Қоғам • 29 Наурыз, 2020

Жақындарын жарылқаймын деп істі болған шенеуніктер

1051 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдетте дөкейлердің барлығы төңірегіне өзі жақсы танитын, әбден білетін, сенетін адамдарды жинауға тырысады. Осыдан барып «команда» құралады. Сенімді командасының арқасында жұрттан гөрі жақындарының жағдайын көбірек ойлап кететіндері де бар. Міне, елімізде қолында барда қонышынан басып, жақындарын жарылқап тастап, сонысы үшін де бармақтарын шайнап қалған шенеуніктер де аз емес. Солардың кейбіріне тоқтала кетсек.

Жақындарын жарылқаймын деп істі болған шенеуніктер
  1. Қуанышбек Ысқақов

Осы аптада Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың істі болғаны туралы ақпарат тарады. Ысқақов 2019  жылы маусым айында ғана облыс әкімі болып тағайындалған болатын. Ақпарат құралдары таратқан деректерге сенсек, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі өткен жылы Арыс қаласында болған апатқа байланысты жиналған «Сыр мейірімі» қорының 80 млн теңгесін төрт құрылыс компаниясына аудару арқылы қолды қылған көрінеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кейбір дереккөздерінің ақпараты бойынша, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов алаяқтық жасағаны үшін ұсталды. Сонымен қатар, оның орынбасары Марат Делмұханов пен әкіміне туыс болып келетін екі кәсіпкер – Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмаилов ұсталды» деп жазды ақпарат құралдары. Шынында бұл екі кәсіпкер Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың жақын бауырлары екені аты-жөндерін-ақ көрініп тұр. Енді бұл іс қалай өрбиді, қалай аяқталады, осынау айыптаулар дәлелдене ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ, осы аптада Қуанышбек Ысқақов қызметінен босап, орнына Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды. Әзірге еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қ. Ысқақовқа байланысты ешқандай ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

  1. Эльмира Суханбердиева

Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Суханбердиеваның ісі де жұртты біраз дүрліктірді. Тергеу ақпараттарына қарағанда Эльмира Суханбердиева мен елордадағы №3 мектеп гимназиясының бұрынғы директоры Елена Шеверняева «Центральная» жекеменшік экономикалық мектебін ашқан. Соның салдарынан №3 мектеп гимназиясында орын азайып, басқа балалар оқуға қабылданбай қалған. Былайша айтқанда, бұрынғы вице-министр қолындағы билігін теріс пайдаланған. Сөйтіп, Суханбердиева сенімді адамдары арқылы 2019 жылдың басында жекеменшік мектептің жұмысына араласа бастаған көрінеді. Шеверняева вице-министрдің қолдау жасайтынын біліп «Центральная» мектебінің ұйымдастыру формасын ауыстырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құруды ұсынады. Суханбердиева аталған ұсыныспен келіскен. Осылайша, екеуі ЖШС-ны бірге басқаруға, табысты бөлуге және инвестицияны бірлесіп салуға уағдаласқан. Суханбердиева мемлекеттік қызметін пайдаланып, жекеменшік мектепке қолдау жасауға келісімін де берген.

«Осылайша, Суханбердиева мен Шеверняева ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде өздерін емес, туған-туыстарын рәсімдеуге уағдаласқан. Сөйтіп, жекеменшік фирманың құрамына Суханбердиеваның туған апасы және Шеверняеваның анасы енеді. Бұдан бөлек, екеуі жекеменшік мектептің жаңа ғимаратын алу үшін ЖШС есепшотына 154 миллион 523 мың 400 теңге салған» дейді бұл жөнінде прокурор Нұрлан Бекмағамбетов

Айтпақшы, Суханбердиева тергеу изоляторында жатқан 34 күнде «Түрме вице-министрдің көзімен» деген кітап жазып шыққанын жария еткен болатын.

«Тергеу изоляторында өткізген 34 күнде кітап жаздым. Ол жақында «Түрме вице-министрдің көзімен» деген атаумен жарық көреді. Бұл әйелдер түрмесі туралы жазылған алғашқы кітап, оның ішінде қаншама адамдар, қаншама пікірлер бар. Мұнда тек мен туралы ғана жазылған жоқ, ол кітапта барлығы бар. Сондықтан өте қызықты кітап болады деп ойлаймын. Кітап жазуды аяқтап қалдым, тек кейбір әдеби түзетулер ғана қалды» деді бұл жөнінде Эльмира Суханбердиева. Тіпті, бұрынғы вице-министр өзіне ресейлік және шетелдік ақпарат құралдарынан ұсыныс түскенін, бірақ, ол кітаптың тұсауын осы Қазақстанда кесуді ұйғарғанын да ашық айтқан еді. Бірақ, бұл кітаптың кейінгі тағдыры белгісіз. Абақтыда ай қарап жатпай, тұла бойындағы ашу-ызасы мен көрген-баққанының бәрін қағазға түсірген Суханбердиеваның бұл дүниесі сол күйі оқырманға жетпеді.

  1. Болат Бақауов

Осы жылдың басында Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов та жақындарын жарылқаймын басы дауға қалды. Ақпарат құралдарында жазылған деректерге сенсек, былтыр қыркүйекте Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары «AksuTransLogistic» ЖШС тексереді. Оның бір ғана құрылтайшысы бар, ол - Бақауовтың бауыры. Кәсіпорынның 2014 жылдан 2018 жылдың соңына дейін салықтарды қалай төлегенін тексеріп жатқанын естіген облыс әкімі Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына жағдайдан құлағдар етіп отыруды бұйырған. Прокурордың сөзіне қарағанда, жылдың соңында Бақауов туысқаны 200 миллион теңгеден астам салық төлейтінін біліп, өз өкілеттігін бірнеше рет асыра пайдаланып, тексеріс қорытындыларын жасырып, төлейтін салықты 3-5 миллион теңгеге дейін төмендетуді талап еткен.

Қазір Болат Бақауов үй қамақта отыр.

  1. Асқар Есілов

Елордадағы Байқоңыр ауданының әкімі қызметін атқарған Асқар Есілов те өз жақындарына жақсылық жасаудың «құрбаны» болды. Экс-әкімнің телефон арқылы сөйлескен әңгімелерін тыңдау арқылы, өткен жылдың қараша айында Нұртазин деген жақын туысы оған 4 млн теңге және құны жарты миллион теңгеден асатын «Айфон 11» телефонын сыйға тартқаны мәлім болды. Осындай сый жасау арқылы әкімнің туысқаны көгалдандыру ісі бойынша 72 млн теңгеге жарияланған тендердің жеңімпазы атанған. Кейін тексеру кезінде «Айфон 11» телефоны аудан әкімінің үйінен табылды. Нұртазин қымбат телефонды Есіловке «Есіл» сауда үйінен сатып алып берген екен. Оның кепілдік құжаттарында Нұртазинның аты-жөні көрсетілген.

Асқар Есілов өз кінәсін бірден мойындап, сот оған 15 450 000 теңге, ал Нұртазинге 7 725 000 теңге айыппұл салды.