Руханият • 27 Наурыз, 2020

Бүгін – Халықаралық Театр күні

551 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнер өлкесінде жүрген ағайындарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, сол өнерлі жандардың осы өмірдегі қызықтары жайлы да айта кетуді жөн көрдік.

Бүгін – Халықаралық Театр күні

Шапан

Осыдан үш-төрт жыл бұрын елімізге белгілі бір әртіс ағамыз Сарыағашта демалыпты. Біраз күннен кейін көрші жатқан Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері елге еңбегі сіңген әлгі әртіс ағамызға амандасып қайтайық деп, бір қой сойып, етті жақсылап пісіріп, дастархан жасап барыпты.

Дастархан басында жап-жақсы әңгіме болып, өткен-кеткенді айтып, екі жақ ұзақ отырған көрінеді. Сонымен түннің бір уағында бата жасап, екі жақ тарқар кезде Сарыағаштың әкімі ағамызға әдемі шапан жабады. Сөйтсе әртіс ағамыз:

– Осының қажеті де жоқ еді... Шапан деген үйде үйіліп жатыр. Осындай кезде ғана киеміз де, қайтадан орап тығып тастаймыз. Несіне әуре болдыңдар? Шынын айту керек, маған сыйлаған шапандардың көбісі сыймай, жеңі шолтиып, тап-тар боп жатыр үйде... – деп, ренжіп сөйлеп кеткен көрінеді. Сарыағаштың әкімі ыңғайсызданып қалады.

Сөйтсе Түркістанның әкімі алдыға бір аттап:

– Аға, айып етпеңіз... Мен шапан әкелген жоқ едім... Мен шапанды конвертке салып алып кеп едім, – деп, ағамыздың қолына конверт ұстатып жатса керек.

Сонда әртіс ағамыз:

– Ойбай-ау, бұл «как раз» менің размерім ғой, – деп Түркістанның әкімін құшақтай беріпті.

Батыр

Баяғыда театр актерлары ауыл-ауылдарды жиі аралап, жаз бойы гастрольдетіп жүреді екен. Тіпті егістік басында еңбек етіп жатқан жұмысшыларды өздері іздеп барып, кең далада оттың жарығымен қойылымдар қоя береді. Дәл осылайша кеш түсе шөп шауып жатқан бір топ еңбеккерлер алдында Алпамыс батыр ма, жоқ, Қобыланды батыр ма, әйтеуір, бір батыр туралы шағын спектакль қойып жатса керек.
Театрға деген елдің ықыласы ерекше. Жаңа орылған көк шөпке жалп-жалп етіп отыра кетіп, әртістердің ойынына қызығып беріліп кеткен.
Спектакльдің енді қызып келе жатқан кезі болса керек... Бір кезде үстінде сауыты, қолында қылышы бар алып тұлғалы батыр ортаға атып шығады ғой. Шыға сала аяғының астына бір қараған батыр кенеттен шыңғырып жіберіп, ыршып-ыршып түсіп, көрермендердің ортасына қойып кетіпті.
Әртістердің ойынына жан-тәнімен беріліп кеткен адамдар алғашында түсінбей қалса керек.
– Оу, не болды? – депті батырды орнынан тұрғызып жатып.
– Ойбай, жылан... – депті батыр қылышымен сахна жақты нұсқап.
Қараса, шынында, сахнаның аяқ астындағы шөптің арасында кішкентай сары жылан жорғалап барады екен.
Жұмысшылар әлгі жорғалағанды таяқпен іліп алып, аулаққа лақтырып жібереді.
– Ал, енді, батырым... Жылан жоқ. Ары қарай ойнай бер, – депті бәрі.
Сонымен спектакль ары қарай жалғасады.
Үстінде сауыты, қолында қылышы бар алып тұлғалы батыр «қырамын-жоямын, кім бар менімен жекпе-жекке шығатын?» деп ортаға атып шыққан ғой...
Сөйтсе, көрермендердің арасында отырған бір ақсақал:
– Кішкентай жыланнан қорыққан сендей батырдың дақ шешесінің... – деп, аузындағы насыбайын бір түкіріп, орнынан тұрып кеткен екен.

Күрес

Жамбылдық белгілі айтыскер ақын Ербол Қамбатыровпен кездесе қалсаңыз езуіңіз еш жиылмайды.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында аудандарда ауыл спортшыларының спартакиадасы өте кең көлемде ұйымдастырылған екен. Сондай іс-шараның бірі бір жылы Ақкөл ауылында өтіпті. Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген Ерекеңдер бұл бәсекеде әнші-жыршыларды жинап, концерт жағын ұйымдастырған ғой.

Бір кезде аудандағы спортшылардың бас бапкері ебіл-дебілі шығып Ербол ағамызға жүгіріп келіпті.

– Ойбай, Ербол, масқара болдық... – депті бапкер ағамыз ентігіп. – 82 келіде күреске шығуы тиіс балуанымыз бүгін қой бағып кетіпті. Еш шақыра алмадық. Сенің салмағың сексен келіні шамалайды ғой. Кілемге сен шыға салсайшы... Егер біз жақтан балуан шықпаса қоржынымыздан 4 ұпайды шегеріп тастайды. Ал, балуанымыз шығып, жеңіліп қалса 1 ұпай береді...

Ерекең «Ойбай, мен күресіп жүргенім жоқ қой. Қарсылас боп жарытпаймын да...» деп, біраз бұлтарып көрген екен, жерлестері жалынып қоймапты. Сонымен келіседі.

Аздан кейін жарысты жүргізуші микрофон арқылы былай деп хабарлап жатыр дейді:

– 82 келіде кілемге шыққан көк белбеудегі балуан Жамбыл ауданынан келген – Абзал Нурахунов. Екі мәрте облыстық чемпионатта екінші орын алған, үш мәрте аудандық чемпионаттың жеңімпазы, Жазылбек Қуанышбаев атындағы күрес жарысының екі мәрте жеңімпазы...

Ал, оның қарсыласы – қызыл белбеудегі балуан ақкөлдік Ербол Қамбатыров... Екі мәрте аудандық айтыстың жеңімпазы...

Елдің бәрі қыран-топан күлкі.

Сөйтсе жарысты жүргізуші:

– Күлмеңіздер... Суырыпсалма ақынымыз қазір екі мәрте суырып салады да шығады... – дейтін көрінеді.

Шынында Ербол ағамыздың өзі айтады ғой: қашып-пысып әйтеуір, бір жарым минөт шыдадым... Қолына қалай түстім, солай аяғымды аспаннан келтірді деп...