірақ, соның бәрінен де көңіл құлазытатыны үлкен өмірге енді қадам басқанда майданға алынып, артында із қалмаған, жар құшып, бала сүймеген беймәлім солдаттардың белгісіз тағдыры. Өлім мен өмірдің ортасында от кешсе де қырғыннан аман құтылып елге келген майдангерлер қан жұтқызған қасіретті шақты өз отауының, өз ошағының басында отырып еске алды. Еңбекке араласып, азды-көпті құрметке бөленді. Әрине бұл жауынгерлердің жанына майдан салған жараны жаза алмасы анық. Ал, артында іздеушісі де қалмаған, тіпті қайда жерленгені де белгісіз боздақтардың тағдыры немен тынды? «Сұрапыл соғыс аяқталып елге ораламын», «іңкәріме жүрек сөзімді айтамын», «ұрпақ өрбітіп көшімді жалғаймын» деген арман олардың көкірегін толтырмады деп кім айта алады? Осындай сәтте жанға бататын сан сұрақтың жалғыз жауабы ретінде «Ай мен Айша» қойылымындағы сұм соғысты тілдеген кейіпкер Нұрперзенттің аузымен «Атаңа нәлет, соғыс, атаңа нәлет, Гитлер» деп айтқың келеді.
Ресми деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үш жүз мыңға тарта қазақстандық сарбаз хабарсыз кеткен. Бұрынғы Кеңес Одағына мүше барлық мемлекеттердегі еріктілерден құралған арнаулы топтар қанды қырғында ұшты-күйлі жоғалған солдаттарды іздеумен бүгінге дейін айналысып келеді. Интернет игіліктерін тиімді пайдаланып, әлеуметтік желідегі осы мазмұндас топтармен тығыз байланыс орнату арқылы аталарын тапқандар да, іздей-іздей күдер үзгендер де бар. Мақаламызға мәйек болған сарбаздарды да туыстары ұзақ уақыт бойы іздеген.
Үміт пен күдікке қатар міңгесіп майданға аттанған ағалы-інілі жауынгерлердің соғыстағы жолы туралы қандай да бір мәлімет бұған дейін табылмаған еді. Мейірбек Шоқановтың сүйегі қайда қалғаны, өмірде бар-жоғы әлі күнге жұмбақ күйде қалып отыр. Тым болмаса артынан бір тілім қара қағаз да келмеген. Заманында әке мен ананың, елге оралған бауырларының үмітін жалғаған да осы болатын. Бірақ соғыстың нағыз қызған шағында әскер шебіне алынған сарбаз туралы бірде-бір ақпарат жоқ. Шоқан молданың кенже ұлы Еркебек ерлікпен қаза тапты деген қаралы хабар келгенімен, қайда жерленгені бертінге дейін белгісіз болып келді. Ресей жеріндегі бауырластар зиратының біразына сұрау салып, тізімнен Еркебектің есімін таба алмаған жақындары сан түрлі ойдың тереңіне бойлапты. Айкүн әженің, «балаларым тірі шығар, бір хабар келер» деп зарыға күткені де сондықтан болса керек.
Араға қаншама жылдар салып немере ағасы Еркебек Шоқановтың Германиядағы бауырластар зиратында жерленгені туралы хабар естіген Қасен Шалабаев, жауынгердің соғыс жылдарындағы айбынды ерлігінен сыр шертетін маңызды құжаттарға да қол жеткізіпті.
1945 жылы генерал-майор Аркадий Снегуров қол қойған жауынгердің жеке ерлігі туралы баяндау хатта «Польша жерінде, Висла өзенінің батыс жағалауындағы неміс басқыншыларының қорғанысын бұзып өту кезінде (19 қаңтар 1945 жыл) пулемет оқтарының қардай борап тұрғанына қарамастан, біздің әскерилерге бөгет жасап тұрған миномет батареясын, 3 пулеметті анықтап, оларды тас-талқан етті. Сержант Шоқанов Еркебек жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру кезінде жеке өзі немістің 8 солдаты мен бір офицерінің көзін жойды. Берлин маңында болған шайқаста сержант Шоқанов зенит бригадасын анықтап, нәтижесінде, дивизия шабуылымен ол позициялар жойылып, жау орнын тастап кетуге мәжбүр болды. Осы айқаста сержант Шоқанов жеке өз басы немістің 6 автоматшысы мен 2 «фаустниктің» көзін құртты» деп жазылған. 1945 жылдың 18 мамыр күні қазақ сарбазына көзсіз ерлігі үшін Қызыл Ту ордені беріліпті. Марапатқа әскери кеңестің мүшесі генерал-лейтенант Телегин қол қойған. Одан бөлек Еркебек Шоқановты «Даңқ» орденіне ұсынған құжаттар да табылып отыр.
– Біздің әулет – майдангерлердің әулеті. Атам мен әжем, әкем және бауырларым хабарсыз кеткен Мейірбек пен Еркебек жайлы көп айтатын. Тым құрыса жерленген жерлері табылса, туған жерінен бір уыс топырағын апарып салсақ деп армандайтын еді. Осы сөз құлағымда қалып қойыпты. Ол шақтарда заман қиын еді. Технология дамыған қазіргі кезеңде барлық ақпарат қолжетімді. Былтыр немерем Айзат Болатқызы Ұлы Отан соғысындағы тың мәліметтер мен құжаттар салынатын арнаулы сайтты ақтарып отырып, үлкен атасының бауыры Еркебек туралы мәліметтерді көргенде қуанышы қойнына сыймай үйге жүгіріп келіпті. Ол кісінің Германияда жерленгені, соғыста көрсеткен ерлігі тұтас баяндалған құжаттарды қолымызға ұстағанда кіші әкеміз тіріліп келгендей қуандық. Ал отызға толар-толмас шағында соғысқа кеткен Мейірбектен сол күйі хабар болмады. Өкініштісі, артында ешқандай белгі қалмады. Аталарымыздың алдындағы борыш ретінде әкеміздің бауырын біз ұмытпаймыз, бізден кейінгі ұрпақ жадында сақтай ма, кім білсін? – дейді Қасен Шалабаев.
Жылдар өтер, ел жаңарар, ұрпақ алмасар. Соғыста шейіт болған талай майдангерді әулет көшін жалғаған ұрпағы іздеп тауып, аруағына салауат айтып, құран бағыштар. Ал өрімдей кезінде өмірден өтіп, артында із де қалмай, сүйегі қиырда жатқан Еркебек Шоқановты кім жоқтайды, одан қандай белгі қалмақ? Бізге бұл оқиғаны баяндай келген Қасен қарияны да алаңдатып отырғаны осы. Жалған дүниенің қызығын көре алмай, жиырма бесте сөнген жасын ғұмыр жауынгерге құрмет ретінде өзі туған Балқаш ауданының орталығынан тым құрығанда аядай көше берілсе деген тілек көңілімізді меңдеді. Ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болған жандарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды.
АЛМАТЫ