02 Сәуір, 2010

КҮРЕС КҮНДЕ ЖҮРІП ЖАТЫР

605 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шырайлы Шығыстың сүттей ұйыған алты-жеті аудандарының тұрғындарын бір айға жуық тасқын су үрейлендіріп, мазасын ала бастады. Елбасы Н. Назар­баев сын сәтте шұғыл шешім қабылдап, Үкімет басшысына топан су басқан аймақтарға жедел көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Үкіметтен 849 миллион теңге қаржы су басқан аудандарға бөлінді. Енді, міне, Елбасының тапсырмасына сәйкес 31 наурыз - 1 сәуір аралығында Шы­ғыс Қазақстанға Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Өмір­зақ Шөкеев бастаған топ келді. Биылғы қыс облыс үшін аса қаһарлы болды. Жиі соқ­қан борандар, -53 градусқа дейін­гі аяз­дар, жылдағыдан бір­не­ше есе көп жауған қар, осы­ның барлығы өзінің жағымсыз әсерін тигізбей қойған жоқ. Енді осы мол қар суға айналып, қауіп төндіріп тұр. Нақтыланған мәліметтер бо­йынша бүгінгі күнге дейін облыс аума­ғында 7406 адам қауіпсіз жер­лерге көшірілді. Олардың 6007-сі өз үйлеріне қайта оралды. Судан зардап шеккен аумақтарға 356 тех­ни­ка және 247 адам жұ­мыл­дырылды. Өңірде 1157 тұрғын үйді су алды. Олардың 536-сы бұдан былай пайдалануға жарамайтын баспана. Алдын ала есеп бойынша облыста 16679 қой-ешкі, 2475 бас ірі қара мал, 556 бас жылқы тасқын құрбанына айналды. Топты бастап келген Ө.Шөкеев пен өңір басшысы Б. Сапарбаев тікұшақпен сәрсенбі күні Зайсан қаласына келді. Биыл мұнда қар жылдағыдан бірнеше есе көп жауды. Қардың тез еруі кезінде олардың кесірінен қосымша проблемалар туындауда. Осыны ескере отырып, Өмірзақ Шөкеев Қаратал, Сартерек, Айнабұлақ, Кеңсай, Қарабұлақ ауылдарының су басу қаупі бар учаскелерін, Үйдене су бөгетін және Кендірлік су қоймасын аралап шықты. Сондай-ақ, ол судан зардап шеккен Тасбастау ауылында болды. Мұнда нөпір судан 100 үй ылғалданды, олардың 34-і жөндеуге келмейді. Көшірілген 184 тұрғын мектеп ғимаратына және туған-туыс­та­рының үйлеріне орналастырылды. Атал­мыш өңірге азық-түлік және қажетті заттар түрінде 9 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Зардап шеккен тұрғындарды та­мақ­тандыру, медициналық көмек және заттай қамтамасыз ету ұйым­дас­ты­рылды. Облыста ең көп зардап шеккен Тарбағатай ауданы. Ө. Шөкеев мұндағы Көкжыра, Жантікей ауылдарын аралап, Ақсуат ауылына көшірілген халықпен кездесті. Тұрғындар алаңдаулы, көңіл күйлері пәс, олар жарамсыз болып қалған үйлерін көрсетіп, өлген мал­ға өтем бол ма деген сауал тастады. –Ауыл әкімдері, мал дәрі­герлері өлген әр малға құжат толтырып, акті жасауы тиіс. Себебі, өлген мал саны дәлелденуі керек. Сонда ғана өтемақыны аласыздар. Ал жарамсыз болған үйлерге қаржы бөлінеді,– деді Ө.Шөкеев. Еске сала кету керек, 17 наурызда күн күрт жылынып жылы желдің соғуы кесірінен аудандағы қар тез еріп, төтенше жағдай қа­лып­тасты. 19 мыңнан астам адамға қауіп төнді. Дер кезінде су басудың алдын алу және салдарын жою жөніндегі аудандық штаб құрылды. Құтқару жұмыстарына 510 адам, 55 техника жұмылдырылды. Қызыл-Кесік ауылында 4 тұрғын үйді су шайды, электр стансасы істен шықты, республикалық трассадағы көпір бұзылып, Аягөз ауданымен қатынас үзілді. Осындай жағдай Жантікей ауылында да орын алды. Мұнда 204 үй су астында қалды. 194 үйді жөндеу мүмкін емес. Сонымен қатар, қыстақтар, орта мектеп, мәдениет үйі, ауылдық дәрігерлік амбулатория зардап шекті. Адамдарды құтқаруға 130 қызметкер, 24 техника тартылды. Көкжыра ауылында су басқан 213 үйдің 210-ы адам тұруға жарамсыз. 19 наурызда Жантікей ауылын су баса бастады. 204 үйді, 3 әкімшілік ғимаратты, 2 дүкенді, 12 қыстақты су алды. Бір тәуліктің ішінде ауылдың барлық тұр­ғындары көшіріліп, Ақсуат ауы­лындағы балабақша мен мектепке, Қарғыба ауылындағы мектепке орналастырылды. Көк­төбек ауы­лында да 17 үйді су алып, олар қирады. 478 адам өзге орындарға көшірілді. Өмірзақ Шөкеев пен Бердібек Сапарбаев бастаған топ зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарынан, Өскемен қаласы және Көкпекті ауданынан келген 155 құтқарушы, 47 техникамен танысып, бұл іске ризашылығын білдірді. Алайда бүгінгі күні 26 мыңнан астам халқы бар 36 елді мекенге әлі қауіп төніп тұр. Осындай ауылдардың барлығында жергілікті тұрғындар жұмыл­ды­ры­лып, су басудың алдын алу шаралары атқарылуда, арналар, шлюздер тазалануда. Әзірге Көкжыра, Жантікей ауылдарындағы су әлі тиылар емес. Жалпы аудан бойынша 634 тұрғын үйді су алды. Олардың 416-сын қалпына келтіру мүмкін емес. Республикалық бюджеттен Ойшілік ауылындағы “Жаңа тоған” арнасын тазалау мен жөндеуге, “Тебіске”, “Қарғыба”, “Базар” өзендерінің жа­ғаларын бекітуге 19 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Сол күні Ө. Шөкеев бастаған топ Үржар ауданында болды. Аталмыш өңір негізінен жазық болғанымен мұндағы су қаупі де аз емес. Айталық, былтыр бірнеше елді мекенді су алған. Ал биылғы жылғы қар көлемі бірнеше есе көп. Ең қауіптісі қардың негізгі бөлігі әлі ерімеген де. Аудан әкімі Бауыржан Жанақов топ мүшелерін аудандағы жағдаймен таныстырды. Аудан тұрғындары су тасқынының алдын алуға ерте бастан әзірленіпті. Бейсенбі күні аталған топ Зырян ауданында болды. Мұнда да биыл қардың қалыңдығы 4-5 метрге жеткен. Бірнеше ауылдарды су шаю қаупі бар. Әсіресе, Бұқтырма өзені арнасынан асып, жақын маңдағы ауылдарды шайып кете ме деген қауіп күшейе түскен. Ө. Шөкеев пен өңір басшысы Б. Сапарбаев аудан басшыларына қадау-қадау тапсырмалар берді. Сол күні түстен кейін Ө.Шөкеев төтенше жағдайлар жө­ніндегі облыстық штабтың отырысына қатысып, қоры­тын­ды­ларды шығарды. Ол жағдайдың онша жақсы емес екенін көзбен көр­генін, бірақ сын сәтте тұр­ғындардың іскерлік пен үйле­сім­ділік табуының көп мәселелердің оң шешім табатынына сенім біл­дірді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік материалдық резервтен 300 млн. теңгеден астам соманың тауарлы-материалдық құндылықтары бөлінгенін айтты. Штаб отыры­сында басқа да маңызды мәселелер сөз болды. Мәселен, үйсіз қалған­дарды уақытша баспанамен қам­тамасыз ету, дәрігерлік қызмет көрсету, шәкірттердің білімін одан әрі жалғастыру сияқты жәйттер назардан тыс қалған жоқ. Оңдасын ЕЛУБАй, Шығыс Қазақстан облысы,  Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары.