Таным • 27 Наурыз, 2020

Жетіліктің тылсымы: Үнді және түркі танымындағы көк пен жер

1181 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үнді халқына тиесілі аңыздар мен ертегілер, дастандар әлемдік мәдениетте өз орны бар бағалы қазыналардың қатарында. Ежелгі Ведалар, Пурандар, «Махабхарата», «Рамаяна» арқылы ежелгі үнді халқының өмірге көзқарасы, арман-аңсары, жаратылыс жайлы таным-түсінігі, белгілі бір дәрежеде ғылым-білімді игеруі байқалады. Үнді мәдениеті Антика мәдениетіне жол салғаны да тарихтан белгілі. Антика мәдениеті өз кезегінде нақты ғылымның, технологиялық мәдениеттің, техногендік қоғамдардың қалыптасуының бастауында тұр.

Жетіліктің тылсымы: Үнді және түркі танымындағы көк пен жер

Ғарыш әлемін, жер әлемі мен жер асты әлемін танып білуге деген құштарлық адамзат баласының санасында сонау ерте кезден оянды. «Мен кіммін?», «біз кімбіз?» немесе «қайдан келдік, қайда барамыз?» деген сауалдарға жауап табуды мақсат еткен адам баласы дүниенің жаралуы, адамның жаралуы туралы алғашқы тұжырымдарын жасай бастады. Қазіргі таңда біз миф немесе аңыз-әпсана деңгейінде қарастырып жүрген сонау ерте заман адамдарының ой-тұжырымдары мен қиял-ғажайыпқа толы оқиғалар тізбегі олардың алғашқы білім қоры еді. Мысалы, Үнді халықтарының мифологиясын алайық. Ондағы құдай аттары мен жартылай құдай аттары, адам аттары мен әзәзіл, жын-перілердің есімдері, жер-су, өзен-таудың есімдерін, сондай-ақ, олардың сипаттамаларын еске түсірсеңіз, жәй ғана миф деңгейінде бағалау жеткіліксіз сияқты. Бұл біріншіден, үнді халықтарының аңыздарының философиялық, діни танымдармен ұштасып жататынымен байланысты болса, екіншіден,  асыл қазыналардың (Бір ғана «Ригведаның» өзі) кез-келген орташа сауатты адамның түсінігі жете бермейтін жұмбаққа толы мәтіндерімен де байланысты. Бұл орайда сол «Ригведадан» бастау алатын космогониялық мифтерді өзіміздің яғни, түркі халықтарының мифтерімен салыстыру арқылы біршама талдау жасауға ұмтылдық.

Үнді халқының мифологиясында жеті арал (құрлық), жеті өзен (мұхит), сондай-ақ жер асты жеті әлемі дейтін түсінік бар. Назар аударарлық жайт – оларда бүкіл кейіпкерлер осы жетінің маңайына шоғырланған.  Ең алдымен Джамбудвипа аралы айтылады. Өйткені онда адамдар тұрады. Аралдың ортасында  Меру алтын тауы бар. Оның биіктігі жер бетінен  84 мың йорд жан.  (бір йорд жан шамамен 14 километрге тең). Ал жер астына 16 мың йорджаны жасырулы. Меру лотос гүлі секілді. Оның шыңында және дәл ортасында Брахма қаласы бар. Маңайында Индра қаласы орналасқан. Кейбір деректерде Меруді Гималай тауы қоршап тұр деп жазылса, кейбірінде сол Мерудің өзін Гималай тауына теңейді. Жалпы,  Джамбудвипа төңірегінде қазіргі ғылымда түрлі пікірлер бар. Мысалы ғалымдардың бір тобы оны жоғалған Атлантида, Гиперборея, Лемурия аралдарымен салыстырып, жоғалған өркениет ретінде бағаласа, кейбір ғалымдар сол арал қазіргі Үндістан мемлекетінің өзі дейді, ал, кейбір оқымыстылар Джамбудвипа – жер шары деген тоқтамға келеді. Бірақ, осы мақаланы жазу барысында Джамбудвипа туралы жарытымды деректермен таныса алмадық. Бір білгеніміз – Джамбудвипа санскрит тілінен аударғанда Джамбу ағашының аралы дегенді білдіреді. Джамбу ағашында алқызыл алмалар өседі. Екіншіден, онда адамдар мекен етеді. Мифологиялық түсінікте ол адамдар Будда қауымы делінеді. Джамбудвипаның маңайында көбінде Швета-двипа, Сапта-двипа, Санча-двипа сынды аралдар айтылады. 

«Философский период познания природы. Мифы и натурфилософия Индий» атты кітапта жердің қалыңдығы 70 000 йорд жан екені баяндалған. Осыдан кейін жер астының жеті әлемі басталады. Ол әлемдерде асуралар (әзәзілдер) мен жартылай құдай якшастар өмір сүреді. Бұл әлемдердің өз аттары бар: Атала, Витала, Натала және т.б.  Жеті әлемнің астында қара жыланның құдығы орналасқан. Бұл жыланның аты –Шеша.   Вишну құдай осы құдықта демалғанды жақсы көреді. Қазақ ертегілерінде де жер асты әлемі айтылатыны бар емес пе? «Жылан Бапы ханның елі» деген тіркес санамызда балталаса бұзылмайтындай боп орныққан.  Ал енді осы жер астының жеті әлемінің ең астында   28 деңгейлі тозақ бар.  Онда Яма билік етеді.

Үнді мифологиясында жер Бхурлока деп аталады. Ол өзінің мұхиттарымен, тауларымен Ай мен Күннің жарығы түсетін кеңістікті алып жатыр. Жердің үстінде аспан әлемі бар. Күн жерден 100 лиг қашықтықта орналасқан. Одан ары Шукра (Венера), Куджа (Марс) сынды басқа да ғаламшарлар бар. Ғаламшарлық жүйенің орталығы – Дхрува (поляр жұлдызы). Бүкіл ғалам ғажайып қабықпен қоршалған. Су массасы отпен қоршалған, от ауамен, ауа санамен, сана барлық тіршіліктің бастауы Субстанциямен қоршалған. Міне, бұл ежелгі үнділіктердің жаратылыс туралы алғашқы білім қоры.

Тағы бір деректе Күн жүйесінен 10 000 йорд жан (140 000 км) төмендегі Раху планетасы айтылады. Ол Айдан да, Күннен де төмен орналасқан. Одан 10 000 йорд жан төменде Сиддх, Чаран және Видьядхар планеталары тұр. Ал одан да төмен Якшолака және Ракшолака  бар. Жеті қат аспаныңыз осы: Ай, Күн, Раху, Сиддх, Чаран, Видьядхар, Якшолака және Ракшолака. Бір ерекшелігі, айтылған ғаламшарлардың бәрі Күн жүйесінен төмен орналасқан. Осыдан кейін Жер планетасы басталады.  Жер асты ғаламшарлар жүйесі, яғни, жеті қат жер түгел аталған: Атала, Витала, Сутала, Талатала, Махатала, Расатала және Патала. Онда әзәзілдер мен ракшастар тұрады. Жеті қат жер үнді мифологиясында жұмақ кейпінде суреттеледі. Өйткені жеті қат жердің тұрғындары әйелдерімен, балаларымен бірге сезімдік нәпсіге беріледі. Жақсы тұрмыс кешеді. Бұл мекеннің тұрғындары ауру, кәрілік, өлім дегеннің не екенін білмейді. Оларға мезгілінен бұрын қаза жетпейді. Тек жоғары тұлға құдайдың көрінуі ғана олардың өмірінің астан-кестеңін шығарады. Бұл әлемдерде Бала, Шива, Гаури, Махараджа Вали, Ваманадева, Майя сынды құдайлар мен әзәзілдердің, патшалардың аттары аталады.  Бұл ғаламшарларда ешқашан да қараңғылық болмайды. Күннің сәулесі түспегенімен, жыландардың бастарындағы асыл тастардың сәулесі бұл әлемдерді мәңгі нұрландырып тұрады.

Жеті қат аспан, жеті қат жер түсінігі біздің танымымызда да бар. Бірақ, білуімізше, бұл түсініктің мифологиялық жағы бұлыңғыр. Көбінде Құраннан алынған мәліметпен нақтыланған болса керек деп ойлаймын. Құран Кәрімде: “Алланың жеті аспанды қабат-қабат жаратқанын көрмедіңдер ме?” (72-сүре, 14-аят), Алла тағала аспанға “айды нұр, күнді шам қылды” (72-сүре, 15-аят) деген сөйлемдер кездеседі. Мұсылмандық түсінікте Алланың патшалық тағы жетінші аспанның үстіне орналасса, жетінші аспанның өзінде жұмақ бар. Жеті қат көкті астрономиялық білім бойынша, белгілі жеті ғаламшармен де түсіндіруге болады. Олар – Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Марс, Юпитер және Сатурн. Әрине, бұл астрономиялық білім бергі заманның жемісі екені түсінікті. Сондықтан, Үнді мифологиясындағы жеті қат көкті біз тек Құранмен, сондай-ақ, берідегі кітаби біліммен ғана салыстыра аламыз. Біріншіден,  Үнді мифологиясында адамнан басқа тіршілік иелері (ракшастар, әзәзілдер) жеті қат жерде өмір сүреді. Құранда ол жеті қат көкте. Сондай-ақ, Құранда жұмақ, тозақ ұғымдары да көкпен байланысты. Ал, үнді мифологиясында жеті қат жер астында уайым-қайғысыз, ауру, кәрілік, өлім дегеннің не екенін білмей, молшылықта өмір сүріп жүрген тұрғындар бар. Жалпы, көптеген халықтардың мифологиясында аспан, жер қабаттары туралы мифологиялық түсінік болғанымен, олар жеті қат аспан, жеті қат көк деп нақтыланбайды. Мысалы, Америкадағы  майяацтектерде көк 13 қабатты болып, оның әр қабаты әлдебір құбылыстың, не тәңір-иенің тұрағы ретінде бейнеленеді. Көне түркі және моңғолдардың аңыздарында аспан күмбез немесе төңкерілген қазан түрінде, оның жиектері жер бетіне тақалып тұрады делінеді. Аспанның тесігі болады, ол тығынмен бітеліп тұрады деп ұғынылып, оны Темірқазық деп атайды. Аспан тесігі — Темірқазық арқылы аспанның барлық қабаттарына өтуге болады. Алтайлықтар мен тывалықтардың аңыздарында аспан қабаттары жетіден 16 — 18 қабатқа дейін, саха мифінде — тоғыз қабатқа дейін жеткізіледі. Яғни, бұл шын мәнінде де мифологиялық түсінік. Ал, үнді халқының мифологиясындағы жеті қат көк пен жеті қат жердің ғылымилығы басым, ақиқатқа жақын. Қараңыз, Құранда жеті қат көк пен жеті қат жерді жаратқан Алла тағала екені айтылады.  Ал, Құранды біз ақиқат деп қабылдаймыз. Оның үстіне қазіргі ғылым жеті қат көкті дәлелдеп шықты. Жер бетіндегі атмосфера қабаты 1.Тропосфера. 2. Стратосфера. 3. Мезосфера. 4. Термосфера. 5. Экзосфера. 6. Ионосфера. 7. Магнитосфера деп аталатынын біз мектеп оқулықтарынан білеміз. Дегенмен, қазіргі ғылымның жеті қат жерді нақтылауға әлі де шамасы келмей жатқанын да айтуымыз керек. Жер әзірге бес қабатпен шектеліп тұр. Олар – 1. Ішкі өзек (ядро). 2.Сыртқы өзек.  3. Төменгі мантия. 4. Жоғарғы мантия. 5. Жердің жоғарғы қыртысы. Бірақ, бұл жердің қабаты бесеу ғана деген ойды білдірмеуі керек. Имам Бухари мен имам Муслим Сағид ибн Зәйдтен жеткен бір хадисте Мұхаммед пайхамбар «Құямет күні зұлымдықпен бір қарыс жерді иеленгеннің мойнына жеті қат жер асылады» деген екен. Сондықтан біз жеті санының киелілігіне, жеті санының жаратылыспен байланысты екеніне ешқандай да күмән келтірмейміз. Қазақта жеті шәріф, жеті пір, жеті ата, жеті күн, жеті жоқ, т.б. жетіге қатысты тұрақты фразеологизмдер мен атаулардың да жеті санының әлемнің жалпы идеясын сипаттайтынымен байланысы болса керек.

Ғалым С.Қондыбай жетіліктерге барынша мифологиялық, лингвистикалық талдау жасайды: жеті, жеті кәміл пір, жеті абдал, скифтік жетілік, шумер-аккадтық жетілік, мұсылмандық жетілік, Қорқыт атаның жеті кебі, Алаша ханның «жеті әкесі», найман шежіресіндегі жетілік, ұлы жүздің шежірелік жетілігі, т.б осылай кете береді. С. Қондыбай «Арғықазақ мифологиясында» «Жетілікті» «Ілкі төрдің қорушылары» деп есептейді және мифологиялық қисындарға сай «жеті рух» деп те қабылдауға болатынын жазады. «Бұл жағдайда осы түсініктің негізінде адам қоғамының даму сипатына қарай мынадай мифтік, шежірелік, квазитарихи, культтік жетіліктер (жеті тәңірие, жеті демон, жеті періште, жеті ана, жеті ата-баба, жеті абыз, т.б.) қалыптасады. Осындай жетіліктің қалыптасуының өз реті жөн-жосықтары бар, яғни белгілі бір жетілік категория уақыт өте басқа жетілік категорияға айналып кетіп жатады, олардың барлығы бірдей тәптіштеп жатудың пәлендей қажеттілігі жоқ, сондықтан, ең бастысы – «аталған жетіліктердің барлығы да ортақ қайнарға ие және бірінен екіншісі өрбіп шыққан» деген қорытындымен шектелгенді жөн көремін»-дейді ол. 

Біз ежелгі үнді танымындағы жеті қат көк, жеті қат жер туралы өз шамамызша әңгімеледік. Бірақ, жеті аралға қатысты қолда бар деректердің аздығы белгілі бір түйін жасауға мұрша бермеді. Екіншіден, «жеті арал»  «жоғалған өркениет»  қисынына бастай берді. Яғни, Атлантида, Гиперборея, Лемурия қатарында Джамбудвипа да аталады. Мұның өзі ежелгі үнді-арий өркениетінің алдында тағы бір өркениет өмір сүрген жоқ па екен деген дүдәмалдау болжамға да итермелейді. Себебін жоғарыда айттық. Тағы да қайталап айтамыз. Үнді мифологиясының философиялық, діни жағымен қатар ғылыми сипаты да бар. Оның бірден-бір дәлелі жеті қат аспан болсын, мейлі, жер мен тау, жер асты әлемдері болсын барлығының өз есімдері бар, бәрінің өз өлшемі, орналасу реті, тәртібі, сипаттамасы бар. Сондықтан оны тек мифтік мәтін ретінде қарастыру аздық етеді.