Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Банктер өндіріске қашан бет бұрады?

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып алмай, өркениетті елдердің сапынан көріну тым қиын екені анықтауды қажетсінбейтін ақиқат.  Сондықтан, осы сала өкілдері соңғы кезде «отандық кәсіпкерліктің бет-бедерін айшықтап,  «бизнес-банк-өндіріс» формуласын жетілдіретін кез келді» деген пікірге басымдық бере бастады.

Банктер өндіріске қашан бет бұрады?

Егер біз болашақта бизнес пен банк ара­сындағы тығыздықты 60 пайыздық межеге жет­­кізсек, бұдан соң бизнес-банк-өндіріс ара­сын­дағы бай­ланысты 35-40 пайыздық көрсеткішке ма­ңай­лат­сақ, елдегі кез келген жобаның бағы ашы­лып, қол­да­ны­с­қа кеңінен пайдаланылатын еді. «Ал енді мұндай ме­жені бағындыру үшін не іс­теуі­міз керек?» деген сұраққа әлі Үкімет тарапынан нақты жауап берілген жоқ. «Жол картасы», сосын «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы  индустрияландыруды жеделдетіп,  бизнесті қаржыландыруға, шағын бизнес жобаларды, жоспарларды өндіріске енгізуге қол жеткізеді деп күтілген еді.  Бірақ үміт ақталмады. Себебі,  жыл басынан бері ШОБ өкілдеріне несие берудің азай­ғаны байқалады.

Банктердің  бетін шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қарату керектігі жөнінде үлкен бағдарлама күн тәртібінен түскен емес. Өкінішке қарай, Үкімет басындағылар да, бас банк те шарасыздық танытып, бұл тапсырманы орындауға шамалары жетпеді. Ондағы бар айтар сылтау-себептері – банктердің проблемалық активтерінің тым көптігі. Мойнында зіл қара тас болып, қайтарылуы проблемалы несиелер тұрғанда, банк біткен бизнесті қаржыландыруға мойын бұра қоймайтынын байқатты.

Бәрін нарықтың өзінің ағымына жіберіп қойып, шарасыз күй кешу  –  бүгінгі басқарушылар дағдарысына әкеліп отыр деуге болады. Проблемалық активтер қоры да, банктердің өздерінің жанына құрылған тазарту қорлары да банктердің мойнындағы проблеманы сейілте алмай келеді. Біздің қазіргі осы жағдайымызда Үкімет тізгінді мықтап тұрып қолға алып, шағын және орта бизнеске, қаржы нарығына байланысты саясатқа өзгерістер енгізіп,  елдің менталитетіне, жағдайына сәйкес даму бағдарламаларын жүзеге асыруы тиіс еді. Өкінішке қарай,  олардың бірде біреуі мұны істемей отыр. «Комбанктердің  акционерлеріне  бірауыз артық сөз айта алмайды. Себебі – ол акционерлердің бәрі лауазымды шенеуніктер мен олигархтар. Осы мемлекетте отырып, байыған, болып-толған банк акционерлеріне:

- «Қалталарың толды, байлықтарың шаш-етектен, енді мемлекет, ел үшін де бірдеңе істеңдер. Белі бүгіліп, басын көтере алмай тұрған шағын және орта бизнесті қаржыландырып, ел еңсесін  еңселі етуге  қол ұшын беретін кездерің жетті» деген талап қояр кез келді. Бірақ бет моншақтары үзілген  басқарушылар мұны жасай алмайды. Өйткені көпшілігі сол банк  акционерлерінің бірі болып табылады, – дейді сарапшы Ілияс Исаев.

Мемлекет «Даму» қоры арқылы банк несиелеріне субсидия ұсыну нәтижесінде аздаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге тырысып жүрміз. «Даму» қоры арқылы субсидияланған несие тек ұзақ жыл жұмыс істеп жүрген бизнесті ғана қамтиды. Яғни, несие алуға өтініш беруші кәсіпкерлердің тек 10 пайызы ғана оған ие бола алады. Мысалы, 50 кәсіпкер өтініш берсе, оның бар болғаны 5-уі ғана ілігуі мүмкін. Оның үстіне  кәсіпкерлер өздерінің жобаларының не себеппен субсидиялы несиеге  ілікпей қалғаны жөнінде еш мәлімет ала алмайды. Бәрі жабық, ешқандай ашықтық жоқ мұндай іріктеу мен таңдау көптеген кәсіпкерлердің меселін қайтарып тастады. Олар келесі жолы «Дамудан» несие аламыз деп, тәуекелге  бел байлай қоймайды. Бізде қандай бағдарлама болсын тура бір мысық пен тышқанның ойынына құрылған секілді болады да тұрады. Жоба, бағдарлама жасалады, оны жүзеге асыруға қыруар қаржы да бөлінеді, соңында  бағдарлама мен жобаның да, оған  бөлінген қаржының да қайда кеткені белгісіз болып шыға келеді.

- Сондықтан да, шағын және орта бизнесті  шындап  өркендетіп, ел экономикасын әртараптандыру арқылы, шикізаттық экспорттарға тәуелділіктен біртіндеп құтыламыз десек, Үкімет басындағылар алдымен  жүргізіп отырған саясатын өзгертуі тиіс.  Бірақ ондай саясатты  жасай ала ма? Мәселе – осында. Себебі біз дәл қазір  экономикалық та емес, қаржылық та емес, нағыз басқарушылар дағдарысына тап болып отырмыз. Үкімет басшысы мен министрлерден бастап, әкімқаралардың  басым бөлігі мойындарындағы жауапкершілікті  сезінбейді. Оның да себебі бар, осы уақытқа дейін  қанша былық жасағандарына қарамастан, еш жазаланбады. Осылай мәңгілік бола береді деп ойлайды. Ертең  қызметінен  түсіп қалса, араға екі-үш жыл салып, қайта оралатындарына сенімді. Ондайлар  елдің  тағдырын ойлап не қылсын?, – дейді сарапшы-cаясаттанушы Ілияс Исаев.

Қазақстандық банктер жүйесі  ТМД шеңберіндегі ең мықтысы деген баға берілгені, кезінде соған марқайып,  оны  кез келген  жиындарда алға тартып, мақтанатынымыз еске түседі осындайда.  Сағымға оранып, келмеске кеткен сол  жалған мықтылықтың күл-талқаны шыққанын көріп отырмыз бүгін. Кезінде шетелден  арзан пайызбен қарызға  мол қаржы алып, оны оңды-солды үлестірген кезде  шынында да жақсы болған шығармыз. Бірақ сол  уақытта да шағын және орта бизнестің  қаржыға жарығаны шамалы. Ал қазіргі жағдайға «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деп баға беруден басқа сөз жоқ. Батыстан келген дауылға тамырын тереңге жіберіп үлгірген банктердің өзі шайқалып жатқанда, енді қалыптасып келе жатқан қазақстандық ШОБ жағдайының  қалай болатыны айтпаса да түсінікті.