Коронавирус • 27 Наурыз, 2020

Карантин күшейеді

7580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карантин шараларын күшейту бойынша шараларға тоқталды.

Карантин күшейеді

Бүгін Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, карантин шараларын күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Осы негізде министр көшеде жүру талаптарына тоқталды.  Оның айтуынша қоғамдық көлікке, такси, тамақ жеткізу қызметтеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтау үшін циркуляр жасалады. 28 наурыз түнгі 00:00-ден бастап үйден шығуға шектеу қойылатынын тағы да еске салған Д.Абаев тек азық-түлік, дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін ғана шығуға болатынын айтты. Сондай-ақ 30 наурыздан бастап мекемелердің басым көпшілігі жұмысын тоқтатады.

«Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қайда бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа шақырғанды растау үшін сізде тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефон номері болған жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, әдетте, тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан, полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, қоғамдық көлік жұмысын реттеуді  де әкімдіктер қайта қарап жатыр. Жағдайға қарай қоғамдық көлікке қосымша жүктеме болып, қозғалысы шектелуі мүмкін.

«Азаматтар үй жануарларын үйдің жанында серуендете алады. Ал егер азаматтар, басқа себептермен шыққан болса, онда алдымен ескерту, одан кейін 26 мың 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды», деген Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

COVID-19 вирусын жұқтырып қайтыс болған азаматтың қалай жерленетіні туралы сұрақтарға жауап берген министр бүгін кешке немесе ертең таңертең Бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығатынын, ол жерде қатаң сақталуы керек ережелер көрсетілетінін айтты. «Дәрігерлер айтқан санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Православие шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертпелер әзірледі», деді ол.

Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қашықтан жұмыс істеуге көшуі керектігін, журналистің қалада жұмыс бабымен жүруі үшін қызметтік куәлігі және редакциялық тапсырма туралы анықтаманы алып жүруі керек екенін айтты. Оның айтуынша, анықтаманы телефоннан да көрсетуге болады. Ал дәрігерге көрінуі керек азаматтар ауруханаға бара алады. Карантиндік шаралардың халықтың амандығы үшін енгізіліп жатқанын түсіндірген Д.Абаев азаматтардың енгізілген шектеулерді жауапкершілікпен орындауы керектігін айтты.

Президенттің банктер мен микрокредиттік ұйымдарға қарыз бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарға тыйым салу туралы тапсырмасына тоқталған министр: «Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдары халықты қолдау бойынша тиісті шараларды әзірлеп, бекітті. қарыз алушылар үшін төлем мерзімі 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында кейінге шегеріледі. Қарыз бойынша төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігі осыған мұқтаж адамдарға берілмек», деді.

Яғни мұның қатарына карантинге байланысты жұмысынан айырылған, жалақы сақталмайтын демалыста болған, жалақысы кеміген немесе тоқтата тұрғандарды енгізуге болады. Ал шегеру шарасы ресми түрде тіркелген жұмыссыздар, АӘК алушылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін  қосымша құжаттарсыз жүзеге асады. Несиелік ұйымдар аталған тұлғалардың тізімдерін кредиттік бюролардан алады. Министрдің айтуынша, сатылған тауарлары мен қызметтер көлемінің азаюынан қаржылық жағдайы нашарласа, тұтынушылары төлемдерді кешіктірсе кәсіпкерлер де бұл шарадан игіліктене алады.

Бұдан бөлек төтенше жағдай бойынша қайырымдылық қаражаты жиналатын «Birgemiz» қоғамдық қоры барлық шығындар туралы есеп беретінін жеткізген министр: «Birgemiz» қорына түскен қаражат туралы күн сайын ақпарат беріліп жатыр. Қазір көрсетілетін көмек түрлері мен көмек алушылардың санаттарын, азаматтардың тізімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге, қордың жаңадан құрылған веб-сайтында барлық шығындар мен чектер көрсетіліп, тұтас есептік ақпарат жарияланады», деді.

Үндістанның 15 сәуірге дейін шекарасын жабуына байланысты 76 Қазақстан азаматы сол елде қалып қойды. Д.Абаев оларды елге қайтарудың жолдары қарастырылып жатқанын да атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар