Коронавирус • 31 Наурыз, 2020

Сырттан жұқтырғандар басым

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыда эпи­де­миялық жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Карантинге алынған індет ошақтарынан шектеу шаралары алынып жатқанына қарамастан, олар­дың қатары қайта толығып жатыр.

Сырттан жұқтырғандар басым

Дегенмен, бір жайтқа назар аудар­­ған жөн. Алматыда коронавирус жұқ­тырған тұрғындардың 97 па­йызы сырттан жұқтырып келген. Бұл ту­ралы кезекті онлайн-брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова хабардар етті.

Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың 3 пайызы ғана Қазақстанда жұқтырған. «Осы уақыт аралығында 13 наурыздан бастап індеттің өршуі 3 рет байқалды.

5-ші күні – тәулігіне 9 адам, 15-ші күні – 16 адам, 18-ші күні 10 адам тіркелген. Талдау нәтижелеріне сәйкес 73 адамның 97 пайызы сырттан жұқтырып келгені анықталды. Басқа елден келген 26 адам келесі күні-ақ 45 адамға жұқтырған. Ал­матыда жұқтырған 2 науқастың ғана байланыста болған адамдары санаулы», дейді бас санитар.

Қалалық бас санитар инфекция көбіне қай елдерден келгенін былайша жіктеді: «Ауырғандардың 40%-ы – Мәскеуден, 23%-ы – Берлин – Ал­маты рейсімен, 20%-ы – Санкт-Пе­тер­бург – Алматы рейсімен, 17%-ы Минск – Алматы рейсімен келгендер».

Айзат Молдақасымованың ай­туынша ауырғандар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған. Олардың көпшілігі – 30-39 жас, одан кейін­гі­лері – 20-29 жас ара­лы­ғында, үшін­ші топқа 50-59 жастағы адамдар кіреді. Алматыда коронави­рус жұқ­тыр­ғандардың 62,5%-ы – әйел­дер, 37,5%-ы – ерлер.

– Бүгінге дейін Алматыда коро­навирус инфекциясын жұқты­рудың 73 жағдайы тіркелді, соның жетеуі сауығып, үйіне шықты, – деді онлайн-брифингте қалалық Қо­ғам­дық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Дүйсенбі күнгі мәлімет бойынша Қа­лалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан емделіп жатқан 66 пациент бар. Жаңадан анықталған 6 адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск-Алматы рейсімен және біреуі осы күні Ыстанбұл-Алматы рей­сімен ұшып келді. Емдеуге жат­қызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге. 58 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ересек науқастың жағдайы ауыр, 6 ересек адам мен 1 баланың денсаулығы орташа ауыр. Провизорлық орталықтарда 1046 адам бар, оның ішінде 102-сі бала. Алматыдағы провизорлық орталықтар саны алтыға дейін көбейгенін атап өту қажет. Бұған дейін 4 орталық болды. Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді.

Қазір 419 азамат карантиндік оқшаулауда жатыр. Бұл шетелден келген адамдар. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылуда. Рейстен түскеннен кейін олардан бірден COVID-19-ға талдаулар алынуда. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі.

 

АЛМАТЫ