Коронавирус • 29 Наурыз, 2020

ДДСҰ: Әлем коронавирустан қорғануды шығыстан үйренсін

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәл қазір әлем елдері коронавирустан қорғану үшін жанталасып жатыр. Әрине, оның ішінде біз де бармыз. Әлем халықтары бұл дерттен қорғанудың жолдарын қарастыруда. Соның ішінде ДДСҰ тарапынан шығыс елдерінің қорғану тәсіліне оң баға берілуде.

ДДСҰ: Әлем коронавирустан қорғануды шығыстан үйренсін

Мысалы, халық саны 3 миллионның үстінде, онымен қоймай дерт ошағы Қытаймен іргесі үйкесіп жатқан Моңғолия дүние жүзінде бірінші болып оқшаулануды бастады. Тіпті мемлекет басшысы Халмаагийн Баттулга 2020 жылдың 27 ақпанында Қытай еліне ресми сапар жасап келген күні оны 14 күндік карантинге жатқызды. Бұл былайғы қара бұқара үшін үлгі һәм тәртіпті орнатушы қатардағы қызметкерлер үшін халықты жасқайтын құрал істетті тетікке айналды. Одан кейін елдегі ашық ақпарат саясаты өз жемісін берді. Яғни, мемлекеттік оқшаулану кезінде істің жоспарлануы, оның ақтарылуы сәт сайын,  сағат сайын ашық мәлімделіп, халықпен бүкпесіз бөлісіліп отырды. Ең бастысы барлық іс-әрекет «шөкімдей азғана моңғол аман болумыз керек, бізге ешкімнің жаны ашымайды моңғол, моңғолға туыс» деген рухани ұран астында жүргізілді. Бұған халық иланды һәм қатаң тәртіпке бой ұсынды. Соның арқасында бұл ел жұқпалы дертті аман-есен еңсеріп келе жатыр. 

Одан кейін Оңтүстік Корея елін алайық. Бұл елде дерт бірден лап етті. Қытайдан кейінгі қауіпті ошақ ретінде тіркелді. Елдің денсаулық сақтау саласының мамандары дерттің алдын-алудың жолы оны анықтайтын жаппай сынама (анализ) жүйесін енгізді. Дерт жұқтыру мүмкін делінген адамдарды тізіп қойып сынамадан өткізді. Бірінші жолы бұған 290 мың адам қатыстырылды және өзіне күдігі бардың бәрі сынамадан тегін өтті. Ең бастысы бәріне қолжетімді түрде жүргізілді. Қазір бұл елде дерттің беті қайта бастады. Корейлер тапқан тағы бір тәсіл вирус жұқтыру ықтималдығы басым нүктелерді сырттай бақылау мақсатында қалта телефонға аппликейшн орнатты. Тұрғындар осы арқылы қауіпті нүктені сезіне алды.

Шығыстағы тағы бір ел сингапурлықтар да қорғануды жаппыхалықтық сынама алудан бастады. Вирус тіркелген жағдайда аурумен қарым-қатынаста болған тірі пенденің бәрі іздестірілді. Бұл жұмысқа әскери күштік құрылымдар тартылды. Елге сырттан келгендерді кім екеніне қарамай дереу карантиге тоғытты. Оларды жіті бақылау үшін білектеріне жүрген-тұрғанынан хабар беретін ақпараттық сақина орнатты. Онымен қоймай оқшауланған адамдар өздерінің жағдайы жайлы белгіленген уақыттан қалдырмай фото-ақпар жолдауы тиіс. Бұлай жасамаса босатылмайды. Гонконг қала көшелеріне вирус жұқтырған адамдар тұратын нүктелер белгіленген бақылау тақталары орнатылды. Ең бастысы ақпарат тарату ісін жүйеледі. Жалған ақпар таратушыларды жазаға тартты.

Осы орайда әлемдік ақпарат мамандары хабар-ошар таратуда Қытай қателегін қайталауға болмайды дейді. Мұндай жағдайда бұқарамен байланысты күшейткен дұрыс. Яғни, халыққа «әкесі өлсе де естіртеді» дегендей шынайы ақпарат жетпесе, бағытынан жаңылады. Бұл бүліншілікке соқтыруы мүмкін.

АҚШ пен Еуропа елдерінің қателігі

 – АҚШ және Еуропа елдерінің коронавируспен күрес барысында жіберген қателегі, - дейді ДДСҰ-ның бұрынғы қызметкері Тикки Пангесту, азиялықтардың бір-бірін құрметтейтін, көркем мінезі мен сабыры еуропалықтарға сабақ болуы тиіс. Дертке қарсы тұру үшін мемлекеттің жоғары әлеуетті экономикасы емес халықтың бірлігі керек екенін қарт құрлықтағы ағайындар түсінсін, дейді.

Дерт әуелі азиялықтарды шарпыды. Бұлар дереу жұдырықтай жұмыла қалды. Бірлігін бекемдеді. АҚШ пен Еуропа тұрғындары ешқандай мән бермеді. Тәкаппарлық танытты. Нәтижесінде, аурудың алдын-алу мүмкіндігін кешіктірді. АҚШ елі өз аяғымен келіп сынама тапсыру деушілерге қымбат баға қойды. Ұлыбритания болса, дерттің жеңіл түріне мән бермей оларды босатып жіберді.

– Ең басты қателік, - дейді жоғарыдағы Тикки Пангесту мырза, еуропалықтардың табиғи ынтымақ-бірлікке психологиясының бейімделмеуі. Ел ішінде ұзақ жыл қалыптасқан еркіндік пен демократия бұқараны қатаң тәртіпке көшіруге бірден-бір кедергі келтіріп отыр.