02 Сәуір, 2010

АУҒАНСТАНҒА 101 ВАГОН КӨМЕК

676 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі шешіміне сәйкес еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі өткен наурыз айының орта шенінде Ауғанстанның Хайратон қаласына 6 мың тонна күріш жөнелткен еді. Осыншама көлемдегі ақ маржан тиеп, жөнелту үшін 101 темір жол вагоны қажет болды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.27-30 наурыз аралығында Ауғанстан аумағына өзбек-ауған шекарасындағы “Дос­тық” көпірі арқылы 65 вагон күріш жетіп, түсірілді. 27 наурызда Хайратон қала­сында Ауғанстан Ислам Рес­публикасының ресми өкіл­дерінің, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қыз­мет­кер­лері А.Жанақов пен А.Сә­дуақасовтың және осы тынымсыз мемлекетте жұмыс істейтін қазақ­стандық дипломаттардың қаты­суымен гуманитарлық көмектің алғашқы вагонын тапсыру рәсімі өтті. Бұл оқиға ауған бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телевизияда кеңінен жария етілді. Жүкті қабылдап алған Ауған­стан Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің өнім сапасын бақы­лау жөніндегі департамент бас­ты­ғы М.Сафи, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік басқармасы­ның бастығы А.Нури мен Балх провинциясы әкімшілігінің эко­номикалық саясат департаменті­нің бастығы Ауғанстанның ұлттық телеарнасына берген сұх­баттарында бауырлас мемлекеттен жеткізілген гуманитарлық көмек Ауғанстан Ислам Республи­ка­сы­ның екінші вице-президенті М.Ха­лилидің тапсырмасы бойын­ша бүкіл ел бойынша мұқтаж от­басыларына таратылып берілетін болады. Бұған дейін Қазақстан Ауған­станға 2 мың тонна азық-түлік бидайы, 1,3 мың тонна құрғақ сүт көлемінде гуманитарлық көмек жібергені белгілі. Сондай-ақ, жол­дарды, ауруханалар мен мектеп­терді салу мен жөндеуге шамамен 3 миллион доллар жолдаған-тын. Онымен қоса, өткен жылдың қараша айында Қазақстан мен Ауғанстан үкіметтері арасында білім беру саласындағы ынтымақ­тастық туралы келісімге қол қой­ылған еді. Бұл келісімге сәйкес Қазақстан 1 мың ауғандықты біздің еліміздің жоғары оқу орын­дарында бейбіт мамандықтарға дайындау үшін 50 миллион дол­лар бөледі.