02 Сәуір, 2010

ЖУРНАЛИСТЕР ЖҮЛДЕСІ

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Еге­мен Қа­зақ­стан” га­зеті ре­дак­ция­сы­ның ғи­­ма­ра­тын­да өнер­кәсіп тақы­рыбына маманданушы қазақ тілді журналистер үшін өткізілген шығар­ма­шы­лық конкурстың лау­реат­тары марапат­талды. Тұңғыш рет өнеркәсіп тақырыбына маман­да­ну­шы қазақ тілді журналистерге арналған шы­ғар­машылық конкурсты ENRC (Еуразиялық табиғи ре­сурстар корпорациясы) мән “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамы бірлесіп ұйымдастырған болатын. Конкурс мақсаты мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсету, өнеркәсіп тақырыбына қалам тартып жүрген қазақ тілді журналистердің кәсібилігін арттыру, медиа салада жаңа экономикалық ойлауды қалыптастыру. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды” анықтау Сенат депутаты, көрнекті публицист Қуаныш Сұл­танов бастаған әділқазылар алқасына жүктелді. Қа­тысушылардың сөз саптауындағы кәсіби ше­берлік пен жарияланымдардың өзектілігі басты өлшемге алынып, қатысушылардың 8-і жүлдегер атанды. Марапаттау рәсімінде сөз алған “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов бұл конкурстың жур­налистер шығармашылығына дем беретін бастама екендігін алға тартып, мемлекеттік тілге көрсетіліп отырған нақты қамқорлық үшін ENRC ком­па­ния­сының басшылығына алғысын жеткізді. “Кезінде Мемлекеттік сыйлық алғанда атақты ақынымыз Қадыр Мырзалиевтің: “Сыйлық дарын қоспайды, бірақ арын қосады”, дегені бар еді. Сол сияқты, бүгінгі сыйлықтың да сіздерге арын қосқанын қалар едік, өйткені өнеркәсіп тақырыбын игеру жөнінде қазақ журналистикасының алар асулары баршылық”, деді басылым басшысы. Конкурс нәтижесінде бірінші орынға және 500 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары Сейфолла Шайынғазы, әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі екінші сыйлықтарға “Жас қазақ” газетінің экономика және талдау бөлімінің редакторы Гүлзат Смағұлова (Нұрмолдақызы) және “Айқын” газетінің Астана қаласы бойынша меншікті тілшісі Айхан Шәріп ие болды. “Мұнайлы Астана” газетінің (Атырау облысы) бас редакторы Құттыкерей Смадияр, Ақмола облыстық “Арқа ажары” газетінің тілшісі Шынар Байтықова, “Қазақстан темір жолы” АҚ баспасөз қызметінің қызметкері Ескендір Ертаевқа ноутбуктер тапсырылды. Ал арнаулы ақшалай сыйлықтарды Павлодар облыстық “Сарыарқа самалы” газетінің шолушысы Нұрбол Жайықбаев пен Маңғыстау облыстық “Маңғыстау” газетінің шолушысы Әбдіғалым Сәркенов иеленді. Осы орайда ENRС компаниясының  өнеркәсіп тақырыбына маманданушы қазақ тілді журналистер үшін үш күндік арнайы семинар ұйымдастырғанын да атап өту қажет. Венера ТҮГЕЛБАЙ.