Білім • 30 Наурыз, 2020

ҚазҰУ-да онлайн оқыту ойдағыдай жүріп жатыр

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Жоғарғы оқу орындары  арасында алғашқылардың бірі болып қашықтықтан оқыту жүйесін бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәрістер, семинарлар мен тәжірибелік сабақтар онлайн режимде өтуде. 

ҚазҰУ-да онлайн оқыту ойдағыдай жүріп жатыр

Бірер күн бұрын карантин жағдайында білім ордасының қашықтықтан оқыту жүйесімен танысу мақсатында университетке «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі Қайыржан Токушев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Елнар Игиликов арнайы барған. Бұл туралы оқу ошағының баспасөз қызметі хабарлады. 

Қонақтар қашықтықтан басқару орталығында болып, ондағы оқу жүйесі, шаруашылық және басқа да ЖОО қызметтерінің бақылану жай-күйін көрді. Сапар барысында олар сондай-ақ, қашықтықтан білім беруді ақпараттық сүйемелдеу орталығының жұмысымен танысты. «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі карантин ережелерін сақтауға және кітап оқу мен өз білімін жетілдіруге қолайлы уақытты пайдалануға кеңес берді. 

ҚазҰУ 16 наурыздан бастап «Универ» (univer.kaznu.kz) және «MOODLE» (dl.kaznu.kz) сынды екі ақпараттық-білім беру жүйесіндегі қашықтықтан білім беру технологияларын (ҚОТ) енгізді. Оқыту барысында ZOOM, Teams, DL және басқа да қосалқы цифрлық сервистер қолданылады. 

ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов атап өткендей, университеттің дамыған IT-инфрақұрылымы бүгінде 16 факультеттің барлық студенттерін қашықтықтан оқытуды қамтуға мүмкіндік береді. Университеттің үш құрылымы қашықтықтан оқытуды жүргізуде жетекшілік етеді. Мәселен, «Универ» жүйесінде оқу үрдісінің барлық қызметін бақылауға болады. ЖБО қызметкерлері әр оқытушының кестесін бақылайды және нақты уақыт режимінде сабақтарды тексере алады. 

Бүгінде ҚазҰУ Студенттер үйінде де елдегі төтенше жағдай салдарынан орын алған бұқаралық іс-шаралар мен кездесулер өткізу тоқтатылды. Барлық студенттік жатақханаларда СОVID-19 алдын алу бойынша ақпараттық парақшалар мен стендтер ілінді, және дезинфекциялау құралы бар дозаторлар орнатылды.