Тілеухан Әбілдаевтың мәліметі бойынша, бүгін Алматыда коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің 48 расталған жағдайы анықталды. Қаланың Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында 47 пациент бар және 1 пациент жазылды.
Жаңадан анықталған бес адамның ішінен төртеуі 26 наурызда Минск–Алматы рейсімен, тағы екеуі 26 наурызда Мәскеу–Алматы рейсімен ұшып келген.
Ауырғандардың бірі 15 наурызда Ыстамбұл–Алматы рейсімен ұшып келген науқаспен жақын байланыста болғандықтан 18 наурызда оқшауланған, бастапқы талдау қорытындылары теріс нәтиже берген. 2020 жылғы 26 наурызда талдауды қайта тапсырған кезде оң нәтиже шықты, осы уақытта ол оқшаулауда болды.
Жалпы 45 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық, ӨЖЖ аппаратындағы әйелдің жағдайы ауыр және 1 баланың жағдайы орташа ауыр, бірақ жақсарып келе жатқаны байқалады.
«Бір пациенттің кеше үйіне шығарылғандығын естеріңізге сала кетейік. Бұл пациент енді емхана қызметкерлерінің 14 күндік бақылауымен үйде жатыр.
Қазіргі уақытта провизорлық орталықтарда 1099 адам бар, оның ішінде 72-і – бала. Карантиндік орталықтарда 471 адам бар. Үй карантинінде 2037 адам бар.
Карантиндегі барлық адамның дене температурасы қалыпты жағдайда, катаралдық симптомдары жоқ.
Елге қайсыбір елден ұшып келсе де, анализ тапсыру үшін екі күндік карантинге орналастырылатындығын естеріңізге сала кетейік. Мұндай шаралар халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін қабылданды. Олардан COVID-19-ға талдаулар алынатын болады, егер инфекция расталмаса, олар үйлеріне шығарылады» деді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.
Сондай-ақ, журналистер брифинг барысында елордада қайтыс болған науқастың Алматыда қонақта болғаны туралы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатындығын сұрады.
Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы марқұммен Алматыда қоян-қолтық байланыста болған алты адамның госпитальге оқшауланғанын мәлімдеді. Және індеттен көз жұмған адамға байланысты барлық тиісті ақпараттардың бар екенін атады.
АЛМАТЫ