Білім • 27 Наурыз, 2020

Одрэ Азуле мектептер жабылса да білім беруді тоқтатпауға шақырды

2224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде 1,5 млрд оқушы үйден оқиды. Бұл туралы БҰҰ жанындағы білім, ғылым және мәдениет жұмыстарымен айналысатын ЮНЕСКО ұйымы хабарлады. Бүкіл әлемді шулатқан коронавирустың кесірінен 167 ел өзінің мектеп оқушыларын қашықтан білім алуға көшірді. Бұл ЮНЕСКО-ның есебінше қазір  1,5 млрд баланы құрап отыр. 

Одрэ Азуле мектептер жабылса да білім беруді тоқтатпауға шақырды

Аталған халықаралық ұйым мектептерін жабуға мәжбүр болған елдердің барлығын және сол елдердегі жекеменшік ұйымдарды оқушыларға білім беруді жалғастыруға, қандай жағдай болмасын балалардың білім алуын тоқтатпауға шақырды. Дүниені дүрліктірген дерт білім саласына да едәуір қиындық әкелді. Бұған жоғарыдағы ықпалды ұйымның әлемдегі оқушылардың 87 пайызы мектепке қатынай алмай қалғанын жазғанынан анық көз жеткізуге болады. ЮНЕСКО осыған орай Білім беру бойынша жаһандық коалиция құрды. 

ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле:

– Біз бұған дейін ешқашан білім беру үдерісінің дәл осындай кең көлемде бұзылысымен бетпе-бет келмедік. Серіктестік қарым-қатынас – алға жылжудың жалғыз жолы. Коалиция оқушылар мен мұғалімдерді ғана емес, сонымен қатар қалпына келтіру процесі кезінде де қолдау көрсететін инклюзивтілік пен теңдікке бағытталған шешімдерді іздестіру үшін үйлестірілген және инновациялық іс-қимылдарға шақыруды көздейді,  – деді. 

Айта кетейік, бүгінде Microsoft, GSMA, Weidong, Google, Facebook, Zoom, KPMG, Coursera секілді ірі жеке секторлар Коалицияға қосылып, Khan Academy, Dubai Cares, Fundación Profuturo коммерциялық емес ұйымдар мүше болған. 

ЮНЕСКО-ның ресми сайтында алпауыт Би-би-си арнасының әлемдегі оқушылар мен студенттердің қауіпті індет туралы танымын кеңейтуге атсалысып, коалицияны қолдағаны және осындай үлкен медиа корпорациясынан өзгелердің де үлгі алуы керектігі жазылған. Ал жазбаның соңында Коалицияға қолдау көрсеткісі келетін ұйымдарға, азаматтық құрылымдарға хабарласу үшін төмендегі анықтама мәліметтері көрсетілген: 

Клэр О'Хаган – ЮНЕСКО-ның баспасөз қызметі;

электронды пошта  – c.o-hagan@unesco.org 

телефон нөмірі +33 01456 81729.